«Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы» ашылды

Қысқаша

«Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы» ашылды

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай, білім ордасы аймақтың дамуына серпін беретін 30 жобаны қолға алды. 12-ші сәуір ғылым саласы қызметкерлерінің күні аталған жобалардың бірі– «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының» салтанатты ашылу рәсімі  өтті.

278762329_1620298371687925_8787476894521014364_n.jpg

Ғылым саласы қызметкерлері мерекесі және университеттің 30 жылдығы аясында оффлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған орталықтың ашылу рәсіміне университет ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Женгиз Томар, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты және Өкілетті елшісі Моника Иверсон, Солтүстік Македонияның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты және Өкілетті елшісі Сали Лимани, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі м.а. және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен, ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік офисінің өкілі Ербол Спатаев, Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілдері қатысты. Алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова тұрақты өсу мен даму параметрлері экономиканың ең негізгі көрсеткіштері екенін атап өтті.  

– 2050 жылы әлем халқының саны 9 миллиардқа жететінін ескерсек, қазіргі өсу мен өркендеуге ұмтылуымызбен қатар, болашақ ұрпаққа өмір сүруге қолайлы дүние қалдыруды да ойластыруымыз керек. Адам өмірінің қажеттіліктері мен табиғи ресурстардың тұрақтылығы арасында теңгерім жасап, болашаққа сәйкес келетін жоспарлауды жасауымыз қажет. Яхмет Ясауи университеті тұрақты болашақты құрудағы рөліміз бен жауапкершілігімізді түсіне отырып, тұрақты дамуды жуырда ғана қабылданған жаңа 2026 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламамызда басты басымдығымыз ретінде анықтадық. Осының дәлелі ретінде Тұрақты-даму ғылыми-зерттеу орталығын ашып отырмыз, – деді ректор.

– Адамзат пен табиғат арасындағы белсенді байланыс экожүйенің бұзылуына әкелді, олардың көпшілігі қайта қалпына келмейді. Осы секілді қоғамдағы барлық мәселелер БҰҰ күн тәртібіндегі басты басымдықтарына айналды және бұл COVІD-19 пандемиясы кезінде бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Қоғамдағы мәселелерді шешу біздің университетіміздің басымдығына айналуы тиіс деп санаймыз. Орталық 2015 жылы БҰҰ-мен қабылданған Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі шаралар және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жаңа ізденістер-зерттеулер жүргізіп, сонымен бірге олардың нәтижелерін қолданысқа енгізумен айналысатын болады. Орталық Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға және бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болуына елеулі үлес қосады деп сенемін!  Айта кетейік, Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) – бұл кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы тұруға, жер шарын қорғауға және барлық адамдар үшін бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз етуге бағытталған әлемде қабылданған мақсаттар. 2030 жылға дейін 17 негізгі бағыттар таңдалды, олардың жүзеге асырылуы елді өмірдің барлық негізгі салаларының тұрақты дамуына және осы әлемдегі әрбір адамға қатысты жаһандық мәселелерді шешуге жетелейді.   

Орталықтың ашылуына орай, арнаған құттықтау сөзінде БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш алға қойылған мақсаттарды іске асыруда университеттердің рөлі зор екенін атап өтті. 

«Бүгін біз тұрақты даму орталығының ашылуына ғана емес, сонымен қатар басқа мекемелер үшін керемет үлгі болатын және тұрақты даму саласындағы зерттеулер мен білімнің әлеуетін дамытуға ықпал ететін институционалдық трансформацияға куә болып отырмыз. Университеттер тұрақты дамудың болашақ көшбасшыларын дайындауға және қалыптастыруға жауапты. ТДМ-ны оқу бағдарламаларына біріктіріп, студенттерге қажетті білім мен дағдыларды бере отырып, бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге өз үлестерін қоса алады», – деді Якуп Бериш. 

Ал Солтүстік Македонияның Қазақстандағы Тұрақты және Өкілетті елшісі Сали Лимани Ахмет Ясауи университетінің Солтүстік Македониядағы университеттермен сапалы және жемісті ынтымақтастығын бастау өзі үшін мәртебе екенін атап өтті. Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов орталықтың ашылуы арқылы халықаралық университетпен серіктестік қарым-қатынас одан әрі нығая түсетінін айтты. 

«Сол себептен де осындай орталықтардың білім ордасында құрылуы, әсіресе маңызды. Бұл бір жағынан бүгінгі зерттеулерді қамтамасыз етсе, екінші жағынан білім алатын студенттердің дүниетанымы мен көзқарастарын қалыптастыруға және олардың тек қазақ айтқандай «Атаның баласы емес, адамзаттың баласы болуға тәрбиелейді». Бұған дейін Хаб және Университет ашық лекциялар, мемлекеттік жазғы басқару сынды бірнеше бірлескен жобаларды іске асырып келді. Осыны есере келе Астана мемлекеттік қызмет хабы жаңа құрылған орталықпен нақты жобаларды іске асыруға дайын», – деді Алихан Байменов. Ал Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Мерейлім Каленова орталықтың ашылуы, әсіресе студенттер үшін үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек етті. Салтанатты іс-шара барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры өзара түсіністік жайлы меморандумға қол қойды. «Менің ойымша, аталмыш құжат және бүгінгі басқосу түрлі іс-шаралар мен бірлескен жобалар шеңберіндегі ынтымақтастығымыздың тамаша бастамасы болады», – деді Мерейлім Каленова. 

Сондай-ақ орталықтың ашылу рәсімі аясында «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ТДМ-ын аймақта ілгерілетудегі рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шемсеттин Чиғдем жүргізген басқосуда БҰҰДБ-ның Қазақстандағы өкілі Заур Ибрагимов, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің өкілі Ербол Спатаев, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасының кеңесшісі Махсут Утешев және Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Мерейлім Каленова баяндама жасап, БҰҰ ТДМ-ын жүзеге асырудағы тәжірибесімен бөлісті. Сарапшылар, әсіресе, мемлекеттік басқару, саяси сауат, сапалы білім беру, инфрақұрылым, урбанизация туралы сөз қозғады.  

Орталықтың жұмыс бағытын тағы бір рет түсіндіріп, жиынды қорытындылаған университет ректоры Жанар Темірбекова қонақтарға, университет ұжымы мен студенттерге алғысын білдірді. «БҰҰ қабылдаған 17 Тұрақты даму мақсатының бәрі біздің университетімізге қатысты деуге болады. Егер біз кафедрадан бастап, университет деңгейінде осы ТДМ аясында жұмыс істейтін болсақ, өңірімізге, елімізге, жалпы қоғам мен Табиғат-Анамызға пайда әкелетініміз сөзсіз. Бүгінгі шараға қатысып отырған барлық халықаралық ұйымдар да бізді қолдайды. Бұл оқытушыларымыз үшін де, студенттеріміз үшін де үлкен мүмкіндік болмақ. Сіздерге түрлі жобаларға қатысып, гранттарды жеңіп алуға жол ашылады», – деді ректор. Сондай-ақ Жанар Темірбекова оқытушылар мен студенттерді орталық жұмысына белсене қатысуға шақырды.  

Айта кетелік, университетте бұл күндері бірқатар іргелі іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Географиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарас» тақырыбында география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі. Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, әдіскерлер мен педагогтер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, біліктілікті арттыру институтының мамандары қатысқан съезде Қазақстан географиясын мектепте оқытудың өзекті мәселелері және географиялық ғылым мен білімді дамыту жолдары талқыланды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген география пәнінің педагогтары 4 секция жұмысына қатысып, саладағы проблемаларды ортаға салды. Ал пленарлық мәжілісте съезд қарары қабылданды.  

Ауқымды шараға арнайы келген вице-министр Шолпан Каринова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстанды» құрудағы мұғалімдердің рөлін атап өтті. Съезге келген барлық қатысушыларға және ұйымдастырушыларға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің алғысын жеткізді. Басқосуда айтылған барлық мәселелер мен ұсыныстар жан-жақты қаралып, белсенді жұмыс жүретінін айтты.  

Ғ. ЗАҢҒАР, 

"Рейтинг" газеті, сәуір, 2022 ж