Жастар академикпен кездесті

Қысқаша

Академик өз туындысын университет кітапханасының қорына тарту етті.

Screenshot_16.png

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университеті 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлерімен кездесу ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Кезекті келелі кездесу ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Кәрімбек Құрманалиевпен өтті.

Белгілі ғалым университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне арнап ҚР Тұңғыш Президенті- Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының өзегі - адами капиталды дамытудағы ерен еңбегі туралы әңгімеледі. Елбасының білім саласындағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолға алған бірегей жобасы – «Болашақ» бағдарламасының қабылдану тарихына тоқталып, әлемдік университеттерде білім алған жаңа тұрпатты жас кадрлардың еліміздің әлеуметтік- экономикасының дамуына қосып жатқан мол үлестеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ, кездесу барысында профессор ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған өзінің академиктер туралы жазылған «Тіл және Тұлға» кітабының таныстырылымы өтті. Академик өз туындысын университет кітапханасының қорына тарту етті.

"Біздің Тәуелсіздігіміз Елбасының ерен еңбегімен өлшенетіні белгілі. Қазір Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғымға айналды. Елбасы білім мен ғылымға, мәдениетке ерекше көңіл бөлген жан. Бүгінгі және келер ұрпақ Н.Назарбаевтың өмір жолы мен қызмет жолын білуі тиіс",- дейді академик. 


    A+
Уақыты: 2021-12-03  Айдарша: Өңір
TAG: