Тіл оқытудағы заманауи формат цифрлық технологияларға негізделуі тиіс

Қысқаша

Тіл оқытудағы заманауи формат цифрлық технологияларға негізделуі тиіс

«Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді.

117512.png

Бұл заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл - қазақ тілі.Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамамызға сәйкес, оның қолданылуына кедергі жасауға болмайды», - деді Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында. Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс екенін айтты. Алайда, біз тілді қаншалықты деңгейде үйрете алып жүрміз? Қазіргі заман талабы қандай? Қаншама жылдарды артқа тастап, тіл оқытуда белсенді әдіс-тәсілдерді қолданып жүрсек те, сылтауымыз таусылар емес. Бұған көпшілік келіссе керек. Жөн, неден қателісіп отырмыз? Қолданған тәсілдеріміз қазіргі жастарды жалықтырып қоймады ма екен? Сан сұрақтың жауабын ғалымдар топшылауымен өрбітейік. Мәселен, тілді оқытудағы заманауи форматтар қандай? Тіл оқытудағы заманауи форматтар – бұл жаттау мен теорияға емес, нақты қарым-қатынасқа, цифрлық технологияларға және оқушының жеке қарқынына негізделген тиімді тәсілдер.

Бүгінгі таңда «тілді қалай оқыту керек?» деген сұрақтың жанына «тілді бүгінгі адам қалай қабылдайды?» деген екінші сұрақ қосылды. Себебі қазіргі білім алушы ақпаратты тек оқулықтан қабылдамайды: ол бейне көреді, дыбыс тыңдайды, цифрлық ортада қарым-қатынас жасайды, ақпаратты салыстырады және қысқа уақытта бірнеше дереккөзбен жұмыс істейді. Осы өзгеріс тіл оқыту әдістемесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Ғалымдар топшылауының алдында қысқаша түсіндірсек,  қазақ тілін оқытудағы заманауи форматтар технологиялардың жиынтығы ретінде емес, оқыту философиясының өзгеруі тұрғысынан болмақ. Отандық ғылыми еңбектерге теориялық-талдамалық шолу жасалып, цифрлық тапсырмалар, геймификация, жасанды интеллект, микрооқыту, аралас оқыту және тілдік симуляция сияқты форматтардың мүмкіндіктері беріліп отыр. Осыған байланысты қазақ тілін оқытуда «технологияға негізделген сабақтан» «әрекетке негізделген сабаққа» көшу қажеттігі негізделеді. Бір қарағанда, тіл үйретудің мақсаты өзгерген жоқ: адам басқа адамды түсінуі, ойын жеткізуі және тілдік нормаларды сақтай отырып қарым-қатынас жасай алуы керек. Алайда осы мақсатқа апаратын жол түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын білім алушыға жаңа сөзді бірнеше рет жазу, ережені жаттау, мәтінді қайталап оқу жеткілікті саналған кезең болды. Қазір ақпаратты жаттап алу емес, оны белгілі бір жағдайда қолдану маңызды. Қазіргі білім алушы «Бұл сөздің мағынасы қандай?» деген сұрақпен ғана шектелмей, «Осы сөзді қай жерде, кіммен және қандай жағдайда қолданамын?» деген сұраққа жауап беруі қажет. Сондықтан заманауи тіл оқыту мәселесін тек компьютер, мобильді қосымша немесе жасанды интеллект арқылы оқыту деп түсіндіру жеткіліксіз. Негізгі өзгеріс технологияда емес, білім алушының сабақтағы рөлінде жатыр. Бұл ұстаным қазақ тілін оқыту үшін ерекше маңызды. Себебі қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгеріп жүрген білім алушыға тіл туралы ақпаратты білу жеткіліксіз; ол сол тілді нақты ортада пайдалана алуы керек. Ол үшін төмендегі талдауларға назар аударайық:

1. Заманауи формат дегеніміз не?

«Заманауи формат» деген ұғымды көбінесе жаңа технологиялардың атауымен теңестіріп,  тіл оқытуда жиі қателіктер жіберіп отырады. Мысалы, оқытушы сабақта белгілі бір тақырыпта презентация қолданса, сабақ автоматты түрде заманауи болып кетпейді. Сол сияқты онлайн тест қолдану да өздігінен жаңа әдістеме болып саналмайды.Заманауи форматтың негізгі айырмашылығы – білім алушының оқу әрекетінде. Бұл жерде білім алушы дайын ережені қабылдаушы емес, тілдік шешім қабылдаушы тұлғаға айналуы тиіс. Мысалы, «Бұйрық рай» тақырыбын оқыту кезінде ережені жаттатумен шектелудің орнына білім алушыға «Әріптесіңізге жұмыс тапсырмасын түсіндіріңіз», «Өткізілетін іс-шараға  бағыт беріңіз» деген жағдаяттар ұсынылады.Осы тұрғыда грамматика мақсат емес, қарым-қатынас құралына айналады.

2. Қазақ тілін оқытудағы «тілдік симуляция» форматы

Заманауи тіл оқытудың қызықты бағыттарының бірі – тілдік симуляция. Симуляция дегеніміз – білім алушыны шынайы өмірге ұқсас тілдік ортаға енгізу. Мысалы, дәрісханада «Жұмысқа қабылдау сұхбаты», «Театрда», «Көшеде», «Деканатта» сияқты жағдайлар модельденеді. Білім алушы сол ортада белгілі бір рөлді атқарады. Бұл тәсілдің ерекшелігі – білім алушы сөзді жеке-жеке емес, тұтас коммуникациялық контексте меңгереді. Мәселен, «өтініш», «құжат», «өткізу», «атқару» сияқты сөздерді тізіп жаттағаннан гөрі, екі адам арасындағы диалогты ұйымдастыру арқылы осы сөздердің табиғи қолданысын көрсету тиімдірек.

3. Микрооқыту: үлкен тақырыпты шағын әрекетке бөлу

Қазіргі ақпараттық ортада адамның назарын ұзақ уақыт бір нысанда ұстап тұру қиындады. Осы жағдай тіл оқытуда микрооқыту форматын қолданудың өзектілігін арттырады. Бұл тәсілде бір сабақтың мазмұны шағын оқу әрекеттеріне бөлінеді. Мысалы, әр бес минут сайын жаңа сөз, тыңдалым, сөйлем құрау, диалог, кері байланыс жасау сөздік қорды қайталауда тиімді рөл атқарады. Мәселен, бір күнде 40 жаңа сөзді жаттаттырғаннан гөрі, күн сайын 5-7 сөзді нақты жағдаятта қолдануға мүмкіндік береді, әрі есте сақтауды шыңдайды және белсенді сөздік қорды қалыптастыруға бағыттайды.

4. Геймификация: ойынды емес, әрекетті ұйымдастыру

Геймификация қазіргі тіл оқытуда жиі қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Бірақ оны жай ғана «ойын ойнау» деп түсіндіру дұрыс емес. Геймификацияның мәні — білім алушының оқу әрекетіне ойынға тән элементтерді енгізу. Мысалы, деңгейлер,  ұпай, миссия, уақыт шектеуі, марапат, командалық жарыс, жетістік белгілері, тапсырмалар тізбегі. Қазақ тілін оқытуға арналған қазіргі зерттеулерде геймификацияның тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын дамытуға қолданылуы қарастырылып келеді. Қазақстанда қазақ тілін үйретуге арналған «Steppe Rider» ойынының әзірленуі де осы бағыттың практикалық көрінісі. Ойын 6-25 жас аралығындағы пайдаланушыларға қазақ тілінің A1- A2 деңгейлерін меңгертуге және ұлттық мазмұндағы ойын кеңістігін қалыптастыруға бағытталған. Бұл жерде назар аударатын мәселе – қазақ тілін ойынға жай орналастыру емес, ойын механикасының тілдік мақсатқа қызмет етуі.

5. Жасанды интеллект: дайын жауаптан тілдік серіктеске дейін Жасанды интеллект тіл оқытудағы ең жаңа бағыттардың бірі болып отыр. Бірақ оны «оқушының орнына тапсырма орындаушы» ретінде пайдалану тіл үйрену сапасын арттырмайды. Керісінше, жасанды интеллектті тілдік серіктес ретінде қолдануға болады. Мысалы, білім алушы:

– AI-мен қазақша диалог жүргізеді;

– белгілі бір тақырып бойынша сұрақ қояды;

– өз мәтінін тексеруге береді;

– грамматикалық қатесін анықтайды;

– бір ойды бірнеше стильде қайта құрастырады;

– ресми және бейресми тілдің айырмашылығын салыстырады.

6. «Қате жасауға болатын қауіпсіз орта»

Тіл үйренудегі ең үлкен кедергілердің бірі – қателесуден қорқу. Білім алушы сөзді білсе де, сөйлеуге қиналуы мүмкін. Себебі қате айтып қоюдан, басқалардың алдында ыңғайсыз жағдайға түсуден қорқады. Заманауи форматтардың маңызды мүмкіндіктерінің бірі – қателесуге болатын қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыру. Мұндай ортада:

қате – жазалау емес;

қате – кері байланыс;

қате – түзету;

қате – қайта қолдану қағидаты қалыптасады. Бұл әсіресе сөйлесім дағдысын дамытуда маңызды. Мысалы, оқытушы «дұрыс емес» деп бірден тоқтатудың орнына, білім алушының ойын толық жеткізуіне мүмкіндік беріп, кейін тілдік қатені бірге талдай алады. Осылайша тіл үйрену бағаланудан бұрын әрекетке айналады.

7. Қазақ тілін оқытудағы жаңа модель: «1 сабақ – 1 өнім»

Заманауи сабақтың нәтижесін тек тест балымен өлшеу жеткіліксіз. Сондықтан қазақ тілі сабағында «1 сабақ – 1 өнім» қағидатын енгізуге болады. Әр сабақтың соңында білім алушы нақты бір тілдік өнім жасайды:

– қысқа аудио;

– диалог;

– хабарлама;

– электрондық хат;

– шағын бейнеролик;

– пікір;

– әлеуметтік желідегі жазба;

– ресми өтініш;

– қысқа презентация.

Мысалы, «Ресми стиль» тақырыбында білім алушы ережені жаттап шықпай, университет басшысына ресми өтініш жазады. «Ауызекі сөйлеу стилінде» досымен диалог жасайды. Осылайша сабақ соңында білім алушының қолында теория емес, қолданылған тілдің нақты нәтижесі қалады.

Қорыта келе, тіл оқытудағы заманауи форматтарды тек цифрлық технологиялардың жиынтығы ретінде қарастыру жеткіліксіз.Қазіргі тіл оқытудағы негізгі өзгерістердің бірі – білім алушының оқу үдерісіндегі рөлінің өзгеруі. Яғни, қазақ тілін оқытуда заманауи форматтардың маңыздылығы мен тиімділігі  білім алушының ереже арқылы тілді  меңгергенімен емес, сол тілді қаншалықты деңгейде еркін қолдана алуымен өлшенуі керек. Сол үшін қазіргі заманғы жаңа технологиялармен бірге тілдік жағдаят тудырып, тіл үйренушінің әрекетін белсендіріп, кері байланыс алып, заманауи тілдік орта қалыптастыру қажет. Бұл жердегі маңызды нәрсе – технологиямен шектелмеу, керісінше тілдік әрекет жасау. Келешектегі қазақ тілі сабағында «оқытушы  не түсіндірді?» деген сұрақпен емес, « білім алушы қазақ тілінде не істей алады?» деген сұрақпен бағалануы керек. Сонда ғана тілді меңгерту тетіктерін дұрыс жолға қоя аламыз.

Ақтолқын  Жамантаева,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,

Тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі, п.ғ.м.