Шымкент қаласында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Осы мақсатта Арбат алаңында «Халық заңгері» республикалық акциясы ұйымдастырылып, қала тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берілді.
Азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге жергілікті атқарушы органдар мен қалалық басқармалардың өкілдері, прокурорлар, адвокаттар, заң консультанттары, жеке сот орындаушылары және өзге де сала мамандарын қоса алғанда, 40-қа жуық заңгерлік бағыттағы маман қатысты.
Акция барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандарға тікелей жүгініп, заңнама талаптары мен мәселені шешудің құқықтық жолдары жөнінде кеңес алды. Бір алаңда бірнеше мемлекеттік орган мен құқық саласы өкілдерінің бас қосуы азаматтарға қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік берді. Қабылдау кезінде тұрғын үй және жылжымайтын мүлік мәселелері, құжаттарды рәсімдеу, алимент өндіру, жер даулары, әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ алаяқтық, кибералаяқтық және дропперлікке қатысты сұрақтар жиі көтерілді.
– Шымкент тұрғындары түрлі мәселелер бойынша жүгінеді. Алайда ең көп қойылатын сұрақтар тұрғын үй және жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдеуге қатысты. Сондай-ақ, кибералаяқтық, алаяқтық және дропперлік мәселелері де жиі көтеріледі. Өйткені қазір бұл өте өзекті тақырыптар және адамдар мұндай жағдайларға жиі тап болады. Бұдан бөлек, алимент өндіруге көмек сұрап жүгінетіндер бар.
Кейбір азаматтарға барлық құжаттарымен аудан прокуратурасына келуді ұсынамыз. Сол жерде туындаған мәселелерді нақты әрі жан-жақты қарастыруға мүмкіндік бар. Бір күннің өзінде аудан прокуратурасына түрлі мәселелер бойынша шамамен 30 адам жүгінеді, – дейді Әл-Фараби ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Мерей Айжанова.
Акция барысында тұрғындарға тек құқықтық кеңес беріліп қана қоймай, мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларына қатысты да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары мен үйлерге жақын аумақта кәсіпкерлік нысандарын салуды жоспарлаған азаматтар арасындағы жер дауларына қатысты мәселелер де талқыланды.
«Халық заңгері» акциясы бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық білімін арттыру, заң талаптарын түсіндіру және білікті заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету. Мұндай шаралар Шымкентте «Құқықтық сананың деңгейін арттыру» бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызды бөлігі саналады. Азаматтардың өз құқықтарын білуі, заң талаптарын түсінуі және мәселені заң аясында шешу тетіктерін меңгеруі – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі.
«Халық заңгері» акциясының тағы бір артықшылығы – тұрғындарға әртүрлі мекемелердің табалдырығын тоздырмай, бір алаңда бірнеше сала маманынан қажетті кеңесті тегін алуына мүмкіндік берілуі. Мұндай ашық форматтағы кездесулер халықтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.




