Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық санасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Бұл бағыттағы міндеттер ведомствоаралық өзара іс-қимыл, профилактикалық шаралар, заманауи технологияларды пайдалану және халықпен тікелей түсіндіру жұмыстарын қатар қамтиды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында қоғамдық қауіпсіздікке қатысты төрт негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2024–2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестік негізінде қамтамасыз ету тұжырымдамасының орындалу барысы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымының жай-күйі, сондай-ақ көші-қон саласындағы ахуал талқыланды.
Қаладағы криминогендік жағдай тұрақты және бақылауда. Сегіз айдың қорытындысы бойынша жалпы қылмыс деңгейі 6%-ға төмендеген. Ұрлық, тонау, интернет-алаяқтық және қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны азайған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 16,7%-ға төмендеді.
Қоғамдық қауіпсіздік тек қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмейді. Басты басымдықтардың бірі – құқық бұзушылықтың себептерін ерте анықтап, оның алдын алу. Осы ретте Шымкентте құқықтық сананың деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да басымдық берілуде. Бұл бағыттың өзегінде заңның үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары тұр. Азамат өз құқығы мен міндетін жақсы білген сайын, заң талаптарын сақтауға және құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамауға бейім болады. Сондықтан тұрғындармен кездесулерде құқықтық сауаттылық, интернет-алаяқтықтан сақтану, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп мәселелері түсіндіріледі. Шымкентте тұрғындармен өткізілген кездесулердің бірінде де құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастарды «жеңіл табыс» схемаларынан және азаматтарды алаяқтықтан қорғау мәселелеріне назар аударылған.
«Заң мен тәртіп» топтастырылған нарративі аясында қоғамда кез келген заңбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру маңызды. Бұл ұстаным ұсақ болып көрінетін құқық бұзушылықтарға да бейжай қарамауды көздейді. Қоғамдық орында тәртіп бұзу, қоқыс тастау, тыныштықты бұзу, абаттандыру талаптарын сақтамау сияқты әрекеттердің жолын кесу – жалпы қауіпсіз орта қалыптастырудың бір бөлігі. Шымкентте нөлдік төзімділік қағидаты бойынша рейдтік және профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіледі.
Өткен бір апта көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалада 366 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 32 азамат қоқысты белгіленбеген орындарға тастағаны үшін, 334 азамат абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, түнгі тыныштықты бұзған 81 тұлғаға қатысты әкімшілік шара қабылданды.
Есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Қала аумағында есірткіге қатысты 378 граффити мен жазу жойылды. Заңсыз жарнама фактісі бойынша бір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылуда. Шымкент қаласы Полиция департаментінің арсеналында 10-нан астам дрон бар. Олар қала аумағын әуеден бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және жол қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді. Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері дрондардың көмегімен 8 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 800-ге жуығы жол қауіпсіздігі саласына, 3 700-ге жуығы қоғамдық қауіпсіздік бағытына қатысты. Мұндай технологиялар бақылау аумағын кеңейтіп қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жедел жүргізуге мүмкіндік береді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу да осы жүйенің маңызды бөлігі. Шымкентте бұл бағытта полиция, әлеуметтік қорғау органдары және басқа да мүдделі ұйымдардың қатысуымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Негізгі міндет – зорлық-зомбылық фактісін тіркеумен ғана шектелмей, оның алдын алу және қауіп төнген отбасыларға дер кезінде көмек көрсету.
Қоғамдық қауіпсіздіктің тағы бір маңызды бағыты – жолдағы тәртіп. Жол қозғалысы ережелерін сақтау, қауіпті учаскелерді бақылау, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта да бейнебақылау мен дрондар сияқты заманауи технологиялардың мүмкіндігі пайдаланылуда.
Отырыс қорытындысымен жауапты мемлекеттік органдарға қаладағы қоғамдық және жол қауіпсіздігін күшейтуге қатысты тиісті тапсырмалар берілді. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың салдарымен күресу емес, себептерін болдырмау және қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру.
Заңды құрметтеу, құқық пен міндетті білу, кез келген тәртіп бұзушылыққа немқұрайлы қарамау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Сондықтан Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамдық өмірдің барлық саласында орнықтыру, тұрғындардың құқықтық санасын арттыру және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.




