Азаматтың өз құқығы мен міндетін білуі – құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі. Заң талаптарын сақтау тек жауапкершіліктен қорқумен өлшенбейді.

Ол адамның құқықтық санасына, заңға деген құрметіне және өз әрекетінің қоғамға тигізетін әсерін түсінуіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтарға заң аясында көмек көрсету бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Шымкент қаласында «Құқықтық көмек» жобасы аясында азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беруге бағытталған кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Әділет департаменті хабарлады. Басты мақсат – тұрғындардың құқықтық мәселелерін тыңдап қана қоймай, оларды қолданыстағы заңнама шеңберінде шешудің жолдарын түсіндіру, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктері туралы білімін кеңейту.
Қоғамдық қабылдауға «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Е.Байқонысов, адвокат А.Муталипов, Қазақстандық заң консультанттары палатасының заң консультанттары М. Жумабаева мен Л.Биболова қатысты. Қабылдауға келген тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, құқық саласының мамандарынан жеке кеңес алды. Кездесу барысында әрбір өтініштің мән-жайы қаралып, азаматтарға қолданыстағы заң нормалары түсіндірілді. Мамандар мәселелерді шешудің заңды тетіктеріне тоқталып, қандай жағдайда қай мемлекеттік органға немесе құқық қорғау институтына жүгіну керектігі жөнінде кеңес берді. Мұндай қабылдаулардың бір ерекшелігі – азаматқа дайын жауап берумен шектелмей, оның өз мәселесін заң талаптары негізінде шешу жолын түсіндіруінде.
Құқықтық сананы қалыптастыру да дәл осыдан басталады. Адам өз құқығын білгенде ғана оны заңды жолмен қорғай алады. Ал өз міндетін түсінген азамат қоғамдық тәртіпті сақтаудың, өзге адамдардың құқығы мен бостандығын құрметтеудің маңызын тереңірек сезінеді. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру – тек заңгерлердің немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ іс.
Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың әртүрлі әлеуметтік тобына қолжетімді болуы тиіс. Осыған байланысты Шымкент қаласының Әділет департаменті құқықтық көмек көрсету жұмыстарын түрлі ортада жалғастырып келеді. Соның бір мысалы – Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №78 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдерге ұйымдастырылған тегін құқықтық кеңес беру шарасы. Мұнда да негізгі назар азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және өз құқықтарын заң аясында қорғаудың мүмкіндіктерін түсіндіруге аударылды.
Кездесу барысында сотталған азаматшалар өздерін толғандырған құқықтық мәселелерін мамандарға қойып, нақты жауаптар алды. Оларға қолданыстағы заңнама талаптары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік-құқықтық мәселелерді шешу жолдары түсіндірілді. Адамның құқықтық санасының деңгейін арттыру оның қоғамға қайта бейімделуіне, заң талаптарын дұрыс түсінуіне және болашақта құқық бұзушылыққа жол бермеуіне де ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.




