Шымкентте түн жамылып, қоғамдық жолды автожарыс алаңына айналдырғысы келген жүргізушілердің әрекеті мәремен емес, әкімшілік жауапкершілікпен аяқталды.

Қала аумағында көше жарысын ұйымдастыруға әрекет жасаған азаматтардың жолын полиция қызметкерлері дер кезінде кесті. Оқиғаға қатысы бар екі автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, құқық бұзушылардың қатарында Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғыны Альакбар Абдилазимов пен 32 жастағы Нұрболат Әбдіманап бар. Сот қаулысымен екі азамат 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Көше жарысы сырт көзге көңіл көтерудің немесе көліктің мүмкіндігін сынаудың бір түрі болып көрінуі мүмкін. Алайда қоғамдық жол – жеке адамның тәуекелге барып, жылдамдық жарысын ұйымдастыратын орны емес. Бұл жолды күн сайын жүздеген, мыңдаған адам пайдаланады. Бір жүргізушінің жауапсыз әрекеті өзге көлік жүргізушілерінің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал.
Мұндай жағдай Шымкентте алғаш рет болып отырған жоқ. Қалада бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, көлікпен қауіпті маневр жасаған жүргізушілер де анықталып келеді. Соның бірі – 20 жастағы Эльяр Касымжанов. Ол автокөлікпен дрифт жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Сот қаулысымен азамат 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Оның автокөлігі де арнайы тұраққа қойылды. Бұл жерде мәселе тек айыппұлда немесе бірнеше тәулікке қамауға алынуда емес. Ең бастысы – қоғамдағы қауіпсіздік мәдениеті мен заңға деген көзқараста. Көлік жүргізу адамның жеке еркіндігімен қатар, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Жүргізуші жолға шыққан сәттен бастап өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың өміріне жауап береді.
Еліміздің Ата заңында әркімнің Конституция мен заңдарды сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті екені нақты көрсетілген. Демек, заң талаптарын сақтау – тек жазадан қорқу емес, азаматтық мәдениеттің негізгі өлшемдерінің бірі. Өз құқығын білу қаншалықты маңызды болса, сол құқықпен қатар өз міндетіңді түсіну де соншалықты маңызды.
Жолдағы тәртіп те осы қағиданың бір бөлігі. Қоғамдық жолда жылдамдықты әдейі арттыру, дрифт жасау, бірнеше көлікпен жарысу, жолды бөгеп тастау немесе қауіпті маневрлер арқылы жұрттың назарын аудару «ерлік» немесе «ерекше шоу» емес. Мұндай әрекет кездейсоқ қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін.
Шымкент қаласында жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 9 кортеждің жолы кесіліп, 120-ға жуық автокөлік арнайы айыптұраққа қойылған. Кортежге қатысқан 22 жүргізуші әкімшілік қамаққа алынған. Оның ішінде 12 адам жол үстіндегі ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылған. Сонымен қатар 18 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Бұл көрсеткіштер қоғамдық жолдағы тәртіп бұзудың кездейсоқ немесе бір реттік сипатта ғана емес екенін аңғартады. Әсіресе той-томалақты өзгеше өткізуге немесе әлеуметтік желіге көп қаралым жинауға ұмтылып, көшені әдейі жауып, көлікпен қауіпті әрекеттер жасау кейін орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Қазір кез келген әрекетті телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау қалыпты құбылысқа айналды. Алайда желідегі бірнеше мың қаралым адамның қауіпсіздігінен қымбат емес. Бірнеше секундтық бейне үшін жасалған қауіпті маневрдің салдары ондаған жылға созылатын өкінішке айналуы ықтимал.
Полицияның хабарлауынша, дрифт жасау, жолды жабу және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері заңнамаға сәйкес сараланып, жауапкершілікке әкеледі. ӘҚБтК-нің 434-бабы ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауаптылық көздейді, ал заңнамада мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамақ та қарастырылған. Автокөліктер белгіленген тәртіппен арнайы айыптұраққа қойылуы мүмкін.
Қаладағы бейнебақылау жүйесі де жолдағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларымен қатар әлеуметтік желілерге жарияланған материалдарға да мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылық деректерін анықтайды. Заң мен тәртіп ұғымы тек полицияның жұмысына қатысты емес. Ол – қоғамның әр мүшесіне ортақ қағида. Заңды сыйлау дегеніміз – полициядан қорқу емес, өз әрекетіңнің басқа адамдарға әсерін түсіну. Жол ережесін сақтау да осы мәдениеттің қарапайым көрінісі.
Көлік жүргізушісі үшін ең маңыздысы – межелі жерге аман жету. Ал қоғамдық жолда «Форсаж» ойынын ұйымдастырып, мәреге жетпей әкімшілік қамаққа түсу – ешкімге қажет емес нәтиже. Сондықтан автокөліктің қуатын көрсететін орын мен қоғамдық жолдың айырмасын әр жүргізуші түсінгені жөн. Қауіпсіздік пен заңға құрмет кез келген жарыстан маңызды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады. Себебі жолдағы бір ғана жауапсыз шешімнің салдары бір адамның тағдырын емес, бірнеше отбасының өмірін өзгертуі мүмкін.




