
Шымкентте қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз қала» жобасы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Жақында қалалық полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған екі жүргізушіні анықтады. Интернет желісінде тараған бейнежазбаларда «Mercedes» және «ВАЗ-2107» автокөліктерінің жүргізушілері қала көшелерінде әдейі қалың түтін шығарып, қауіпті маневрлер жасағаны көрініс тапқан. Өз әрекеттерін әсерлі көрініс ретінде көрсеткісі келген жүргізушілер жол қозғалысының өзге қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылардың жеке басын жедел анықтап, оларды бөлімшеге жеткізді. Тексеру барысында жүргізушілердің бірінің көлік құралын басқаруға заңды құқығы жоқ екені белгілі болды. Аталған фактілер бойынша құқық бұзушыларға ұсақ бұзақылық жасағаны, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіргені және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Іс сотқа жолданып, сот шешімімен екі жүргізушіге де 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Мұндай әрекеттер тек жол қозғалысы ережелерін бұзу ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетіне нұқсан келтіреді. Сондықтан «Қауіпсіз қала» жобасы аясында көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілуде.
Айта кету керек, профилактикалық іс-шаралар «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен де сабақтасып жатыр. Өйткені қауіпсіз әрі жайлы қала қалыптастыру қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, азаматтық жауапкершілікті арттыруды талап етеді. Ал заң талаптарын сақтау мен өзара құрмет мәдениеті ғана қаланың қауіпсіз әрі қолайлы ортаға айналуына негіз болмақ.
Заң бұзғанын әлеуметтік желіге мақтанып салатындарға қарсы өнер жұлдызы Нұркен Иманқұлов өз ойын білдірді. «Жол мәдениеті – өркениетті қоғамның айнасы. Әрбір адам жолда өзара сыйластық танытып, өзгелердің өмірі мен денсаулығына құрметпен қараса, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Бір сәттік тәуекел мен жауапсыздық орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан жол ережесін сақтау – айыппұлдан құтылудың жолы емес, ең алдымен адам өмірін қорғаудың кепілі. Өз қауіпсіздігіңізді ойлаңыз, жақындарыңыздың амандығын бағалаңыз және жолда әрдайым тәртіп пен жауапкершілікті бірінші орынға қойыңыз», – деді Нұркен Әбдезұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шымкентте «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде өткізіледі. Аталған шара жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге, көлік тәртібін нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Іс-шара аясында полиция қызметкерлері қала көшелері мен күре жолдарда рейдтік және профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Негізгі назар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтауға аударылып отыр. Атап айтқанда, жылдамдық режимін сақтамау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік құралын мас күйінде басқару, рөлде отырып ұялы телефон пайдалану секілді құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша бақылау жүргізілуде.
Қауіпсіз жол – қауіпсіз қоғамның негізі. Сондықтан әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жолдағы тәртіп пен мәдениетті сақтауды күнделікті өмір салтына айналдырғанда ғана қайғылы оқиғалардың алдын алып, адам өмірін сақтауға болады.
