Кәсіпкер құқығы қорғалды

Қысқаша

Кәсіпкер құқығы қорғалды

Screenshot_5.jpg

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды экономиканы дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта Шымкент қаласында кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіретін мәселелерді шешу және қолайлы бизнес-орта қалыптастыру, кәсіпкерлерге құқықтық кеңес беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Соның бір мысалы – Әл-Фараби ауданы прокуратурасының араласуымен отандық өндірушінің өндірістік қызметіне қатысты түйткілдің оң шешімін табуы. Кең қолданыстағы балмұздақ пен жайма өнімдерін шығаратын «Ленгер Групп» ЖШС-ы ұзақ уақыт бойы жүк тасымалына байланысты қиындықтарға тап болған. Кәсіпорынның Шымкент қаласындағы өндірістік қоймасы орналасқан Бәйдібек Саттарханов көшесінің бойындағы тұтас жолақ жүк көліктерінің қойма аумағына кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндік бермеген. Нәтижесінде кәсіпорынның логистикалық үдерісіне қолайсыздық туындап, өнім тасымалының тиімділігіне әсер еткен.

Кәсіпкер бұл мәселені шешу үшін бірнеше мәрте уәкілетті органдарға жүгінгенімен, нақты нәтиже болмаған. Осыдан кейін аудан прокуратурасы инвестордың өтінішін зерделеп, туындаған мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізді. Прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өндірістік қоймаға кіреберіс аумақтағы тұтас жолақ үзік жол таңбасына ауыстырылды. Бұл өз кезегінде жүк көліктерінің қозғалысын жеңілдетіп, кәсіпорынның өндірістік және логистикалық қызметін оңтайландыруға мүмкіндік берді.

Мұндай мысалдар кәсіпкер құқығын қорғау тек құқықтық мәселе ғана емес, өңірдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін көрсетеді. Өйткені бизнес өкілдерінің заңды мүдделері қорғалған жерде өндіріс дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін түсім көлемі артады. Әрбір инвестициялық жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, экономиканың дамуына серпін береді. Алайда кей жағдайларда инвесторлар түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болып жатады. Мұндай кезде олардың заңды құқықтарын қорғау және мәселелерін уақытылы шешу маңызды рөл атқарады.

Шымкент қаласында жүзеге асырылуы жоспарланған ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт жобасы кедергіге тап болды. Жалпы инвестиция көлемі 750 миллион теңгені құрайтын жоба іске асқан жағдайда ондаған жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің өндірістік әлеуеті арта түсер еді. Алайда инвесторға жер учаскесін бөлу мәселесі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген.

Мәселені жан-жақты зерделеу барысында бұрын қабылданған шешімнің жеткілікті негіздемесіз болғаны анықталды. Соның нәтижесінде инвестордың жобаны жүзеге асыруына кедергі келтірген әкімшілік тосқауылдар жойылып, қажетті жер учаскесі бөлінді. Бұл кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің нақты көрінісі болды.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – тек бір кәсіпорынның мүддесін қорғау ғана емес. Ол жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне, бюджет кірісінің артуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Сондықтан кәсіпкердің құқығы қорғалған жерде инвестициялық белсенділік артып, экономикалық өсімге жол ашылады.

Қорыта айтқанда, кәсіпкер құқығын қорғау мен инвесторларға қолдау көрсету – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды тетігі. Заң талаптарының сақталуы, әділ шешімдердің қабылдануы және әкімшілік кедергілердің дер кезінде жойылуы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, тұрақты дамуына негіз болады.

Бүгінде прокуратура органдарының инвесторларды сүйемелдеу және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстары бизнес қауымдастығы үшін тиімді тетіктердің біріне айналып отыр. Ал өндіріс пен кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды дер кезінде жою – ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі.