Саламатты өмір салты – сенімді болашақ

Қысқаша

Саламатты өмір салты – сенімді болашақ

Screenshot_3.jpg

«Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы мегаполистегі қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады. Осы орайда жақында Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған айлық аясында қалада есірткіге қарсы ауқымды профилактикалық акция өтті.

Қоғам дертіне айналған есірткі қылмысының алдын алуға және жастар арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шара қала жұртшылығын ортақ мақсатқа жұмылдырды. Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен өткен акцияға 1500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері, еріктілер, студент жастар мен спортшылар бар. Бұл қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапкершіліктің тек құзырлы органдарға ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ екенін көрсетті.

Іс-шара барысында қала аумағында кең көлемді мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде есірткі құралдарын жарнамалауға бағытталған 300-ге жуық наркограффити анықталып, жойылды. Заңсыз интернет-ресурстарды насихаттайтын және есірткі саудасына бағытталған жазулар тұрғын үйлердің қабырғаларынан, қоршаулардан және қоғамдық орындардан өшірілді. Мұндай жазулар заңсыз есірткі айналымының жасырын тетіктерінің бірі саналады. Сондықтан оларды дер кезінде анықтап, жою – жастарды зиянды ақпараттың ықпалынан қорғаудың маңызды қадамы. Осы бағыттағы жұмыстар барысында тұрғындарға түсіндіру шаралары жүргізіліп, есірткінің адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін зардаптары туралы кеңінен ақпарат берілді.

Аталған іс-шарада жастарға тек есірткі емес, темекі мен алкогольге әуестіктің зияны туралы да айтылды. Бұл зиянды әдеттер адамның денсаулығына ғана емес, оның болашағына, білім алуына және қоғамдағы орнына да кері әсер етеді. Темекі құрамында адам ағзасына зиянды мыңдаған химиялық заттар болады. Ол тыныс алу жүйесін зақымдап, өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу қаупін арттырады. Жасөспірім кезеңде темекі шегу ағзаның қалыпты дамуына кедергі келтіріп, иммунитетті әлсіретеді. Сонымен қатар темекіге тәуелділік адамның ерік-жігерін төмендетіп, зиянды әдеттен арылуды қиындатады. Ал алкоголь адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, ойлау қабілетін әлсіретеді. Ішімдікке әуестенген жастар оқу үлгерімін төмендетіп, түрлі құқық бұзушылықтарға бейім болуы мүмкін. Алкоголь адамның мінез-құлқын өзгертіп, өз әрекеттерін бақылау қабілетін әлсіретеді. Оның салдары отбасылық мәселелерге, денсаулықтың нашарлауына және әлеуметтік қиындықтарға алып келеді.

Темекі мен алкогольдің тағы бір зияны – жастарды саламатты өмір салтынан алыстатуы. Спортпен шұғылдану, білім алу, шығармашылықпен айналысу секілді пайдалы істердің орнына зиянды әдеттерге уақыт жұмсау жеке тұлғаның дамуына кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттер адамның өзіне ғана емес, оның айналасындағы достары мен жақындарына да теріс ықпал етеді. Оның зияны есірткіден кем емес десек болады.

Қазіргі таңда есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау саласының міндеті ғана емес, ұлт болашағына алаңдайтын әрбір азаматтың ортақ парызына айналып отыр. Әсіресе жас ұрпақтың санасына саламатты өмір салтының құндылықтарын сіңіру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттердің алдын алу – маңызды міндеттердің бірі. Аталған акция осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың жалғасы ретінде қоғамның назарын өзекті мәселеге аударып қана қоймай, есірткісіз болашақ қалыптастыру жолындағы бірлескен күш-жігердің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.

Шымкентте мұндай профилактикалық іс-шаралардан бөлек, қылмыскерлерді ұстау шараларды да жүзеге асуда. Қалада есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Қала полициясы жүргізген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысты деген күдікке ілінген азаматша қолға түсті. Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктіні ұстау кезінде оның жеке заттарын мұқият тексерген. Нәтижесінде азаматшаның сөмкесінен жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған төрт пакет табылды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары есірткі заттарын мөлшерлеп бөліп орауға арналған электронды таразы мен арнайы зип-пакеттерді тәркіледі. Жедел іздестіру шаралары мұнымен шектелмеді. Күдіктінің жалдап тұрған пәтеріне жүргізілген тінту барысында әрқайсысының салмағы бес грамм болатын 32 орама синтетикалық есірткі анықталды. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, тәркіленген заттар заңсыз айналымға шығаруға дайындалған болуы мүмкін. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, синтетикалық есірткілер соңғы жылдары қоғам үшін аса қауіпті қатерлердің біріне айналып отыр. Әсіресе жастар арасында таралу қаупі жоғары мұндай заттар адамның денсаулығына орны толмас зиян келтіріп қана қоймай, әлеуметтік және қылмыстық мәселелердің ушығуына себеп болады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, есірткі жеткізу мен тарату арналарының өзге де қатысушыларын анықтау бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.

Құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Есірткі қылмысының жолын кесу, оны таратудың жаңа тәсілдерін анықтау және жастарды зиянды індеттен қорғау бағытындағы кешенді іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.