
Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Қала аумағында құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Әсіресе жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткіге қарсы күрес, интернет алаяқтықтан сақтандыру және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары кеңінен қолға алынған.
Жақында Шымкент қаласы Полиция департаментінде нөмірі 89 және 90-шы мектептердің «Жас сақшы» сыныптарында білім алып жүрген оқушылардың ата-аналарымен кездесу өтті. Басқосуға департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрбол Мырзатаев қатысып, жобаның алдағы даму бағыты мен оқушылардың кәсіби бағдарлану мәселелеріне тоқталды. Кездесуде «Жас сақшы» сыныптарын жаңа оқу жылына даярлау, Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу тәртібін түсіндіріліп, ата-аналарды толғандырған сауалдарға жауап берілді.
Жиында «Жас сақшы» жобасының жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға, сондай-ақ құқық қорғау саласына қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама екені атап өтілді. Бүгінде аталған сынып оқушылары 11-сыныпқа қадам басып, болашақ мамандығын таңдаудың жауапты кезеңіне жетіп отыр. Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда ата-аналар мен мұғалімдердің де рөлі зор. Үлкендердің заңға құрметпен қарауы, әділдік қағидаттарын ұстануы балаларға үлгі болады. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қатысуымен өткізілетін кездесулер, танымдық іс-шаралар мен дәрістер оқушылардың құқықтық білімін тереңдетуге мүмкіндік береді. Құқықтық сауаттылық – білімді де саналы азамат тәрбиелеудің маңызды тетігі. Заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін жас ұрпақ қана еліміздің жарқын болашағын қалыптастыра алады. Сондықтан оқушылардың құқықтық сауатын арттыру – қоғамның ортақ міндеті әрі келешекке салынған инвестиция.
Құқықтық сауаты жоғары оқушы өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біледі. Ол заң талаптарын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға тырысады. Мұндай жас құқық бұзушылықтан аулақ болып қана қоймай, өзгелердің де заңды құрметтеуіне ықпал етеді. Бұл қасиеттер қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің нығаюына негіз болады. Айналасындағы адамдарды сыйлайтын оқушы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Ол достарымен, ұстаздарымен және ата-анасымен дұрыс қарым-қатынас орната алады. Өзгенің пікірін тыңдап, адам құқығына құрметпен қарау – мәдениетті қоғамның басты белгілерінің бірі. Осындай оқушылар мектепте жағымды орта қалыптастырып, өз құрдастарына үлгі болады. Құқықтық мәдениеті қалыптасқан жас азамат қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, елдің дамуына өз үлесін қосуға ұмтылады. Ол қоршаған ортаға жанашырлық танытады, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарайды және түрлі игі бастамаларды қолдайды. Мұндай жастардың көп болуы қоғамдағы өзара сенімді арттырып, азаматтық жауапкершіліктің нығаюына ықпал етеді.
Кездесу барысында келесі оқу жылында мектеп бітіруші түлектерге арнайы сертификаттар табысталатыны, сондай-ақ ІІМ-нің ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау талаптары мен артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар оқушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған алдағы іс-шаралардың жоспары талқыланды. Олар жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, құқық қорғау қызметінің қыр-сырын танытуға мүмкіндік жасап отырған департамент басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Мұндай кездесулер ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтып қана қоймай, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болашақ мамандарды тәрбиелеуге ықпал ететіні анық. Тек оқушылар мен ата-аналардың емес, құқық қорғау қызметкерлерінің де цифрлық сауаттылығын арттырған маңызды. Цифрлық-құқықтық сауаттылық дегеніміз – адамның цифрлық ортадағы құқықтары мен міндеттерін білуі, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауы және заң талаптарына сәйкес әрекет етуі. Бұл ұғым тек компьютер немесе смартфон қолдануды меңгерумен шектелмейді. Ол интернеттегі қауіп-қатерлерді тану, жеке деректерді қорғау, киберқылмыстардан сақтану және цифрлық кеңістіктегі жауапкершілікті сезінуді қамтиды.
Осы орайда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде криптоактивтер мен цифрлық дәлелдемелерді анықтау, құжаттау, алып қою және зерттеу мәселелеріне арналған өңірлік семинар-практикум өтті. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жиынға Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары полиция департаменттерінің тергеушілері мен анықтаушылары қатысты.
Семинардың ашылуында Ішкі істер министрлігі заң және нормативтік үйлестіру департаменті басқармасының бастығы Талғат Тажин мен Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов сөз сөйлеп, цифрландыру үдерісі қарқынды дамыған заманда құқық қорғау органдары алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды. Олар қазіргі таңда киберқылмыстардың түрленіп, күрделене түскенін, соған сәйкес құқық қорғау саласы қызметкерлерінің де заман талабына сай білім мен тәжірибені меңгеруі аса маңызды екенін атап өтті.
Оқу-практикалық іс-шара барысында ІІМ Орталық криминалистикалық департаментінің мамандары қатысушыларға блокчейн технологиясының жұмыс істеу қағидаттарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар криптовалюта нарығының ерекшеліктері, криптобиржалардың қызметі, цифрлық активтердің қозғалысын бақылау және оларды қылмыстық істер бойынша дәлелдеме ретінде пайдалану тетіктері талқыланды.
Қазіргі таңда интернет алаяқтығы, жалған ақпарат тарату, жеке мәліметтердің заңсыз қолданылуы сияқты құқық бұзушылықтар жиі кездесетіні белгілі. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, банк карталарының деректерін немесе жеке ақпараттарын иемденуге тырысады. Мұндай жағдайларда цифрлық-құқықтық сауаты жоғары адам күмәнді сілтемелерге өтпейді, құпия мәліметтерін бөгде адамдарға бермейді және өзінің заңды құқықтарын жақсы біледі. Жастар арасында цифрлық технологияларды пайдалану деңгейі жоғары болғандықтан, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Интернет кеңістігіндегі кез келген әрекет белгілі бір құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Семинар аясында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері де өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар криптоактивтерге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау, құжаттау және тергеп-тексеру кезінде қалыптасқан тәжірибелерді ортаға салып, нақты мысалдар негізінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл өз кезегінде тергеушілер мен анықтаушылардың практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Цифрлық технологиялар қаржы саласымен қатар қылмыстық әрекеттердің де жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашып отыр. Сондықтан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу машығын жетілдіру, криптоактивтерге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау әдістерін меңгеру және халықаралық тәжірибені игеру уақыт талабы саналады.
Мұндай оқу-семинарлары өңірлердегі құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, цифрлық кеңістіктегі қылмыстарға қарсы күрестің тиімділігін күшейтуге де ықпал етеді. Жақында ғана осы орайда Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты қызметкерлерімен киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында профилактикалық кездесу өткізілді. Іс-шара барысында мамандар интернет алаяқтарының жиі қолданатын айла-тәсілдері туралы кеңінен ақпарат беріп, жалған қоңыраулар мен күмәнді сілтемелерден сақтану жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау және қаржылық алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әкімдік қызметкерлері өздеріне қажетті ақпараттарды алып, құқық қорғау қызметкерлерімен алдағы уақытта белсенді түрде қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екендерін мәлімдеді. Бірлік болған жерде тірлік болатыны белгілі. Мемлекеттік қызметкерлер – қоғамымыздың айнасы десек болады. Олар ел үшін жұмыс істеп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға өз кеңестерін береді. Ал мемлекеттік қызметкердің сауатты болғаны абзал. Сонда ғана алаяқтармен күресу мүмкіндігі жоғары болады. Қауіпсіз қала жобасын да жүзеге асыратын – сауатты азаматтар.
Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңға құрметпен қарап, тәртіпті сақтауға әрбір азамат үлес қосқанда ғана қоғамда тұрақтылық пен береке орнығып, еліміздің дамуына берік негіз қаланады.
