
Оқу жылының аяқталуына орай және Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық іс-шаралар аясында Шымкент қаласының полицейлері жастармен профилактикалық кездесулер өткізуді жалғастыруда. Кезекті тағылымды басқосу болашақ мамандардың басын қосқан жоғары оқу орнында ұйымдастырылды.
Бұл жолы құқық қорғау органдарының қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің студенттерімен кездесті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, психобелсенді заттардың зияны туралы түсіндіру және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Кездесу барысында мамандар студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар соңғы жылдары кең таралып келе жатқан жаңа психоактивті заттардың адам денсаулығына тигізетін зияны мен олардың қоғамға төндіретін қауіптері кеңінен түсіндірілді.
Спикерлер жастарды күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға, заң талаптарын қатаң сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Әсіресе жеңіл табысқа қызығып, есірткі қылмысына араласудың ауыр зардаптарға әкелетіні ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында интернет арқылы жүзеге асырылатын есірткі қылмыстарының да жауапкершілігі түсіндірілді. Мамандар интернет-дүкендердің әкімшісі болу, тыйым салынған заттарды тасымалдау немесе оларды арнайы орындарға жасыру сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті. Мұндай құқық бұзушылықтардың адамның болашағына орны толмас зиян келтіретіні айтылды.
Ашық форматта өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Еркін пікір алмасу барысында жастар құқықтық жауапкершілік, қауіпсіз өмір салты және заманауи қауіп-қатерлерден қорғану жолдары жөнінде ой бөлісті.
Одан бөлек, Жастар ресурстық орталығы, Шымкент қаласы Полиция департаменті және «Бүркіт» арнайы жасағының бастамасымен бір топ студентке қалалық Полиция департаментіне қарасты Кинология қызметі орталығына экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында қатысушылар кинология қызметінің күнделікті жұмысымен танысып, қызметтік иттерді даярлау үдерісі туралы жан-жақты мәлімет алды. Сонымен қатар арнайы үйретілген иттердің із кесу, есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы кәсіби дайындығы көрсетілді. Мамандар студенттерге кинологиялық қызметтің құқық қорғау жүйесіндегі маңызы туралы айтып, қызметтік иттердің түрлі қылмыстарды ашуда және құқық бұзушылықтардың алдын алуда ерекше рөл атқаратынын түсіндірді.
Іс-шараға М.Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінің студенттері қатысып, құқық қорғау саласының жұмысына қатысты өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Ашық форматта өткен кездесуде жастар мен мамандар арасында еркін пікір алмасу өрбіді.
Мұндай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымдарын нығайтуға және зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Өйткені саналы таңдау мен заңға құрмет – қауіпсіз қоғамның және жарқын болашақтың басты кепілі.
