Спектакль арқылы сауаттылықты арттырды

Қысқаша

Спектакль арқылы сауаттылықты арттырды

Screenshot_11.jpg

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент жастар театрында «Жан Дауа» психологиялық драмасы сахналанып, жас көрермендерге тағылымы мол қойылым ұсынылды. Шымкент қаласы прокуратурасы мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің қолдауымен ұйымдастырылған мәдени іс-шарада жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихатталып, қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыру түсіндірілді.

Қойылымды колледждердің І курс студенттері тамашалап, бүгінгі қоғамда өзекті болып отырған мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділіктің адам тағдырына тигізетін ауыр зардаптары туралы терең ой түйді.

«Жан Дауа» драмасы көрерменді өмірдің күрделі таңдаулары, адами құндылықтар мен жауапкершілік мәселелері төңірегінде толғандырады. Шығармада зиянды әдеттердің адам өмірін тығырыққа тірейтіні, ал дұрыс таңдау мен мықты ерік-жігердің жарқын болашаққа бастайтыны әсерлі сахналық көріністер арқылы бейнеленген.

Қойылым барысында жастар есірткінің жеке адамға ғана емес, оның отбасы мен қоғамға да зор зиян келтіретінін ұғынып, өмірлік құндылықтарды бағалаудың маңызын сезінді. Театр өнерінің тәрбиелік мүмкіндігін тиімді пайдаланған бұл туынды көрермендерді бейжай қалдырмай, олардың санасына маңызды ой салды. Және де жастар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру көзделді. Есірткіге қарсы құқықтық сауаттылық – құқық бұзушылықтың алдын алудың және қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды құралы. Заңды білу, құқықтық мәдениетті арттыру және зиянды әдеттерден аулақ болу әрбір азаматтың жарқын болашағына жол ашады. Өйткені заңға құрмет пен саналы таңдау – табысты өмірдің берік негізі. Өкінішке қарай, кейбір жастар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың салдарын толық біле бермейді. Кей жағдайда олар жеңіл табыс табу мақсатында немесе бөтен адамдардың ықпалына еріп, заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Мұндай қателіктер адамның болашағына кері әсер етіп, білім алуына, еңбек етуіне және қоғамдағы орнына нұқсан келтіреді. Сондықтан құқықтық ағарту жұмыстарының маңызы жылдан-жылға артып келеді.

Жастар тәрбиесінде мәдени-ағартушылық іс-шаралардың орны ерекше. Өйткені өнер арқылы берілген тағылым жас буынның дүниетанымына әсер етіп, олардың дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруына ықпал етеді.

Осындай мазмұнды қойылымдар жас ұрпақты зиянды әдеттерден сақтандыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және салауатты қоғам қалыптастыруға қызмет етеді.