
Дүниежүзілік темекісіз күн қарсаңында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Психикалық денсаулық орталығының ұйымдастыруымен темекі тұтынудың зияны мен оның қоғам денсаулығына әсерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шаран тұрғындардың темекі өнімдерінің адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы ақпараттық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды басты назарда ұстады.
Жиынға психиатрлар, наркологтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, ЖИТС орталығының мамандары, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты. Бұл темекіге қарсы күрестің тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетті.
Кездесу барысында мамандар темекі шегудің адам денсаулығына тигізетін зардаптарына кеңінен тоқталды. Олардың айтуынша, никотинге тәуелділік жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларына, өкпе обырына және тыныс алу жолдарының созылмалы сырқаттарына алып келетін негізгі қауіп факторларының бірі болып саналады. Темекі адамның иммунитетін әлсіретіп, ағзаның түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Темекінің зияны тек шылым шегушінің өзімен шектелмейді. Оның түтіні айналасындағы адамдарға да кері әсер етеді. Әсіресе балалар, жүкті әйелдер мен қарт адамдар пассивті темекі шегудің зардабын көбірек сезінеді. Сондықтан қоғамдық орындарда темекі шегуге шектеулер енгізу адамдардың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып саналады.
Жоғары санатты психотерапевт дәрігер Раушан Баймұрынова темекі түтінінің зияны тек шылым шегушінің өзімен шектелмейтінін атап өтті.
– Темекі шегу көптеген ауыр дерттердің туындауына себеп болады. Оның үстіне темекі түтіні айналадағы адамдардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына да кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе әрбір азаматтың назарында болуы тиіс, – деді маман.
Және де жастар арасында темекіден бөлек, электронды темекі мен вейп қолдану кеңінен таралып келеді. Кейбіреулер оларды қауіпсіз деп қабылдайды. Алайда мамандар бұл өнімдердің де құрамында адам денсаулығына зиянды заттар бар екенін және олардың никотинге тәуелділік туғызатынын ескертеді.
Жиында жастар арасында электронды темекі, вейп және құрамында никотині бар басқа да өнімдердің кең таралуы ерекше алаңдаушылық тудырып отырғаны айтылды. Мамандар бұл өнімдердің қауіпсіз деген пікірдің жаңсақ түсінік екенін жеткізіп, олардың да адам ағзасына зиян келтіріп, никотинге тәуелділік қалыптастыратынын түсіндірді.
Сондай-ақ басқосуда салауатты өмір салтын қалыптастырудағы отбасының рөліне ерекше назар аударылды. Спикерлердің пікірінше, баланың денсаулыққа деген көзқарасы мен өмірлік дағдылары ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ата-аналардың үлгісі мен тәрбиесі жас ұрпақтың зиянды әдеттерден аулақ болуына тікелей ықпал етеді.
Қоғамда темекіден бас тарту мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану және пайдалы әдеттерді қалыптастыру адам өмірінің сапасын жақсартады. Әсіресе жас ұрпақтың зиянды әдеттерден аулақ болуы елдің болашағы үшін маңызды. Ұлт саулығы – мемлекеттің ең басты байлығы. Ал дені сау қоғам ғана елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының негізін қалайды.
