
Шымкент қаласында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында 2026 жылдың І жартыжылдығына арналған қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен білім беру ұйымдары арасында «телекөпір» форматында ауқымды профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
«Бостандықтың бағасы» тақырыбымен өткен жиынның басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастарға қылмыс пен жазаның ара-жігін нақты түсіндіру, заң талаптарының маңызын ұғындыру және қоғамда құқықтық сана қалыптастыру болды. Ұйымдастырушылар жастар арасында соңғы уақытта жиілеп бара жатқан интернет-алаяқтық, дропперлік, есірткі тасымалы секілді құқық бұзушылықтардың салдарына нақты мысалдар арқылы тоқталып, олардың болашақ тағдырына әсерін түсіндіруге басымдық берді.
Іс-шараға қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды ақпараттармен танысты. Сонымен қатар жиынға прокуратура органдарының өкілдері, қала әкімдігі, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы, құқық қорғау саласының мамандары, қоғам белсенділері мен өңір спортшылары қатысты. Мұндай кең ауқымды кездесудің ұйымдастырылуы – жастар тәрбиесіне қоғам болып жауапкершілікпен қараудың көрінісі.
Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың дамуы жастардың өмір салтына үлкен өзгеріс әкелді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын «оңай жұмыс», «жылдам табыс», «жеңіл ақша» секілді жарнамалар жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Кей жағдайда жастар өздерінің қылмыстық схемаға тартылып жатқанын аңғармай да қалады. Сондықтан құқық қорғау органдары мұндай профилактикалық кездесулердің маңызы зор екенін айтады.
Жиын барысында сөз алған мамандандырылған прокурор Қуандық Айтбайұлы жастарға өмірлік таңдауда сақ болудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, интернет кеңістігіндегі жалған ұсыныстар мен заңсыз табыс көздері көптеген жасөспірімнің тағдырына кері әсерін тигізіп жатыр.
– Бүгінде жастардың интернет арқылы «оңай жұмыс», «жылдам табыс» секілді жалған ұсыныстарға алданып қалу жағдайлары жиілеп барады. Әсіресе дропперлік, есірткі тасымалдау, заңсыз ақша айналымына қатысу секілді әрекеттердің соңы ауыр қылмысқа ұласуы мүмкін. Көп жағдайда жастар мұның салдарын толық түсіне бермейді. Заң талаптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Сондықтан әрбір шешімнің салмағын сезініп, саналы таңдау жасау қажет, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі қоғамда жастардың құқықтық сауатын арттыру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ана мен білім беру мекемелерінің де ортақ міндеті. Өйткені жасөспірімнің болашақ тағдыры көбіне оның ерте жастан қалыптасқан құқықтық мәдениетіне байланысты. Заңға құрметпен қарау, адал еңбекке ұмтылу және жауапкершілікті сезіну – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі.
Жиын барысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі өмір туралы да мәліметтер беріліп, бостандықтан айырылудың адам тағдырына әсері сөз болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарға өмірдің шынайы құндылығын түсінуге көмектеседі. Себебі кейбір жасөспірімдер заң бұзудың салдары қандай болатынын толық елестете бермейді. Ал нақты мысалдар мен өмірлік оқиғалар олардың санасына әлдеқайда әсерлі жетеді.
Қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар бүгінде жаңа мазмұнға ие болып келеді. Егер бұрын қылмыс жасалғаннан кейінгі әрекетке басымдық берілсе, қазір профилактика мен құқықтық тәрбиенің рөлі артып отыр. Бұл ретте жастармен ашық диалог орнату, олардың сеніміне ие болу және теріс жолдан сақтандыру аса маңызды.
Жастар – елдің болашағы. Сондықтан олардың саналы, білімді әрі заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы мемлекет дамуы үшін айрықша маңызға ие. Ал құқықтық сауаты жоғары ұрпақ – қоғам тұрақтылығы мен ел қауіпсіздігінің басты кепілі.
