Қауіпсіз қоғам – ортақ міндет

Қысқаша

Қауіпсіз қоғам – ортақ міндет

Screenshot_18.jpg

Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері тағы бір мәрте күн тәртібіне шықты. Өткен аптада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков төрағалық еткен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл штабының бірлескен отырысында қоғам тыныштығына төнген өзекті қатерлер жан-жақты талқыланды.

Жиынға құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, прокуратура өкілдері, аудан әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысты. Сонымен қатар бейнеконференция байланысы арқылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов және ведомство өкілдері қосылды. Бұл – құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде орталық және жергілікті органдар арасындағы үйлесімді жұмыстың маңызын көрсететін қадам.

Қазіргі таңда қоғам қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас мемлекеттің стратегиялық міндетіне айналып отыр. Әсіресе цифрлық технологиялар дамыған кезеңде интернет-алаяқтық, есірткінің жасырын айналымы, жастар арасындағы құқық бұзушылықтар секілді жаңа сипаттағы қауіптер көбейіп келеді. Осыған байланысты отырыста қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, интернет-алаяқтықтың алдын алу, меншікке қарсы қылмыстармен күрес, ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтар, кәмелетке толмағандар арасындағы тәртіп мәселелері кеңінен қаралды. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында есірткінің таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. «Қауіпсіз қала» жобасының басты мақсаты – заманауи технологияларды пайдалана отырып, қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Бүгінде көшелерде, қоғамдық орындарда, жол қиылыстарында орнатылған бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтарды азайтуға үлкен ықпал етіп отыр. Мұндай жүйелердің көмегімен күдікті әрекеттер дер кезінде анықталып, құқық қорғау органдары жедел әрекет ете алады. Соның нәтижесінде қылмыстың ашылу деңгейі артып, қоғамдық тәртіп нығая түседі. Бұл жобаның қоғам үшін пайдасы өте зор. Ең алдымен, адамдар өздерін қауіпсіз сезінеді. Әсіресе балалар мен қарттар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар қоғамдық орындардағы бақылау жүйелері бұзақылық, ұрлық, вандализм секілді құқық бұзушылықтардың азаюына әсер етеді. Заң бұзған адамның жауапкершіліктен құтыла алмайтынын білуі – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігі.

Жиында баяндама жасаған Шымкент қалалық полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев қаладағы криминогендік ахуалдың тұрақты екенін атап өтті. Дегенмен ол интернет-алаяқтықтың кең етек алуы, түнгі ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтар мен жасөспірімдер қауіпсіздігі ерекше бақылауды қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, қазіргі алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әрекет етіп, азаматтардың сеніміне кірудің түрлі тәсілдерін қолдануда. Сондықтан профилактикалық жұмыстарды күшейту – уақыт талабы.

Басқосу барысында биылғы наурыз айында күшіне енген Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңын іске асыру мәселесіне де айрықша назар аударылды. Жаңа құжаттың басты ерекшелігі – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу тетіктерін күшейту. Яғни құқыққа қарсы әрекеттердің себеп-салдарын ерте анықтау, қауіпті факторларды жою және халықтың құқықтық сауатын арттыру негізгі міндет ретінде белгіленіп отыр.

Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықпен күресте тек жазалау шараларына сүйену жеткіліксіз. Қоғамда заңға құрмет пен құқықтық мәдениет қалыптасқанда ғана оң нәтиже болады. Бұл ретте отбасы тәрбиесі, білім беру ұйымдарының рөлі және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аса маңызды. Әсіресе жастардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу – болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін мәселе.

Жиын қорытындысында мемлекеттік органдар мен жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту, қоғамдық орындар мен көліктерде ескерту материалдарын орналастыру, халық көп жиналатын аумақтардағы бейнебақылау жүйесін жетілдіру міндеттелді. Сонымен қатар ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, білім беру мекемелерінде есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі айтылды.

Қазіргі қоғамда қауіпсіздік мәселесі тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана байланысты емес. Әр азаматтың құқықтық сауаты, қоғамдық жауапкершілігі мен заңға құрметі де маңызды рөл атқарады. Сондықтан құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы мұндай кешенді жұмыстар қоғам тұрақтылығы мен ел тыныштығын сақтаудың маңызды тетігі болып қала береді.