Сауатсыздық – шығынға батырады

Қысқаша

Сауатсыздық – шығынға батырады

Screenshot_17.jpg

Қоғамдағы ең қауіпті қылмыстардың бірі – адамның сенімін пайдаланып, адал еңбегімен тапқан қаржысын иемдену. Әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген заманда күмәнді топтардың «оңай табыс», «аз уақытта байып кету», «ақшаны бірнеше есе көбейту» секілді жалған уәделерге сеніп, сан соғып қалған азаматтардың қатары азаймай тұр. Өткен аптада Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселе кеңінен талқыланды. Жиын барысында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы қаржылық пирамидалардың қоғамға тигізіп отырған зардабы туралы жан-жақты баяндады. Ол соңғы уақытта халықты жоғары табысқа қызықтырып, заңсыз қаржы жинаумен айналысатын ұйымдардың белсенділігі күшейгенін мәлімдеді.

– Мұндай ұйымдардың жұмыс істеу тәсілі ұқсас. Олар азаматтарға қысқа мерзім ішінде мол пайда табуға уәде береді. Алайда шын мәнінде ешқандай нақты өндірісі де, заңды қаржылық қызмет көрсетуге рұқсаты да болмайды. Қаржы пирамидалары жаңа салымшылардың қаражаты есебінен уақытша төлем жасап, сенім қалыптастырады. Бірақ жүйе ұзаққа бармайды. Соның салдарынан мыңдаған адам қаржысынан айырылып, қарызға батып жатады, - дейді Алмас Манатұлы.

Брифинг барысында қоғамда үлкен резонанс тудырған «Nazira Gold» ісі де кеңінен сөз болды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ұйымдастырушылар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, азаматтарды қаржы салуға үгіттеген. Салымшыларға аз уақыт ішінде жоғары пайыздық табыс түсетіні айтылып, сенімге кірген. Нәтижесінде мыңдаған адам өз қаражатын осы жүйеге аударған.

– Тергеу барысында Назира Нұржанның өзін «алтын бұйымдарын сатумен айналысатын кәсіпкер» ретінде таныстырып, халықтан ірі көлемде қаражат жинағаны анықталған. Ол салымшыларға ақшаларын бірнеше есе көбейтіп қайтаратынын айтып сендірген. Алайда жүргізілген жан-жақты тергеу бұл ұйымның қаржылық пирамида екенін дәлелдеп берген. Іс сотқа жолданып, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2025 жылғы 28 қазанда үкім шығарған. Сот үкімімен Назира Нұржан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысты 190-бабының 4-бөлігі, қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қатысты 217-бабының 3-бөлігі және заңсыз жолмен табылған қаражатты заңдастыру жөніндегі 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жас балаларының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі бір жылға шегерілген. Дегенмен бұл мәселеге қатысты қоғам арасында түрлі жалған ақпарат тарап жатыр. Кейбір азаматтар «Назира ақталды», «бостандыққа шықты» деген секілді жаңсақ пікірлерге сеніп қалған. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Сот үкімі заңды күшіне енген, тек заң талаптарына сәйкес жаза өтеу мерзімі уақытша кейінге шегерілген. Бүгінде «Nazira Gold» ісі бойынша зардап шеккен азаматтарға өтемақы қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу барысында салымшылардың қаржысына алынған жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, алтын бұйымдар анықталып, сот санкциясымен тыйым салынған. Қазіргі таңда сот шешімі негізінде бұл мүліктер сатылып, түскен қаражат жәбірленушілерге қайтарылуда. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінгі күнге дейін 392 миллион теңге салымшылардың шоттарына аударылған, - дейді Алмас Манатұлы.

Дегенмен құқық қорғау органдарының айтуынша, қаржы пирамидаларынан зардап шеккендердің бәрі бірдей арыздана бермейді. Көп жағдайда азаматтар «егер арыз жазсақ, ұйымдастырушылар қамауға алынады да, ақшамызды қайтара алмай қаламыз» деп ойлайды. Алайда бұл қате түсінік. Себебі адам ресми түрде арызданбаса, ол жәбірленуші ретінде танылмайды. Ал заң жүзінде жәбірленуші мәртебесін алмаған азаматқа өтемақы қайтару қиынға соғады.

Қаржылық мониторинг агенттігі тек тергеу жұмыстарымен ғана шектелмей, профилактикалық шараларды да күшейтіп келеді. Соңғы жылдары мектептерде, жоғары оқу орындарында, түрлі мекемелерде семинарлар мен кездесулер өткізіліп жүр. Сонымен қатар қоғамдық көліктерде, сауда орталықтарында, кинотеатрларда арнайы бейнероликтер көрсетіліп, халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Көшелерде, қоғамдық орындарда және халық көп шоғырланатын аумақтарда орнатылатын алаяқтыққа қарсы баннерлердің қоғам үшін пайдасы зор. Өйткені мұндай ақпараттық құралдар азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға ықпал етеді. Мұндай баннерлер қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Кей азаматтар алаяқтықтың жаңа түрлері туралы білмеуі мүмкін. Ал көзге жиі түсетін ескертулер адамдардың санасында сақталып, қауіптің алдын алуға көмектеседі. Әсіресе егде жастағы адамдар мен интернетті белсенді қолдана бермейтін тұрғындар үшін көшедегі ақпараттық баннерлер өте тиімді құрал саналады.

– Соңғы 5 жылда қаржы пирамидаларының сипаты өзгерген. Бұрын тұтынушылық кооперативтер жиі кездессе, кейінгі кезеңде «Gold» атауымен жұмыс істейтін күмәнді ұйымдар көбейген. Бұған дейін «Асар баспана» секілді кооперативтер халықтан қаражат жинап, «бір-біріне үй алып береді» деген желеумен жұмыс істеген. Ал қазір әлеуметтік желілердегі «Айка Gold», «Аяла Gold» секілді жобалар көбейіп отыр. Олардың көпшілігінің ресми сайты да, заңды тіркеуі де жоқ. Тек Instagram немесе мессенджерлер арқылы жұмыс істеуі – күмән тудыратын негізгі белгілердің бірі, - деп Алмас Манатұлы халықты сақтыққа, сыни ойлай білуге шақырды.

Осы тұста айта кетейік, жақында ғана Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті «Капитал» қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Аталған құрылым инвестициялық платформа ретінде жұмыс істеген. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды өз жүйесіне 20 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаржы салуға шақырып, 3–5 күн ішінде салынған қаражаттың 30–50 пайызы көлемінде жоғары табыс түсетінін уәде еткен.

«Жаңа қатысушыларды тарту үшін психологиялық ықпал ету тәсілдері қолданылған. Атап айтқанда, «тез пайда табу» туралы уәделер мен уақытпен шектелген ұсыныстар арқылы азаматтар қаржылық тәуекелдерді толық бағаламай шешім қабылдауға итермеленген. Сонымен қатар ұсынылған табыс кепілдіктері тек ауызша айтылып, нақты кәсіпкерлік қызметпен немесе қандай да бір келісімшарттық міндеттемелермен расталмаған», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ агенттік өкілдерінің мәліметінше, салымшыларға белгілі бір төлемдер жасалғанымен, ол қаражат жаңа қатысушылардан түскен қаржы есебінен беріліп отырған. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі дерегіне сәйкес, қаржы пирамидасына 900-ден астам салымшы тартылған. Ал тартылған қаражаттың жалпы көлемі 700 миллион теңгеден асқан.

Алмас Манатұлының айтуынша, әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де түрлі жымқыру фактілері анықталып жатыр. Кей жағдайда жалған құжат жасау, кірісті қолдан көбейту немесе көрсетілмеген қызметтер бойынша жалған есеп тапсыру арқылы мемлекет қаржысына қол сұғатындар кездеседі. Осындай заңбұзушылықтарды анықтау бойынша да бірнеше қылмыстық іс тіркелген. Сондықтан тұрғындарға көрсетілмеген медициналық қызметтер немесе күмәнді қаржылық әрекеттер байқалса, дереу құзырлы органдарға хабар беру ұсынылды.

Қазіргі цифрлық дәуірде алаяқтардың айласы да күрделеніп барады. Олар әлеуметтік желідегі жалған пікірлерді, блогерлердің жарнамасын, жалған жетістік оқиғаларын пайдаланып, халықтың сеніміне кіреді. Әсіресе, қаржылық сауаты төмен адамдар оңай олжаға сеніп қалуы мүмкін. Сондықтан кез келген азамат қаржы салмас бұрын ұйымның лицензиясын, заңды тіркелуін, ресми ақпарат көздерін мұқият тексеруі қажет. Және де азаматтар белгісіз адамдарға жеке мәліметтерін, банк картасының нөмірін немесе құпия кодтарын бермеуі тиіс. Әлеуметтік желідегі жарнамаға сене салу да қауіпті. Кей жағдайда алаяқтар танымал адамдардың суреттерін пайдаланып немесе жалған аккаунттар ашып, өзін сенімді етіп көрсетуге тырысады. Сондықтан кез келген ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру маңызды. Егер ұсыныс шынайы көрінбесе немесе тым тиімді болып көрінсе, оған күмәнмен қараған дұрыс. Мұндай қылмыстардың алдын алуда құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де ерекше.

Қаржылық пирамида – тек экономикалық қылмыс емес, ол қоғамдық сенімге жасалған соққы. Өйткені мұндай схемалар адамдардың адал еңбегімен тапқан ақшасын ғана емес, олардың болашаққа деген үмітін де ұрлайды. Бір сәттік пайдаға қызыққан жұрттың тағдыры көбіне өкінішпен аяқталады. Сондықтан қоғамда қаржылық мәдениет пен құқықтық сауаттылықты арттыру – уақыт талабы.

Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар мен түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Дегенмен ең басты қорғаныс – әр азаматтың сақтығы мен саналы таңдауы. «Тез байытамыз» деген күмәнді ұсыныстарға алданып қалмау, ресми ақпаратқа ғана сену және заң талаптарын сақтау – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі. Өйткені қаржылық тұрақтылық пен қоғамдық сенім – ел дамуының маңызды негіздерінің бірі.