Заңды білу - заман талабы

Қысқаша

Заңды білу - заман талабы

Screenshot_20.jpg

Шымкент қаласында жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған «Заңды білу – заман талабы» атты жиында қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын түсіндіру мәселелері кеңінен талқыланды.

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған басқосуға студент жастар қатысып, құқықтық жауапкершілік пен қоғамдық тәртіптің маңызы жөнінде маңызды мағлұмат алды. Қазіргі таңда қоғамда заңға құрметпен қарау, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесі ерекше өзектілікке ие. Әсіресе жастардың интернет кеңістігіндегі түрлі қауіп-қатерлерге тап болуы, жеңіл табысқа қызығуы мен заң талаптарын толық білмеуі кей жағдайда құқықбұзушылыққа алып келіп жатады. Сондықтан мұндай профилактикалық кездесулердің маңызы зор.

Кездесу барысында спикерлер жастарға заң мен тәртіптің қоғам тұрақтылығындағы рөлін түсіндіріп, құқықтық жауапкершілікке қатысты нақты мысалдар келтірді. Жиында Еңбекші ауданы прокуратурасының бөлім аға прокуроры Алма Сатқанбаева жастарды заң талаптарын сақтауға және кез келген әрекеттің құқықтық салдары болатынын ұмытпауға шақырды. Оның айтуынша, кей жағдайда жастар құқықбұзушылықтың ауырлығын толық бағалай бермейді. Тіпті күнделікті өмірде орын алатын қарапайым жанжалдың өзі ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

– Қандай жағдайда да ашуға ерік бермеңіздер. Кейде күнделікті өмірде болған болмашы жанжалдың өзі үлкен құқықтық мәселеге айналып кетуі мүмкін. Мысалы, біреуді жай ғана итеріп жіберудің соңы адам денсаулығына зиян келтірсе, бұл әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Сондықтан әр әрекеттің салдары болатынын ұмытпаған жөн. Сондай-ақ өздеріңізді қорғау кезінде де заң шеңберінен шықпаған абзал. Өзін-өзі қорғау әр азаматтың құқығы болғанымен, шектен тыс күш қолдану заң алдында жауапкершілікке себеп болуы мүмкін. Сол үшін қандай жағдайда да сабыр сақтап, мәселені күшпен емес, заңды жолмен шешуге тырысыңыздар. Әр қадамды ойланып басып, эмоцияға берілмеңіздер. Себебі жастықпен жасалған бір қателік болашақ өмірге үлкен әсер етуі мүмкін, - дейді Алма Сатқанбаева.

Жиын барысында қазіргі қоғамда кең таралып бара жатқан интернет-алаяқтық пен дропперлік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын «оңай табыс», «банктік шот қажет» деген секілді жарнамалар жастарды заңсыз әрекеттерге тартуы мүмкін. Спикерлер қалада орын алған нақты оқиғаларды мысалға келтіріп, жастарды күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырды. Жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылу көбіне өкінішке әкеледі. Ал заң алдында әр адам өз әрекетіне жауап береді. Сондықтан кез келген шешімді қабылдамас бұрын оның салдарын ой елегінен өткізу қажет.

Қазіргі таңда құқықтық сауаттылық – қоғамның маңызды көрсеткіштерінің біріне айналды. Заңды білу тек құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ғана емес, әрбір азаматқа қажет. Өйткені құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда тәртіп те, тұрақтылық та берік болады. Әсіресе жастардың заң талаптарын ерте жастан білуі олардың болашақтағы өмірлік ұстанымына оң әсер етеді.

Құқықбұзушылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Ең бастысы – түсіндіру, тәрбиелеу және жастардың санасында заңға құрмет қалыптастыру. Бұл бағыттағы кездесулердің мақсаты да – жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың өмірлік таңдауына оң ықпал ету. Жиын соңында қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені саналы, заңға құрметпен қарайтын ұрпақ – ел болашағының берік негізі.