Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған М.-ға қатысты істі қарап, оны ақтау туралы үкім шығарды.

Сот айыптау тарапы ұсынған дәлелдерді зерттеу нәтижесінде сотталушының кінәсі дәлелденбеген және оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келген. Үкім заңды күшіне енген. Бұл туралы Шымкент қалалық соты хабарлады.
Айыптау нұсқасы бойынша 2025 жылғы 16 тамызда М. жәбірленуші Е.-ге және оның әпкелеріне Оңтүстік Кореяға бару үшін «Business visa» рәсімдеп беруге уәде етіп, 12 миллион теңгені иемденіп алған. Осы дерек бойынша оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен, яғни ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген айып тағылған.
Сот отырысында прокурор бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраса, жәбірленуші қатаң жаза қолдануды өтінген. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды талап еткен. Осы жағдайда сот үшін негізгі міндет айыптаудың мазмұнын қайталау емес, ақша берілгені және оны алдау арқылы иемдену ниеті болғаны жөніндегі деректердің жеткілікті дәлелденген- дәлелденбегенін анықтау болды.
Айыптау тарапы өз ұстанымын жәбірленушінің жауабына, қолхатқа, бейнежазбаға және сараптама қорытындысына сүйеніп негіздеген. Алайда сот зерттеуі кезінде бұл материалдардың айыптауды толық әрі сенімді түрде растауға жеткіліксіз екені анықталған. Атап айтқанда, сараптамаға толық бейнежазба емес, одан кесіп алынған 15 секундтық үзінді ғана ұсынылған. Оның үстіне бейнежазбада 12 миллион теңгенің берілу немесе алыну сәті, қолхаттың жазылуы және виза рәсімдеуге қатысты алдын ала келіссөздер тіркелмеген. Демек, ұсынылған үзінді ақшаның нақты берілгенін немесе оны алдау арқылы иемдену әрекетін өздігінен растай алмаған.
Тараптардың ұялы телефондарын тексеру барысында 2025 жылғы шілде мен тамыз аралығында Кореяға бару немесе виза рәсімдеу жөнінде ақпарат табылмаған. Керісінше, жазбалар мен қоңыраулардан жәбірленуші тараптың қорқыту сипатындағы әрекеттері және бұрын алынған алтын бұйымдардың ақшасын талап етуге қатысты мәліметтер анықталған.
Бұған қоса, жәбірленушінің әпкелері сотталушыға виза рәсімдеу үшін құжаттарын бермеген. Олар М.-ны мүлде көрмегенін және онымен виза мәселесін талқыламағанын көрсеткен. Осы жайттар айыптауда баяндалған оқиғаның мән-жайын қосымша тексеруді қажет еткен.
Сот тараптардың арасындағы қатынастар бұрын алынған алтын бұйымдарға байланысты туындаған қарыздық, яғни азаматтық-құқықтық сипатта болған деген қорытындыға келген. Сонымен қатар 12 миллион теңгенің сотталушыға берілгені дәлелденбеген. Осы негіздер бойынша М.-ның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты ол кінәсіз деп танылып, ақталған.
Бұл істің негізгі түйіні – азаматтық-құқықтық дауды қылмыстық айыптаумен шатастырмау және адамның кінәсін нақты дәлелдермен анықтау қажеттігі. Қарызды қайтару, мүліктің құнын өтеу немесе тараптар арасындағы есеп айырысуға қатысты келіспеушілік өздігінен алаяқтық болып саналмайды. Қылмыстық жауаптылық туралы қорытынды жасау үшін заңда көзделген қылмыс құрамының белгілері дәлелденуі керек.
Құқықтық сананың деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар азаматтарға осы айырмашылықты түсіндіруді де қамтуы тиіс. Әр адам өз құқығын қорғауға құқылы, бірақ шағымның мазмұны мен ұсынылған дәлелдер объективті тексерілуге тиіс. Сол сияқты тергеу мен сот процесінде адамның кінәсіздік презумпциясы сақталып, шешім болжамға немесе бір тараптың мәлімдемесіне ғана сүйенбеуі қажет.
«Қауіпсіз қоғам» қалыптастыру үшін азаматтар заңсыз әрекеттерге «нөлдік төзімділік» танытып қана қоймай, құқықтық рәсімдердің сақталуын да талап ете білуі керек. Заңсыздыққа қарсы тұру дәлелдерді бұрмалауға немесе адамды алдын ала кінәлі деп тануға жол бермейді. Керісінше, әрбір істің нақты деректер негізінде қаралуын талап етеді.
Соттың міндеті – тараптардың бірінің мүддесін қорғау емес, ұсынылған дәлелдерге заң аясында баға беріп, әділ шешім шығару. Мұндай тәсіл азаматтардың сот төрелігіне сенімін арттырып, қоғамда заң үстемдігін орнықтыруға қызмет етеді.




