Шымкент қаласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, азаматтардың заңды мүдделерін қалпына келтіру және нарықтағы жауапкершілікті күшейту мәселелері сот тәжірибесінде көрініс тауып отыр.

Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта интернет арқылы сатып алынған ақаулы тауардың ақшасын қайтаруға қатысты дау қаралып, тұтынушының талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот шешімі тауар сапасына жауапты сатушының өз міндеттемелерін орындауы керектігін көрсетті.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы маркетплейс арқылы 64 мың теңгеге бу үтігін сатып алған. Алайда тауарды пайдаланған кезде оның бу шығару функциясы дұрыс жұмыс істемейтіні анықталған. Тұтынушы ақауды байқағаннан кейін тауарды қайтаруға өтініш беріп, сапасын тексеру үшін сатушыға тапсырған. Соған қарамастан, төленген ақша қайтарылмаған. Осыдан кейін азамат сотқа жүгініп, сатушыдан тауардың құнын, талапты орындау мерзімін бұзғаны үшін өсімпұлды, моральдық зиянның өтемақысын және сот шығындарын өндіруді сұраған. Сонымен қатар талап арызда маркетплейс пен банкке де талап қойылған.
Сот талқылауы кезінде тұтынушының тауар сапасына қатысты уәждері дәлелін тапқан. Даулы үтік сатушының қолында болғанына қарамастан, оның жарамды екенін және жарияланған сипаттамаларға сәйкес келетінін растайтын жеткілікті дәлелдер ұсынылмаған. Атап айтқанда, сатушы тауардың сапасын дәлелдейтін сараптама қорытындысын немесе өзге де тиісті құжаттарды көрсетпеген.
Сот шешімімен жеке кәсіпкерден талап қоюшының пайдасына тауар құны ретінде 64 мың теңге, өсімпұл ретінде 55 028 теңге 82 тиын, моральдық зиян өтемақысы ретінде 20 мың теңге және сот шығындары өндірілді. Ал маркетплейс пен банкке қатысты талаптар қанағаттандырылмады. Сот олардың тауарды тікелей сатушы емес, тиісінше ақпараттық-технологиялық алаң мен қаржылық қызметтерді ұсынушы болғанын ескерген. Шешім заңды күшіне енген.
Бұл істің маңызы – тұтынушының құқығы тауарға ақша төлеумен ғана шектелмейтінінде. Сатып алушы сапалы өнім алуға, ақау анықталған жағдайда заңда көзделген талаптарды қоюға және өз құқығы бұзылса, оны сот арқылы қорғауға құқылы. Ал сатушы тауардың сапасына қатысты міндеттемелерін орындауға және тұтынушының заңды талабына уақытында жауап беруге тиіс.
Интернет-сауда кеңейген сайын сатушы мен сатып алушының арасындағы жауапкершілікті нақты ажырату да маңызды болып отыр. Электрондық сауда алаңдары тауарды таңдауға және төлем жасауға мүмкіндік бергенімен, әрбір қатысушының заңда белгіленген міндеттері өзара тең емес. Сондықтан тұтынушының талабы кімге және қандай негізде қойылатыны істің нақты мән-жайына қарай анықталады.
Шымкент қаласында құқықтық сананың деңгейін арттыру жұмыстарының бір бағыты – азаматтарға күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелерді түсіндіру. Тұтынушының өз құқығын білуі, сатып алу кезінде құжаттарды сақтау, тауардың сапасына қатысты шағымды белгіленген тәртіппен беру және қажет болған жағдайда сотқа жүгінуі құқықтық мәдениеттің нақты көрінісі саналады.
«Заң мен тәртіп» қағидатының мәні де осында: азамат та, кәсіпкер де өз әрекетін заң талаптарына сәйкестендіріп, міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет. Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» таныту тек қылмыстық әрекеттерге қарсы тұрумен шектелмейді. Ол азаматтардың заңды құқықтарын елемеуге, міндеттемелерді негізсіз орындамауға және жауапкершіліктен жалтаруға да төзбеуді білдіреді.
Бұл істен шығатын негізгі қорытынды – тұтынушы құқығын қорғау нарықтағы тәртіпті нығайтуға ықпал етеді. Сапасыз тауар үшін жауапкершіліктің болуы сатушыларды міндеттерін орындауға ынталандырады, ал азаматтардың өз құқығын заңды жолмен қорғай алуы қоғамдағы әділеттілік қағидатын бекітеді.




