Қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қорғау – мемлекеттік органдардың маңызды міндеттерінің бірі.

Әсіресе, жастар арасында қылмыстың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және оларды күмәнді ұсыныстардан сақтандыру ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені әлеуметтік желілер арқылы таралатын «оңай ақша табу» туралы жарнамалар кей жағдайда жастарды қылмыстық әрекеттерге итермелейтін қауіпті құралға айналып отыр.
Мұның бір мысалы – Шымкент қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты шығарылған сот үкімі. Жуырда қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты психотроптық заттарды заңсыз өткізген жасөспірімнің ісін қарап, оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Іс материалдарына сәйкес, жасөспірім әлеуметтік желідегі тез әрі көп ақша табуға мүмкіндік беретін ұсынысқа сенген. Оған күніне 30-40 мың теңге көлемінде табыс табатыны уәде етіліп, психотроптық заттарды алдын ала белгіленген орындарға жасыру тапсырылған. Кейін ол осы заттарды 51 500 теңгеге өткізген. Сот жасөспірімнің әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша саралап, заңда көзделген жаза тағайындады. Бұл оқиға күмәнді табыс көздерінің артында ауыр қылмыстық жауаптылық тұруы мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетеді.
Бір қарағанда, күнделікті қомақты ақша табу туралы ұсыныс жасөспірім үшін тартымды көрінуі мүмкін. Алайда мұндай жарнамалардың артында кім тұрғаны, ұсынылған тапсырманың заңдылығы және оның қандай салдарға әкелетіні көбіне ашық айтылмайды. Қылмыстық топтар жастардың тәжірибесіздігін, қаржылық қиындықтарын немесе оңай табысқа қызығушылығын пайдаланып, оларды өз әрекеттерінің орындаушысына айналдыруы ықтимал.
Заңның үстемдігі жағдайында әрбір азамат өз әрекетіне жауап береді. Кәмелетке толмаған адамның жасы оның құқықтары мен мүдделерін қорғау қажеттігін арттырғанымен, заңсыз әрекеттердің салдарын жоққа шығармайды. Сондықтан құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» таныту тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Ең бастысы – қылмыстың алдын алу, жастарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және олардың қауіпті ұсыныстарды дер кезінде ажырата білуіне көмектесу.
Бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігі де айрықша. Балалардың әлеуметтік желілердегі белсенділігіне назар аударып, олардың кімдермен байланысатынын, қандай ұсыныстар алатынын және күмәнді табыс көздеріне қызығушылығы бар-жоғын бақылау маңызды. Жасөспіріммен ашық сөйлесу, заңсыз әрекеттердің салдарын түсіндіру және қиын жағдайда көмек сұрауға мүмкіндік беру – келеңсіз жағдайлардың алдын алудың тиімді жолдары.
Шымкент қаласының прокуратурасы жастарды әлеуметтік желілердегі «тез ақша табу» туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Есірткі заттарын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Жас ұрпақтың болашағы бір сәттік пайдадан әлдеқайда қымбат. Заңды құрметтеу, күмәнді ұсыныстардан аулақ болу және әрбір қадамның салдарын бағамдау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты. Өйткені оңай табыс туралы уәденің соңы еркіндіктен айырылуға ұласуы мүмкін.




