Тәртіп – қоғам тыныштығының кепілі

Қысқаша

Тәртіп – қоғам тыныштығының кепілі

«Заң мен тәртіп» қағидасы Шымкентте жүйелі іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде қалада тәртіп күшейді, құқық бұзушылық пен қылмыс азая түсті. Ең бастысы адамдар осы бастама арқылы заң мен тәртіптің не екенін, оның қоғам үшін қажет екенін түсінді. 

image.png

Заң жұмыс істемейтін, тәртіп жоқ жерде қылмыс та, басбұзарлық та орын алады. Сондықтан қоғамда тыныштық болу үшін бірінші тәртіп керек.  

Ос тұста айта кеткен жөн жалпы «Заң мен тәртіптің» елімізде қабылдануы тәуелсіздіктің арқасы. Осы орайда биыл Қазақстан Республикасының тарихындағы аса маңызды құжаттардың бірі – мемлекеттің егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толды. Бұл тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы шешуші кезеңнің бастауы болды. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Декларация Қазақстанның мемлекеттік дербестігін айқындап, егемен мемлекеттің құқықтық, саяси және экономикалық негізін қалады. Құжатта республика аумағының тұтастығы, мемлекеттік биліктің тәуелсіздігі және ұлттық мүддені қорғау қағидаттары бекітілді.

Декларацияның қабылдануы – елдің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы тарихи бетбұрыс болды. Ол кейінгі Конституциялық реформалар мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның қабылдануына негіз қалап, Қазақстанның егемен ел ретінде халықаралық аренада мойындалуына жол ашты. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация – халқымыздың азаттыққа, дербестікке және ұлттық бірлікке ұмтылысының символы. Бұл құжат Қазақстанның демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет ретінде дамуының бастауы болып саналады. Бүгінде осы тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл тола отырып, еліміз Тәуелсіз Қазақстанның тұрақты даму, жаңару және өркендеу жолын жалғастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде әділетті қоғам құру, ұлттық мүддені қорғау және мемлекеттілікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда.

Енді полиция департаментінің деректеріне назар салсақ, өткен аптада Шымкент қаласы бойынша тергеу органдарының өндірісінде 177 қылмыстық іс тіркеліп, оның үшеуі сотқа жолданды. Қала аумағында жиі тіркелетін қылмыстардың басым бөлігін алаяқтық (63 іс), ұрлық (44 іс), есірткі айналымына қатысты (11 іс) және жол-көлік оқиғалары бойынша (9 іс) деректер құрап отыр.

Алаяқтық қылмыстарының көпшілігі интернет арқылы жасалған (43 дерек). Азаматтар көбіне интернет желілеріндегі жалған жарнамаларға сеніп, өз қаражаттарынан айырылып жатады. Мысалы, тауар сату және сатып алу кезінде (16), инвестиция жасау арқылы пайда табуға шақыратын жарнамаларға (4), өздерін банк немесе байланыс қызметкерлері ретінде таныстырып хабарласу (12), несие рәсімдеу (4) және коммуналдық қызмет өкілі ретінде алдау (6) жағдайлары тіркелген.

Мәселен, өткен аптада қала тұрғынына өзін «Электросеть» қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, шотына 110 мың теңге аудартып алған. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция департаменті тұрғындарға бейтаныс тұлғаларға ақша аудармауды, коммуналдық төлемдерді тек ресми филиалдарда немесе қызметтік байланыс нөмірлері арқылы нақтылап төлеуді ескертеді.

Сонымен қатар, интернет кеңістігінде есірткі сатумен айналысатын заңсыз онлайн-дүкендердің таралуы қоғам үшін үлкен қауіп тудырып отыр. Мәселен, осыған қатысты бір іске тоқталсақ, қала тұрғыны өзінің банк картасын танысына уақытша пайдалануға беріп, нәтижесінде карта есірткі саудасымен айналысқан тұлғаларға ақша аударуға қолданылған. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін полиция азаматтарды өз карталарын бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тартуға және күдікті жағдай байқалса, бірден «102» нөміріне хабарласуға шақырады.

Қала аумағында жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуі де алаңдаушылық туғызуда. Соңғы аптада төрт қылмыс – жүргізушілердің жылдамдықты асыруы мен ұялы телефонға алаңдауы салдарынан, екі қылмыс – жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуінен, бір оқиға – кәмелетке толмағандардың электрлі самокат пен скутерді жол ережесін бұзып басқаруынан, ал бір дерек – мас күйінде көлік жүргізуден орын алған.

Қоғамның тұрақтылығы мен елдің өркендеуі ең алдымен заңның үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Мемлекет үшін заңдылықты қамтамасыз ету – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, әділдік пен қауіпсіздікті орнатудың басты кепілі болып табылады. Елімізде құқықтық мемлекетті қалыптастыру және әділ сот жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бойынша нақты шаралар қабылдануда. Заң мен тәртіптің сақталуы – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен қоғам алдындағы борышы. Қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу – мемлекет пен азаматтардың ортақ міндеті. Осы мақсатта құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қызмет атқаруда.

Жалғыз Шымкент емес, бүгінгі таңда Қазақстанда есірткі қылмысымен күрес бойынша кешенді шаралар жалғасуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов толығырақ айтып берді. Оның айтуынша, елімізде қазірдің өзінде дәрі-дәрмек тамшылары үшін айыппұлдар енгізілген, бақылаудағы заттардың тізімі жаңа түрлерімен үнемі толықтырылып отырады. Бас прокуратурамен және Ұлттық банкпен бірлесіп қылмыстық активтерді мемлекет кірісіне айналдыру тетіктерін, сондай-ақ есірткі қылмысын ашуға көмектескен азаматтарды марапаттау жүйесі әзірленуде. «Біз ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, профилактикалық кеңестердің жұмысын қолдаймыз, прекурсорлардың айналымын бақылау ережелерін әзірледік», – деп атап өтті Қуандық Әлжанов.

Парламент Мәжілісіне «Қылмыстың алдын алу туралы» заң жобасы енгізілген. Ішкі істер министрлігі уәкілетті орган болып қала береді, бірақ келесі органдар белгіленді: - нашақорлықтың ауру ретінде профилактикасы бойынша – Денсаулық сақтау министрлігі; - жасөспірімдер мен жастарды оқыту бойынша – Білім және жоғары білім министрлігі. Сондай-ақ есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде. Құжат жобасы бұған дейін Мемлекеттік консультативтік кеңесі жанындағы жастар саясаты кеңесінде талқыланған болатын. Қ.Әлжановтың айтуынша, бұл бүгінгі күні есірткі тұтынушылар мен құқық бұзушылардың едәуір бөлігін жастар құрайтындығымен байланысты. «Біз жоспарды әзірлеуге жастарды белсенді қатыстырдық және олардың шығармашылық көзқарастарын ескеруге тырыстық», – деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің өкілі.

Агенттік сонымен қатар әкімдердің есірткіге қарсы күрес бойынша рейтингтік жүйесін әзірледі. Шығыс Қазақстан облысында пилоттық енгізу жүргізілді. Жобаны жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, бүкіл ел бойынша кеңейту жоспарлануда. Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстан да ТМД елдерімен байланысын нығайтып келеді.

Мегаполисте заңбұзушылықпен күрес қана жүрмейді, оның алдын алу жолдары да қарастырылады. Мәселен, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Жансерік Жұман, білікті заңгер, кәсіби медиатор Айжан Кесебаева, сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай қатысты.

Кездесу барысында жастарға заң аясында өмір сүрудің маңыздылығы, құқықтық сауаттылықтың қоғамдағы рөлі мен құқықтық жауапкершілік жайында кең көлемде ақпарат берілді. Спикерлер жастарды кез келген әрекетінде заң нормаларын сақтауға, өз құқықтары мен міндеттерін білуге шақырды. Айжан Кесебаева өз сөзінде соңғы жылдары жастар арасында құқық бұзушылық, буллинг және сталкинг сияқты әрекеттердің белең алып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде сталкинг – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын іс-әрекет болып табылады. 

– Психологиялық қысым көрсету, біреуді қудалау, әлеуметтік желіде жағымсыз пікір жазу немесе ар-намысқа тиетін сөз айту – барлығы заң бойынша жауапкершілікке әкеледі. Ең бастысы – заңды білмеу заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан әрбір жас өз құқығын ғана емес, өз міндетін де жете түсінуі керек, – деді заңгер Айжан Кесебаева. 

Ал Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай жастарға интернет кеңістігінде сақ болу қажеттігін ескертті. Одан бөлек шаһардағы 5 ауданның аумағында кезекті рет «Түнгі рейд» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған «Қауіпсіз қала» тақырыбындағы іс-шараның мақсаты – жастар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізу. 

Кезекті рейдтік іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті, аудан әкімдіктері, Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман және орталық қызметкерлері қатысты. Рейд барысында мамандар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтау, ойын-сауық мекемелерінде қорқор мен зиянды заттарды пайдаланудың алдын алу, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ҚР заңнамаларын сақтау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына заң талаптары түсіндіріліп, ескерту парақшалары таратылды. 

Түнгі рейд барысында барлығы 101 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Соның ішінде, түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болған 4 жасөспірім және түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 94 жасөспірім анықталды. Қадағалаусыз жүргені үшін 10 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Айта кетсек, жыл басынан бергі 9 айдың ішінде «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен, аудан әкімдіктері мен ювеналды полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Түнгі қаладағы жастар», «Жасөспірім», «Көше» атаулы профилактикалық рейдтік 9 іс-шара өткізілді. Бұл жұмыстар жастардың заң талаптарын сақтау деңгейін арттырып, құқықтық жауапкершілік туралы түсінігін кеңейтуге және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізді.

Ә.ҚОНЫСБАЙ