«Жас сақшының» мақсаты – адал ұрпақ тәрбиелеу

Қысқаша

«Жас сақшының» мақсаты – адал ұрпақ тәрбиелеу

Бүгінгі таңда қоғам дамуының маңызды бір тетігі – жастардың саналы тәрбие алуы, олардың бойында отансүйгіштік пен заңға құрмет сезімін қалыптастыру.

image.png

Осы орайда өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында Шымкентте тәрбиелік маңызы зор бастама қолға алынды. Нақтырақ айтқанда, Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта білім беретін мектепте «Жас сақшы» деп аталатын жас полицейлердің кадет сыныбы ашылды. Бұл шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асып, өскелең ұрпақты құқықтық мәдениетке баулуды, патриоттық рухты оятуды және болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруді мақсат етті.

Иә, бастаманың басты мақсаты – адал ұрпақ тәрбиелеу. Кадет сыныбын құру идеясы кездейсоқ емес. Елдің тыныштығын сақтау мен заңды қорғау кез келген мемлекеттің тұрақтылығының кепілі болса керек. Сондықтан жастардың құқық қорғау саласына қызығушылығын оятып, оларды тәртіп пен жауапкершілікке баулу бүгінгі заманның талабына айналған. «Жас сақшы» жобасы мектеп пен полиция департаменті арасындағы серіктестік негізінде іске асты. Мұндай кадет сыныптары жастардың өмірге көзқарасын, мінезін, ұстанымын қалыптастыратын ерекше тәжірибелік орта екені даусыз.

Мектеп басшылығы мен педагогикалық ұжым бұл бастаманы қолдап, балалардың жеке дамуы мен азаматтық көзқарасын қалыптастыруға бар жағдай жасаған. Кадет сыныбының ашылу рәсімі де ерекше салтанатты жағдайда өтті. Мектептің алаңына кадет киімін киген оқушылар сап түзеп, мемлекеттік Әнұран орындалды. Сол сәттегі балалардың жүзіндегі мақтаныш, көзіндегі сенім бастаманың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсеткендей сезім тудырды. Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мәулен Ахметов, мектеп ұстаздары, ата-аналар мен қоғам өкілдері қатысты. Жаңа кадеттерге арнайы тіктірілген нысанды киім мен төсбелгілер табысталды. Сынып бөлмесі де толықтай жабдықталған. Сынып ішінде құқық қорғау саласына қатысты стендтер, оқу құралдары мен көрнекіліктер орнатылған.

Полиция полковнигі Мәулен Ахметов кадеттерге арнаған сөзінде қоғамның тұрақтылығы мен бейбіт өмірінің негізі заң мен тәртіп екенін ерекше атап өтті. «Бүгінгі ашылып отырған «Жас сақшы» сыныбы ұлттың болашағына салынған іргетас. Себебі елге адал қызмет етуге, заңды сыйлауға, тәртіпті болуға тәрбиелеу тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның маңызды міндеті. «Заң мен тәртіп» деген ұғымды біз терең түсінуіміз керек. Заңға, тәртіпке бағынуды үйрену, құқықтық сауаттылықты арттыру адамға пайда әкелмесе, зиян тигізбейді. Тәртіп бар жерде тұрақтылық, заң бар жерде әділдік болатыны анық. Жастар, балалар ертеңгі еліміздің тірегі. Олардың арасынан болашақ полиция қызметкерлері, әскери офицерлер, құқық қорғау саласының абыройлы өкілдері шығатынына сенемін. Бүгінгі киген форма жай ғана киім емес, сенім мен жауапкершілік нышаны. Сендер елдің намысын қорғайтын азамат боласыңдар. Ал ең бастысы өз Отандарыңды сүйіп, оның заңдары мен тәртібін құрметтеуді үйренесіңдер. Бұл нағыз патриотизмнің бастауы. Осы жолда адал азамат болуларыңды тілеймін. Сендердей жастар барда еліміз де өркендей түседі. Сондықтан, елге пайдамызды тигізу үшін бастаған ісіміздің жауапкершілігін түсіне білейік, жастар. Біз сендердің болашақтарыңа сенеміз!» – деді ол өз сөзінде.

Полковниктің сөздері жас кадеттерге ерекше рух бергендей көрінді. Балалар көздерінде от, бойларында сенім бар күйде сап түзеп, елге адал қызмет етуге дайын екендерін көрсетті. Кадет сыныбының оқушыларына арналған бағдарлама ерекше мазмұнмен толықтырылған. Мұнда тек жалпы білім беретін пәндер ғана емес, құқықтық тәрбие, алғашқы әскери дайындық, азаматтық қорғаныс, өзін-өзі ұстау мәдениеті, көшбасшылық қабілетті дамыту сияқты пәндер енгізілген. Полиция департаментінің қызметкерлері балалармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, шынайы өмірлік мысалдармен бөлісіп, қызметтің ерекшеліктері туралы айтады. Сондай-ақ, тәжірибелік сабақтар мен экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланған.

Мектеп директорының айтуынша, кадет болу жәй  форма кию емес, ол үлкен жауапкершілік пен абырой. «Бұл балалар өзге сынып оқушыларына үлгі болып, мектеп ішінде тәртіп пен ұйымшылдықтың символына айналады. Сендерге қарап сап түзейді. Сондықтан сендер үлгілі болыңдар, жүктелген жауапкершілікті азамат ретінде адал алып шығатындарыңа сенімдімін», – дейді мектептің бас ұстазы.

Іс-шара барысында балалармен бірге ата-аналар да ерекше толқып, қуаныштарын жасыра алмады. Олар үшін бұл балаларының өміріндегі жаңа кезең, өз жолын табуға бағыт беретін маңызды бастама болды. Кадеттердің ата-аналарының бірі Айгүл Тұрсынова, өз пікірін былай білдірді: «Бүгін баламыздың осындай жауапкершілігі жоғары ортаға қосылғанына қуаныштымыз. Бұл олардың өмірге деген көзқарасын, мінезін қалыптастыратын маңызды қадам. Бала бойында тәртіп пен сабыр, ерлік пен әділдік сияқты қасиеттердің қалыптасуы, әрине, әрбір ата-ананың арманы. Кадет формасын киген ұлымды көргенде, жүрегім ерекше толқыды. Үстіндегі киімі тазалықтың, адалдықтың және намыстың нышанындай болып көрінді. Осындай тәрбиелік мәні зор жобаны іске асырған ұстаздар мен полиция департаментіне алғысымыз зор. Біздің балаларымыз да өскенде осы полиция ағаларындай форма киіп, ел тыныштығын күзетсін деп тілек қосамын. Бастысы, балалардың бойына сенгімділік ұялатып, осындай шараны қолға алған қос ұжымға ата-аналар атынан айрықша алғыс айтамын», – деді ағынан жарылып.

Ата-аналардың ризашылықтары іс-шараның мәнін одан сайын айшықтай түсті. Расында да, мұндай кадет сыныптарын ашу елдегі жастар саясатының нақты нәтижесі. Мемлекет жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне, құқықтық санасының артуына айрықша көңіл бөлуде. Бүгінде Шымкент қаласында да жастарды азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде бүгінгі әңгімемізге арқау болған «Жас сақшы» кадет сыныбы ерекше маңызға ие. Бұл бастама балалардың тек білім алуына емес, мінез-құлқын қалыптастыруына, болашақ өмірге дайын болуына ықпал етеді. Ал полицейлердің кәсіби тәжірибесі мен тәлімгерлігі арқылы жастар нақты өмірлік дағдыларды меңгеріп, өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінеді.

Рас, кадет формасы намыс пен мәртебенің белгісі. Жас кадеттерге арнайы тігілген нысанды киім ерекше ықыласпен әзірленді. Әрбір түйме, төсбелгі, иықтағы белгі тәртіп пен жауапкершілікті білдіреді. Мектеп ұжымы үшін бұл киім тек формалық атрибут емес, тәрбиелік құрал. Форманы киген бала өзін өзгеше сезінеді: жүріс-тұрысы, сөзі, ісі – бәрі тәртіпке сай болуы тиіс. Бұл кадет тәрбиесінің басты ерекшелігі мен талабы, темірдей тәртібі. Мұндай бастамалар жастардың бойындағы енжарлық, жаулқаулық пен бейқамдықтың орнына жауапкершілік пен батылдық сезімін қалыптастырады. Қазірдің өзінде бұл сыныптың оқушылары түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі, патриоттық бағыттағы акцияларға атсалысуда. Бұл олардың қоғамға пайдасын тигізуге деген алғашқы қадамы.

Иә, осылайша мектеп пен полицияның бірлескен қадамы, жоба-жоспары сәтті жүзеге асты. Мамандардың айтуынша, Молда Мұса атындағы №5 мектеп пен қалалық полиция департаментінің арасындағы әріптестік жалғасын табады. Алдағы уақытта мұнда тағы да тәжірибелік сабақтар, құқық қорғау саласындағы мамандармен кездесулер, экскурсиялар мен сайыстар ұйымдастыру жоспарлануда. Мектеп директорының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жыл сайын кеңейіп, жаңа әдістермен толықтырылады. «Басты мақсат балаларға тек білім беріп қоймай, дұрыс тәрбиелей білу. Ұстаздардың ұстазы Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Біздің басты мақсатымыз да, ұстаным-ұранымыз да осы», – дейді ол.

Шынында да ертеңгі ел қорғаны бүгіннен қалыптасады. Шымкент қаласындағы «Жас сақшы» кадет сыныбы болашақтың сенімді ұрпағын тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Бұл жоба арқылы жасөспірімдер тек тәртіпті, білімді ғана емес, өз елінің заңына адал, қоғам алдындағы борышын түсінетін азамат ретінде қалыптасады. «Әлбетте, тәртіп пен заң – мемлекеттің іргетасы. Сол іргетасты берік ұстайтындар бүгінгі жастар. Ал олардың бойында әділдік, адалдық пен елге қызмет ету рухы болса Қазақстанның ертеңі нұрлы болмақ» – дейді полиция полковнигі Мәулен Ахметов.

Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі ел азаматтарының парасаттылығында. Сол парасат пен патриотизмнің дәні дәл осындай «Жас сақшы» сыныптарында егіліп жатыр. Олар бүгін мектеп оқушысы болса, ертең ел қорғанына айналады. Тәртіп пен адалдықты өмірлік қағида еткен жас буын болашақтың мықты тірегі болмақ. Сондықтан бүгінгі жастарды тәрбиелеуде қателік жіберіп алмау маңызды. Отанын сүйетін ұл ғана оған адал қызмет етіп, туын тік ұстай алады. 

Аида ӨТЕП