Түнгі клубтарда төбелес неге тыйылмай тұр?

Қысқаша

Түнгі клубтарда төбелес неге тыйылмай тұр?

Түнгі клубтар мен барларға баратын жастардың мақсаты – көңіл көтеріп, достармен демалу. Алайда, кейде мұндай кештердің соңы тәртіпсіздікке, тіпті қылмысқа ұласып кетіп жатады. 

image.png

Даңғыраған музыка мен шам жарығы астында басталған көңілді отырыс бір сәтте жанжалға айналып, полиция шақыруға дейін барады. Тіпті, есірткіге елітетіндердің де денін сол жақтан табуға болады. Соңғы уақытта Шымкент қаласында да мұндай жағдайлар жиілеп, кейбір ойын-сауық орындары құқық қорғаушылардың ерекше бақылауына түсті. Көңіл көтеруге арналған мекендердің кейбірі енді қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан “проблемалы аймақ” ретінде атала бастады.

Түнгі клубтар, барлар мен дәмханаларда жиі тіркелетін құқық бұзушылықтар мен төбелестер қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр. «Заң мен тәртіп» қағидаты мен 2024-2028 жылдарға арналған «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестікте қамтамасыз ету» тұжырымдамасы аясында бұл бағытта нақты іс-шаралар қолға алынды. Негізгі мақсат – жекелеген құқық бұзушылықтарды тіркеумен шектелмей, олардың алдын алуға бағытталған жүйелі тәсіл қалыптастыру. Осыған байланысты Шымкент қаласы Полиция департаменті ойын-сауық орындарында орын алған оқиғаларды, «102» арнасына түскен шағымдар мен хабарламаларды сараптап, қауіп деңгейі жоғары орындардың рейтингін жасады.

Талдау нәтижесінде ағымдағы жылдың тоғыз айында Шымкент қаласындағы ойын-сауық мекемелерінен полицияға жиі шақырту түскені анықталды. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда жалпы хабарламалар саны аздап төмендегенімен, кейбір мекемелер тұрақты түрде құқық қорғаушылардың назарына ілігіп келеді. Мәселен, Мангелдин көшесінде орналасқан «Dicoco» түнгі клубынан осы жылдың тоғыз айында 69 рет полиция шақыртылған. Көп жағдайда тәртіп бұзушылықтар төбелес, келушілердің дене жарақат алуы, әкімшілікпен жанжал және ұрлық фактілерімен байланысты болған. Бірнеше оқиға қылмыстық құқық бұзушылық ретінде тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұдан сәл төмен көрсеткіш «Аризона» барында тіркелген. Бұл түнгі клубтан 66 хабарлама түскен. Мұнда да көбіне келушілер арасындағы түсініспеушіліктер, ішімдік әсерінен туындаған агрессия, қоғамдық тәртіпті бұзу, сондай-ақ есірткіге қатысты күмәнді деректер байқалған.

Мамандардың айтуынша, мұндай мекемелерде тәртіп бұзушылықтың жиілеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қауіпсіздік қызметінің жеткіліксіздігі мен бейнебақылау жүйелерінің тиісті деңгейде жұмыс істемеуі. Екіншіден, кейбір нысандарда күзетшілер кәсіби дайындықтан өтпеген, келушілердің мінез-құлқына бақылау әлсіз. Үшіншіден, жалпы қоғамдағы мәдениет пен жауапкершіліктің төмендігі де өз әсерін тигізеді. Нәтижесінде, ұсақ жанжалдың соңы кейде ауыр қылмыстық жағдайға ұласуы мүмкін.

Полиция департаменті өкілдері бұл мәселені шешудің басты жолы тек жазалау шаралары емес, керісінше алдын алу жұмыстары екенін айтады. Сол мақсатта ойын-сауық орындарының әкімшіліктерімен бірлескен «Қауіпсіз нысан», «Бейбіт түн» секілді жобалар қолға алынып жатыр. Бұл бастамалар аясында клуб иелері мен бар қожайындарына нақты талаптар қойылған: бейнебақылау жүйесін жаңарту, жазбаларды кемінде 30 күн сақтау, күзет қызметін лицензияланған компаниялармен келісім арқылы ұйымдастыру және келушілердің тәртібін бақылауды күшейту. Сондай-ақ құқық қорғаушылар бейнекамераларды тікелей полицияның жедел басқару орталығына қосу мәселесін де көтеріп отыр.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полицияның ғана емес, жергілікті биліктің, бизнес иелерінің және қарапайым тұрғындардың да жауапкершілігі зор. Құқық бұзушылықтың алдын алу барлығына ортақ міндет. Себебі заң мен тәртіп тек патрульдік полиция мен бейнекамераларға тәуелді емес, ол әрбір азаматтың мәдениеті мен ойлау деңгейінің көрсеткіші. Егер келушілер өз әрекетінің салдарын түсінсе, ішімдік әсерінен өзін-өзі бақылауды жоғалтпай, өзге адамдардың тыныштығына құрметпен қараса, мұндай оқиғалар азаяры анық.

Сарапшылардың пікірінше, қазір қоғамда «түнгі өмір» мәдениетін қалыптастыру маңызды. Көңіл көтеру заң бұзуға себеп болмауы тиіс. Түнгі клубтар мен барлар мәдениет пен этиканың сақталатын, адамдар демалуға және шығармашылық тұрғыда сергіп шығуға арналған орынға айналуы қажет. Бұл бағытта кәсіпкерлер де өз үлесін қосып, ішкі тәртіпті сақтау мен келушілер қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нақты шаралар атқаруы тиіс.

Шымкент қаласында соңғы айларда полиция тарапынан профилактикалық рейдтер жиілеп, тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып жатыр. Алайда бұл тек уақытша шара емес, қоғамның жалпы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың бір бөлігі ғана. Егер әрбір мекеме өз жауапкершілігін сезініп, келушілер тәртіпті сақтауға үйренсе, қаланың түнгі өмірі қауіпсіз әрі өркениетті арнаға түсер еді.

Қоғамдық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. «Қауіпсіз қала» ұғымы тек полиция патрульдері мен бейнебақылау жүйелерінің көптігімен өлшенбейді. Ол адамдар арасындағы өзара сыйластық, мәдениет және жауапкершілік деңгейінің көрінісі. Түнгі клубтар мен барлардағы тәртіпті сақтау арқылы біз өз қаламыздың бейнесін қалыптастырамыз. Ал қоғамдық сана өзгермей, ешқандай қауіпсіздік жүйесі нәтижелі болмайды. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтау баршаға ортақ іс, ал қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғамның жетілгендігінің айғағы.

– Біздің басты мақсатымыз тек құқық бұзушылықтарды тіркеу емес, олардың алдын алу. Қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде профилактикалық жұмыс ең маңызды бағыт. 2024–2028 жылдарға арналған “Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестікте қамтамасыз ету” тұжырымдамасы осы ұстанымға негізделген. Түнгі клубтар, барлар мен дәмханалар азаматтар көп шоғырланатын, эмоциялық және әлеуметтік шиеленіс жиі байқалатын орындар. Сондықтан біз бұл нысандардың бәрін ерекше бақылауға алдық. Ағымдағы жылдың тоғыз айында “102” арнасына келіп түскен шағымдар мен хабарламаларды сараптай отырып, бірқатар ойын-сауық орындарының аты жиі тіркелетінін байқадық. Мәселен, Мангелдин көшесіндегі “Dicoco” түнгі клубынан 69 шақырту түсті. Бұл бір ғана мекемеге қатысты өте жоғары көрсеткіш. Көп жағдайда бұл оқиғалар төбелес, мас күйдегі азаматтардың агрессивті әрекеттері, әкімшілікпен жанжал және ұрлық деректерімен байланысты. Бірнеше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал “Аризона” барынан 66 хабарлама тіркелді. Мұнда да қоғамдық тәртіпті бұзу, төбелес және есірткіге қатысты деректер анықталды. Бұл деректердің бәрі кездейсоқ емес. Біз әрбір шақырту бойынша нақты талдау жүргізіп, оқиғаның себебі мен сипатына қарай нысан әкімшілігімен жұмыс істейміз. Кейде бір рет жасалған ескерту нәтиже береді, ал кей жағдайда жүйелі бақылау қажет болады. Тәртіп бұзушылықтың негізгі себебі келушілердің жауапкершілігінің төмендігі мен ішкі қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі. Кейбір мекемелерде бейнебақылау камералары ескірген, ал күзет қызметі тиісті кәсіби дайындықтан өтпеген. Мұндай жағдайда кез келген жанжал тез өршіп, құқық бұзушылыққа ұласады. Біз тек әкімшілік шаралармен шектелмейміз. Қазір “Қауіпсіз нысан”, “Бейбіт түн” сияқты арнайы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалардың мақсаты бизнес иелерімен бірлесіп жұмыс істеу, оларға нақты талаптар қою және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты жүйе қалыптастыру. Мысалы, бейнебақылау жазбалары кемінде 30 күн сақталуы керек, күзетшілер лицензияланған компаниялардан алынуы тиіс, ал нысан ішіндегі тәртіп бұзушылық дер кезінде тіркеліп, тиісті шаралар қолданылуы қажет. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарының иелерімен, әкімшілік өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізіп келеді. Біз тек жазалауды емес, түсіндіруді, алдын алу жұмысын басты назарда ұстаймыз. Қаладағы барлық ойын-сауық мекемелерінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы ортақ мүдде. Бұл тек полицияның емес, әрбір кәсіпкердің де жауапкершілігі. Біздің бөлімде түнгі уақытта қала аумағында кезекшілік жасайтын мобильді топтар бар. Олар жиі құқық бұзушылық тіркелетін аудандар мен көшелерді патрульдейді. Бірақ біз қанша патруль қойсақ та, егер азаматтар өздері тәртіпке мән бермесе, нәтиже толық болмайды. Сол себепті біз тұрғындарға да үндеу тастаймыз: өз қауіпсіздігіңізді қорғау  өз қолыңызда. Мас күйде қоғамдық орындарға барудан, жанжал туғызудан, өзгенің тыныштығын бұзудан аулақ болу бұл мәдениеттің белгісі. Біздің басты мақсатымыз түнгі өмірді, көңіл көтеруді шектеу емес. Қайта, қауіпсіз әрі мәдени демалыс қалыптастыруға мүдделіміз. Біз ойын-сауық индустриясын қадағалау арқылы қоғамдағы жалпы құқықтық мәдениетті көтеруді көздейміз. Шымкент үлкен мегаполис, мұнда жастар көп. Сондықтан олардың бос уақытын өткізетін орындар қауіпсіз әрі заңға сай болуы тиіс. Қаланың түнгі өмірі оның бет-бейнесі. Ал сол бейнеде тәртіп, заң және өзара сыйластық көрініп тұрса, бұл тек полицияның емес, бүкіл қоғамның жетістігі. Біз осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырамыз. Әрбір тіркелген құқық бұзушылықты жеке қарап, себептерін анықтап, жүйелі түрде алдын алу шараларын күшейтеміз. Мақсатымыз Шымкентті тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да қауіпсіз қалаға айналдыру», - дейді қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Ерғали Сүлейменов. 

Аида ӨТЕП