Халықтың сенімін нығайтуға бағытталған бастама

Қысқаша

Халықтың сенімін нығайтуға бағытталған бастама

Бүгінде технология тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіз ортаны қалыптастырудың қуатты құралына айналып отыр. Қазақстанда цифрлық шешімдер арқылы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған бірегей бастама – «Заң мен тәртіп» сервисі осы сөзімізге дәлел бола алады.

image.png

Былтыр маусымда Шымкент қаласында алғаш рет іске қосылған бұл сервис қысқа уақыт ішінде үлкен сұранысқа ие болып, азаматтар тарапынан оң баға алды. Мамандардың айтуынша, қыркүйек айының соңына дейін тұрғындардан полицияға 1271 хабарлама келіп түскен. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының құқық бұзушылықтарға бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным танытып отырғанын көрсетсе керек.

Сервисті пайдалану оңай, түсінікті әрі қарапайым. Азаматтар eGov Mobile немесе кейбір банк қосымшалары арқылы «Заң мен тәртіп» батырмасын таңдап, шағымды немесе құқық бұзушылық туралы ақпаратты жолдай алады. Небәрі бірнеше минут ішінде оқиғаның түрі мен орнын көрсетіп, қажет болған жағдайда фото немесе видео тіркеп, полицияға хабар беруге болады. Хабарламалар автоматты түрде жүйеге түсіп, жауапты мамандарға жіберіледі. Бұл жобаның басты ерекшелігі – полиция мен халық арасындағы байланыс бұрынғыдан да ашық әрі жылдам бола түсті. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары азаматтардан түскен әрбір хабарламаны тіркеп, тиісті шаралар қабылдауға басымдық беруде. Бұл полиция қызметінің қоғам мүддесіне сай жұмыс істеп жатқанын көрсететін маңызды қадам.

Осы цифрлық бастама жайлы түсіндіру барысында, жоба таныстырылымында сөз алған Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, жобаны қолдаушы Даулеткелді Абдраманов былай деді: «Бүгінгі күні біз халықпен тиімді әрі жедел диалог орнатуға ұмтылып келеміз. "Заң мен тәртіп" сервисі осы бағыттағы маңызды әрі нақты қадам. Азаматтар енді оқиғаны тіркеу үшін полиция бөліміне бармай-ақ, мобильді қосымша арқылы заңбұзушылық туралы хабарлай алады. Бұл тек жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп қана қоймай, халықтың полицияға деген сенімін арттырады. Ең бастысы бұл жоба арқылы біз қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне тұрғындардың өздерін тікелей тартамыз. Қоғамдық қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының емес, барша азаматтың ортақ ісі екенін ұмытпауымыз керек», – деді Д.Абдраманов.

Спикердің бұл сөзі жобаның тек техникалық шешім емес, идеологиялық құрал екенін де айқын көрсетті. Бұл тәртіп пен заңдылықты сақтау идеологиясын қоғам ішінде терең тамырлатуға бағытталған бастама. Көп жағдайда құқық бұзушылықтың куәсі болған азаматтар оқиғаға немқұрайлы қарап, тиісті органдарға хабарлауды қажет деп санамайтын. Бұл әрекетсіздік көптеген жағдайларда тәртіпсіздіктердің өсуіне әкеліп соғатын. Алайда «Заң мен тәртіп» сияқты цифрлық платформалардың пайда болуы бұл тенденцияны өзгертуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміз болашақта «цифрлы Қазақстанға айналуы керек» деген нақты ұстаныммен айқындалды. Президент бұл бағытты мемлекетті дамытудың стратегиялық бағыты ретінде көрсетіп, цифрландыру тек экономикалық өсімнің емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару мен құқық қорғау саласын жетілдірудің негізгі құралына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, «Заң мен тәртіп» сияқты сервистер Жолдауда айтылған міндеттердің нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын мысал. Бұл бастама тек техникалық шешім емес, ол азамат пен полиция арасындағы ашықтықты арттыруға, қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға бағытталған маңызды құрал. Цифрлық сервис жеделдік, тиімділік және ашықтық арқылы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа форматын ұсынуда, ал бұл өз кезегінде «Цифрлы Қазақстан» идеясымен толық үндесіп жатқандай.

Азамат енді құқық бұзушылықты бақылаушы емес, оның алдын алуға тікелей ықпал етуші тұлғаға айналып отыр. Бұл құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікке негізделген жаңа дәуірдің басталуы болса керек.  Шымкентте басталған бастама өз нәтижесін көрсеткендіктен, алдағы уақытта бұл сервис еліміздің басқа өңірлеріне де кеңінен таратылады деп күтілуде. Сонымен қатар, қосымша мүмкіндіктермен толықтыру да жоспарда бар. Мысалы, хабарламаның статусын бақылау, қайталанатын оқиғалар бойынша аналитикалық есептер. Сонымен қатар, жүйе арқылы жедел ескерту жасау мен қоғамдық бақылау үшін ашық деректер базасын құруда жоба-жоспардың негізгі мақсаттарына айналған. Бұлардың барлығы азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайта түспек.

Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Даулеткелді Абдраманов қоғаммен байланыс орнатудың жаңа форматтары туралы айта келе, бұл сервистің болашақта берері мол екенін атап өтті. «Бүгінде құқық қорғау органдары тек қана заң бұзғандарды анықтап, жаза қолданатын құрылым болмауы керек. Біз қоғаммен бірге жұмыс істейтін, кері байланысқа ашық, сенімге негізделген құрылымға айналуымыз қажет. «Заң мен тәртіп» осы бағыттағы нақты әрі нәтижелі қадам. Бұл тек заманауи технологияның мүмкіндігін пайдалану ғана емес, сонымен қатар халықтың ішкі белсенділігін оятатын, азаматтық жауапкершілікті арттыратын құрал. Күн сайын біз тұрғындардан ондаған нақты, мәнді хабарламалар алып отырмыз. Бұл қоғамның бейжай емес екенін, тәртіп пен әділеттілікке немқұрайлы қарамайтынын білдіреді. Әр тұрғынның қауіпсіздікке деген ұмтылысы біздің ортақ күшімізге айналуы тиіс. Сондықтан бұл платформаны тек техникалық жоба ретінде емес, құқықтық сананы жаңғыртудың, әділетке бастар жолдың бір көрінісі ретінде қарау керек. Алдағы уақытта біз бұл сервисті тек Шымкентпен шектемей, бүкіл ел бойынша кеңінен енгізуді, функционалын дамытуды және халықпен арадағы серіктестікті одан әрі нығайтуды мақсат етіп отырмыз», – деді департамент бастығының орынбасары.

Әлбетте, заң мен тәртіп қоғамдағы әр адамның өз қолында. Қазіргі заманда заң мен тәртіпті сақтау тек полицияның міндеті емес. Бұл әр азаматтың борышы. «Заң мен тәртіп» сервисі арқылы тұрғындар өздері өмір сүретін ортаның қауіпсіздігіне тікелей ықпал ете алады. Бұл бастама тек цифрлық жаңалық емес, сонымен қатар қоғамдық санада серпіліс тудыратын нақты әрекет. Сервисті қолдану азаматтық жауапкершіліктің және құқықтық мәдениеттің көрінісі.

Сонымен, «Заң мен тәртіп» бұл тек қосымша емес, қоғам мен полиция арасындағы сенімді, ашық және әділетті серіктестіктің цифрлық көрінісі. Сонымен қатар, қоғамның жаңа құқықтық ойлау жүйесіне бейімделуінің белгісі. Қазіргі таңда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігі. Цифрлық шешімдердің артықшылығы дәл осы жауапкершілікті бөлісіп атқаруға мүмкіндік беруінде. Енді әр тұрғын өз ортасындағы заңсыздыққа бейжай қарамай, тікелей әрекет етіп, әділеттілікке үлес қоса алады. Бұл бұрын болмаған мәдениет, жаңа ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыратын жаңа тәсіл.

Сервистің енгізілуі құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша стратегиялық тетік ретінде танылып отыр. Азаматтардың белсенділігі артқан сайын құқықтық тәртіпке деген көзқарас та өзгереді. Адамдар өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тек мемлекеттің міндеті деп емес, жеке борышы ретінде түсінуге көшуде. Бұл құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды жетістік болса керек. 

Сонымен қатар, мұндай бастамалар Қазақстанның заманауи цифрлық мемлекет ретінде даму бағытына толық сәйкес келеді. Бұл басқару жүйесін жеңілдету ғана емес, елдің құқықтық тұрақтылығын сақтай отырып, халықпен ашық диалог құрудың үлгісі. Мұндай жобалар тек бір қаламен шектелмей, бүкіл республика бойынша қолданысқа енгізілгенде ғана өзінің толық әлеуетін аша алады. «Заң мен тәртіп» арқылы қалыптасқан тәжірибе болашақта басқа да салаларда цифрлық сервистерді енгізуге серпін беретіні анық. Мемлекеттің ашықтығы мен халықтың белсенділігі үйлескенде ғана әділ, қауіпсіз, және өркениетті қоғам құруға болады. Ендеше, құқықтық мәдениеттің тірегі – заңға бағыну ғана емес, оны қорғауға өз үлесін қосуға дайын азамат екені анық. Ал осы жолда «Заң мен тәртіп» сынды бастамалар бізге бағыт көрсететін маңызды құрал болмақ. 

Аида ӨТЕП