Буллинг, яғни жастар арасында заңбұзушылық әлімжеттік қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Шымкент қаласының Полиция департаменті оқушылар арасындағы әлімжеттік, құқық бұзушылықтың алдын алу, онымен күрес шарасын ұйымдастыруда белсенділік танытып келеді.

Осы ретте жасөспірімдер қатысуымен болатын қылмыстар мен заңбұзушылықтарға қарсы әрекет пен күрес шарасы жергілікті полиция өкілдері тарапынан іске асырылып жатыр.
Жастар арасындағы жәбірлеудің (буллинг) алдын алу мәселесіне ерекше мән берілген. Білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында, Шымкент қаласы аумағында орналасқан барлық білім беру ұйымдарында оқушылармен, ата-аналармен және білім беру ұйымдарының ұстаздарымен кездесу өткізіп, Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстері бойынша заңды жауапкершілік түрлерін таныстыра отырып, құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Мәселен, жуырда Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция қызметкерлері политехникалық колледж студенттерімен кездесті. Іс-шараға жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының жауапты қызметкерлері қатысты. Полицейлер студенттермен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, құқық бұзушылық және тәртіп бұзушылыққа жол бермей, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға және бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды. Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіріп, оның ауыр зардаптарға алып келетінін, болашақта жақсы азамат болу үшін жас кезінен бастап үлгілі тәртіп және білімімен ерекшелену қажеттілігін жеткізді. Адамның өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүниелердің жоқтығын атап өтіп, қауіпсіз қоғам құру еліміздің әрбір азаматының міндеті екеніне тоқталды.
Сонымен бірге Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбековтің тапсырмасына сәйкес, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері «125 JOO HIGH School» мектебінде профилактикалық кездесу өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды білудің маңыздылығын жеткізу, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Тәртіп сақшылары тақырып бойынша толыққанды ақпараттандыру және ескерту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді. Кездесу барысында арнайы профилактикалық бейнероликтер көрсетілді. Шара соңында қатысушылар құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты өздерінің, ой-пікірлерін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Президент бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында қоғамда бүгінгі таңда тәртіпсіздік пен қылмыстар саны азайып келеді. Полиция департаментінің жауапты сала өкілдерінің айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде қоғамдық тәртіпті қорғау – полицияның басты міндеттерінің бірі болып саналады. «Заң мен тәртіп» қағидасын сақтау – бәрімізге ортақ міндет. Мұндағы мақсат – қоғамда тыныштық пен тұрақтылықты сақтау, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылдың 9 айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 1780-нен 1479-ға немесе 16,9 пайызға, оның ішінде көшелерде жасалған қылмыстардың саны 1109-дан 877-ге немесе 20,9 пайызға азайды.
Кәмелетке толмағандармен немесе оларға қатысты жасалған қылмыстарды болдырмау үшін тиісті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижесінде, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 303 (2024ж.-356) жасөспірім және түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерлерде болған 6651 (2024ж.-5746) жасөспірім анықталды (ӘҚБтК-нің 442-бабы). Түнгі сағат 22:00-ден кейін жасөспірімдердің заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 187 (2024ж.- 237) мекеме анықталды (ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы). Ата-анасының қадағалауынсыз жүрген 464 (2024ж.-401) жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 316 (2024ж.-279) жасөспірім және 166 (2024ж.-156) қолайсыз отбасы есепке қойылды. Сот шешімімен 5 жасөспірім Тараз қаласындағы арнаулы мектепке жолданды (2024ж.- 8). Шымкент қаласы аумағында апта сайын криминогендік ахуалы күрделі аумақтарда «Бір нүктелік» алдын алу іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Іс-шаралар барысында 21 жасқа толмаған адамдарға алкогольдік өнімдерін сатқаны үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабымен 280 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған (2024 ж.-286).
Алкогольдік қылмысты төмендетудің оң тәжірбиесі ретінде, ақсақалдар кеңесі, билер мен белсенді азаматтардың қатысуымен бірлесіп жүргізілген профилактикалық және түсіндірме жұмыстары нәтижесінде, Шымкент қаласы аумағында Шапырашты, Өтеміс, Жыланбұзған елді мекендері алкогольдік ішімдіктен бас тартқан, яғни ішімдік сатылмайды. Нәтижесінде, аталған елді-мекендерде қылмыстар тіркелмеген. Бұдан бөлек, мас халде жасалған қылмыстар көбіне ойын-сауық орындарында, түнгі клубтарда орын алады. Ойын-сауық орындарында алкогольдік өнімдер тәулік бойы сатылады, жұмыс режимінде шектеу жоқ, «соңғы келуші азамат» кеткенге дейін жұмыс істейді, кәсіби күзет қарастырылмаған. Шымкент қаласы Полиция департаментімен талдау нәтижесінде, «102» арнасы арқылы ең көп шақырту келіп түсетін «Паладиум», «Тұман», «Астана», «Москва», «Ақсұңқар» түнгі клубтары құқық бұзушылықтар жасаудың орташа тәуекел деңгейіне жататыны анықталды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ойын-сауық орындарының иелері және әкімшілерімен түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде және ұсыныс енгізілуде. Жыл басынан, прокуратура, жергілікті атқарушы және мүдделі органдармен бірлесіп атқарылған профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, қазіргі уақытта «Тұман», «Астана», «Москва», «Ақсұңқар» түнгі клубтары өз қызметтерін уақытша тоқтатып, қызмет ету мақсаттарын өзгертуде.
Полиция департаменті өңірде «Заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу және нашақорлықтың алдын алу бағытында жұмыстарды жалғастыруда. Биылғы 9 айда полиция қызметкерлерімен есірткіге қатысты жалпы 443 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, 79 – есірткіні сату, 14 – аса ірі мөлшерде сақтау, 32 – есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру, 5 – жарнамалау және насихаттау, 310 – есірткі теріс қылықтары бар. Заңсыз айналымнан 350 кг-нан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның 30 килоға жуығы синтетикалық есірткілер. Мониторинг нәтижесімен есірткі саудасына қатысты және есірткі қылмысына қатысуға тартатын 1628 интернет сайттар, әлеуметтік желі парақшалары мен мессенджерлік каналдар анықталып, бұғаттауға енгізілді. Сондай-ақ, интернет желісінде қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 1710 банк есепшоттары анықталып, барлығы бұғатталып, жалпы 47 млн теңге заңсыз қаражатқа шектеу қойылды. Полиция департаменті «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде есірткі қылмысына қарсы күресті белсенді түрде жалғастыруда. Мәселен, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан екі шетел азаматын ұстады. Жалға алынған автокөлікті тексеру барысында сатуға дайын күйде оралған «мефедрон» психотроптық заты салынған 22 пакет тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктілер алдын ала дайындап қойған жасырын орындардан тағы 46 есірткі орамасы табылды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 200 грамнан асты. Есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, жедел іс-шаралар аясында Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның күртешесінен сатуға арналған шамамен 70 грамм «мефедрон» табылды. Одан бөлек, қыркүйек айында аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратумен айналысқан жергілікті тұрғын да ұсталды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды. Шымкент қаласы Полиция департаменті есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестердің заңсыз айналымы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Esbol Qory» қорының белсенділері қаладағы тұрғындар көп шоғырланатын орындарда ерекше әлеуметтік эксперимент жүргізді. Полицейлер құрамында есірткі заттары бар деп ойлауы мүмкін объектіні қауіпсіз үлгі ретінде дайындап, оны әдеттегіден тыс – арнайы зип-пакетке салып, қолжетімді орындарға жасырын орналастыру арқылы тұрғындардың реакциясын, хабарлау мәдениетін және қоғамдық жауапкершілігін тексерді. Шынайылық әсерін күшейту үшін пакеттің сыртқы көрінісі мен орналастырылған жері есірткі заттары жиі кездесетін «қолайлы» нүктелерді еске салатындай таңдалды. Дегенмен ішіне нақты есірткі емес, тұрмыстық мақсаттағы ас содасы салынып, толық қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Эксперимент барысында кейбір жасөспірімдер де күдікті пакетті байқап қалып, бұл жайт олардың да назарынан тыс қалмайтынын көрсетті. Әлеуметтік тәжірибенің басты мақсаты – тұрғындар арасында есірткіге деген иммунитет қалыптастыру, күдік туындаған жағдайда үнсіз қалмау, қауіпсіздік қаупін төмендету үшін дереу құқық қорғау органдарына хабарлау мәдениетін нығайту.
Сонымен бірге полиция департаменті тарапынан «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Осынау акция аясында Еңбекші ауданы полиция басқармасының табиғатты қорғау тобының инспекторлары аудан аумағында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізді. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындар мен білім беру мекемелерін аралап, азаматтарға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Сонымен қатар, табиғатты қорғауға бағытталған құқықтық талаптар мен экологиялық нормалар туралы ақпарат берілді. Тұрғындар мен мектеп оқушыларына экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа ұқыпты қарау қажеттілігі туралы әңгіме өткізілді. Табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатында арнайы дайындалған жадынамалар таратылып, әрбір азаматтың табиғатты сақтауға қосатын үлесінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға деген қоғамдық сананы арттырып, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тиімді құралдардың бірі болып табылады.
Ә.АБДАРХМАН




