Отшашу мерекенің сәні ме, әлде қауіптің көзі ме?

Қысқаша

Отшашу мерекенің сәні ме, әлде қауіптің көзі ме?

Қауіпсіздік пен тыныштық – қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Ал сол тыныштықтың сақшысы – заң мен тәртіп. Бұл қағиданы әрбір азамат түсінуі және күнделікті өмірінде ұстануы тиіс. Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы патрульдік полиция полкі қызметкерлері қала тұрғындарына маңызды ескерту жасады. 

image.png

Олар қоғамдық орындарда, көп қабатты үйлердің аулаларында және адамдар көп шоғырланатын жерлерде пиротехникалық бұйымдарды (салют, фейерверк, петарда және т.б.) заңсыз қолдануға қатаң тыйым салынатындығын айтып, түсіндірме жұмыстарын өткізді. Бұл ескерту тек ресми мәлімдеме емес, әр адамның өмірі мен денсаулығына қатысты маңызды үндеу. Себебі пиротехникалық бұйымдар мерекенің сәнін келтірумен қатар, қауіп көзіне де айналуы мүмкін. Көп жағдайда бейқамдық немесе заңға немқұрайлы қарау салдарынан адамдар жарақат алып, тұрғын үйлер мен көліктер өртеніп жатады. Полиция қызметкерлері осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру және профилактикалық шараларды күшейткен. Қаланың барлық аудандарында рейдтер өткізіліп, рұқсатсыз пиротехника сататын және қолданатын тұлғаларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылуда.

Шымкент қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ерғали Сүлейменов бұл мәселеге ерекше назар аудару керектігін айта отырып, тұрғындарға кең көлемді үндеу жасады: «Біз жыл сайын мерекелер қарсаңында осындай профилактикалық шараларды күшейтеміз. Себебі тәжірибе көрсеткендей, көпшілік пиротехникалық бұйымдарды қолданудың нақты ережелерін білмейді немесе оны елемейді. Алайда, кез келген «фейерверк» немесе «петарда» бұл химиялық қоспалар мен жарылғыш элементтерден тұратын қауіпті зат. Ол дұрыс пайдаланылмаса, адам өміріне қауіп төндіреді. Өрт шығуы, жарақат алу, тіпті ауыр зардаптарға душар болу қаупі өте жоғары. Жасыратыны жоқ, бұған дейін салют-отшашуларды дұрыс қолданбай өрт шығып кеткен немесе балалардың жарақаттанып қалған деректері бірнеше рет тіркелген. Негізі, өте қауіпті, тіпті, адам өліміне себеп болуы да мүмкін. Сондықтан біздің мақсатымыз тұрғындарға қауіптің алдын алу жолын түсіндіру», – деді басқарма бастығы Ерғали Сүлейменов.

Ол сондай-ақ, көпшілікке арналған орындарда пиротехниканы қолдану заңмен тыйым салынғанын нақты түсіндірді. «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде бұл мәселе нақты көрсетілген. Егер азамат қоғамдық орында немесе тұрғын үй ауласында рұқсатсыз пиротехникалық бұйымдарды пайдаланса, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылады және айыппұл салынады. Бұл жай қағаз жүзіндегі талап емес, әрбір адамның өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты заң. Өйткені бір адамның жауапсыз әрекеті тұтас бір отбасының, тіпті бүкіл үйдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін, – деп түсіндірді Ерғали Сүлейменов. Полиция өкілі өз сөзінде тұрғындарды құқықтық сауаттылыққа шақырды. Оның айтуынша, әрбір азамат өзінің іс-әрекетіне жауап беріп, қоғам алдындағы міндетін түсінуі қажет. – Біз үнемі айтып жүргеніміздей, қауіпсіздік – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Полицейлер тек қадағалаушы орган емес, қоғамның серіктесі. Егер әрбір азамат заңды құрметтесе, ережені сақтаса, тәртіпті бұзушылар да азаяды. Біз сіздермен бір мақсатта жұмыс істейміз – тыныш, қауіпсіз, бейбіт өмір құру. Бірақ ол үшін тұрғындар да өз тарапынан түсіністік танытып, заңды бұзбауға, айналасындағы адамдардың тыныштығын сақтауға үлес қосуы қажет», – деді ол.

Сондай-ақ басқарма бастығы ата-аналарға арнайы үндеу жолдады. Себебі пиротехникалық заттармен ойнаудың негізгі тәуекелі балалар мен жасөспірімдер арасында. «Ата-аналардан сұрайтынымыз балаларыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыздар. Қазір дүкендер мен базарларда түрлі-түсті, әдемі қораптағы пиротехникалық өнімдер еркін сатылады. Балалар ондай затты ойыншық деп ойлап, өз бетімен қолдануға тырысады. Ал, бұл өте қауіпті. Бір ғана петарданың жарылысы саусақ пен көзге зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан балаларға түсіндіріңіздер, бақылап жүріңіздер, қажет болса мұндай заттарды мүлде сатып алмаңыздар. Баланың қауіпсіздігі ең үлкен жауапкершілік. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсетіп отырғандай, балалардың көпшілігі пиротехниканың қауіпті екенін толық түсінбейді. Олар оны қызық үшін жағып көреді, бір-біріне лақтырады немесе үйлердің терезесінен сыртқа атып ойнайды. Осындай бейқам әрекеттер кейде ауыр жарақатқа, өртке немесе үлкен материалдық шығынға әкеліп жатады. Біз жыл сайын дәл осы себептен бірнеше оқиға тіркейміз. Кейбір ата-аналар тек оқиға орын алғаннан кейін ғана ойланады. Бірақ қауіптің алдын алу ең дұрыс шешім болар еді. Сол үшін әрбір ата-ана өз баласына мұндай заттардың ойыншық еместігін түсіндіруі қажет. Бала еліктегіш. Ол ересектердің ісін қайталайды. Егер үлкендер өздері қауіпсіздік ережесін сақтамаса, баладан соны талап ету қиын. Сондықтан жауапкершілік ең алдымен біздің, үлкендердің мойнында. Үйде, аулада, мерекеде қандай әрекет жасасақ та, алдымен оның салдарын ойлауымыз керек. Баланың көзінше «петарда» жару, «фейерверк» ату немесе қауіпті затты бейберекет пайдалану – бұл тек заң бұзу емес, бұл баланың санасына қате үлгі көрсету. Кейін бала да дәл солай әрекет етеді. Біз соның алдын алуымыз керек. Қауіпсіздік тек полицияның не құтқарушылардың жұмысы емес. Бұл әр отбасының мәдениеті, өмір салты. Егер әр ата-ана өз баласына дұрыс түсіндіре білсе, бала да қауіпсіздік ережесін өмір бойы ұстанатын болады. Бүгінгі ескерту тек бір мерекелік кезеңге арналған шара емес. Бұл жалпы мәдениетті қалыптастыру. Біз болашақта қоғамда заң мен тәртіпті, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұрпақтың өскенін қалаймыз. Ол үшін сол тәрбие әр отбасыдан бастау алуы қажет. Қарапайым ереже баланы бақылау, түсіндіру, мысал көрсету, осылардың барлығы қауіпсіз өмірдің кепілі», – деді Ерғали Сүлейменов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда пиротехникалық өнімдер қолжетімді болғанымен, олардың барлығы сапалы немесе қауіпсіз емес. Көп жағдайда арзан, сертификатталмаған тауарлар адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Мұндай өнімдерде сапа мен қауіпсіздік нормалары сақталмайды, ал бұл жарылыс кезінде қауіпті күшейтеді. Көп адам «петарда ғой, ештеңе етпейді» деп ойлайды. Бірақ бұл – үлкен қате. Себебі кішкентай ғана отшашу да көзге, қолға, тіпті бетке зақым келтіре алады. Кей жағдайларда өрт шығуына себеп болады. Бір сәттік бейқамдықтың салдары кейде қайғылы аяқталады. Полиция подполковнигі ата-аналарды балаларының уақытын қадағалап, қайда және кіммен жүргенін білуге шақырды. «Қазір аулаларда, көшелерде балалар топтасып, фейерверк атып ойнау жиі кездеседі. Мұндай сәттерде үлкендердің бақылауы болмайды. Ал егер біреудің жарақат алуына себеп болса, ата-аналар жауапкершілікке тартылады. Сондықтан балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Баланың қауіпсіздігі тек мектептің немесе полицияның емес, ата-ананың да борышы. Балаңызға сену  жақсы, бірақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету  одан да маңызды, – деді полиция подполковнигі. Сонымен қатар ол пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген жерлерде, арнайы ұйымдастырылған іс-шараларда ғана қолдануға болатынын атап өтті. – Қаламызда салют пен фейерверк атылатын арнайы аймақтар бар. Онда қауіпсіздік шаралары алдын ала қамтамасыз етіледі, өрт сөндіру және жедел көмек қызметтері кезекшілік атқарады. Ал тұрғын үйлердің ауласында немесе көше бойында отшашу ату бұл заң бұзу. Мұндай әрекет үшін әкімшілік хаттама толтырылады және айыппұл салынады. Бұл шара тұрғындарды жазалау үшін емес, олардың амандығын сақтау үшін қабылданған. Біздің мақсатымыз адамдардың өмірін қорғау. Қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ең алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Біз азаматтармен ашық сөйлесеміз, ескертеміз, түсіндіреміз. Бірақ егер барлық түсіндірулерге қарамастан, заң бұзылса, онда жауапкершілік те болады. Себебі заң бәріне ортақ. Біз әрбір тұрғынның заңға құрметпен қарап, өзінің және өзгенің өмірін қорғауға үлес қосқанын қалаймыз. Бұл қауіпсіз қоғамға бастар жол».

Полиция подполковнигінің айтуынша, Шымкент қаласында соңғы айларда бейнебақылау арқылы тіркелген бірқатар заңбұзушылықтар бойынша кінәлі азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Тіпті кейбір жағдайларда «фейерверк» жару салдарынан тұрғын үйлердің терезелері сынған, көліктердің сырты бүлінген. Мұндай оқиғалар қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінің әлі де төмен екенін көрсетсе керек. Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын мереке кезінде жауапкершілік танытуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және өз өміріне салғырт қарамауға шақырды. Сонымен қатар, олар кез келген заңсыз әрекеттің, соның ішінде рұқсатсыз пиротехникалық заттарды қолданудың бейнебақылау камералары арқылы тіркелетінін және ол фактілер бойынша тиісті хаттамалар толтырылатынын ескертті. Құқық қорғау органдарының бұл бастамасы қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Себебі заңды білу мен сақтау өзіңді қорғаудың ең сенімді жолы.

Аида ӨТЕП