Қауіпсіз қоғамның кілті – құқықтық мәдениет

Қысқаша

Қауіпсіз қоғамның кілті – құқықтық мәдениет

Қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуі ең алдымен заң мен тәртіптің сақталуына байланысты. Қай дәуірде, қай қоғамда болмасын тәртіпке құрылған өмір қауіпсіздік пен сенімнің нышаны.

image.png

Сондықтан да жас ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мемлекет дамуының стратегиялық маңызды бағыты болып саналады. Осы тұрғыда Шымкент қаласындағы №8 мектепте өткен кезекті іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Бұл күні мектеп қабырғасында полиция қызметкерлері жоғары сынып оқушыларына арналған профилактикалық қауіпсіздік сабағын өткізді. Сабаққа шамамен екі жүзге жуық оқушы қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін үйрету, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға құрмет сезімін қалыптастыру.

Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен емес, ең алдымен, түсіндіру мен тәрбиелеу арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осы бағытта полиция қызметкерлері ашық диалог түрінде өткізген сабақ оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Олар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Құқық қорғау органдарының өкілдері оқушыларға өз құқықтары мен міндеттері туралы айтып, қоғамдағы тәртіптің мәнін түсіндірді. Бокстан әлем чемпионы, ел мақтанышы Біржан Жақыповтың мектеп оқушыларымен кездесуі іс-шараның тәрбиелік мәнін одан әрі арттырды. Ол өзінің спорттағы жетістігі мен өмірлік тәжірибесін бөлісе отырып, табысқа жетудің басты кілті тәртіп, еңбексүйгіштік және жауапкершілік екенін айтты. «Мен спорттағы алғашқы қадамымды бастағанда ең қиын нәрсе өзімді жеңу болды. Күн сайын ерте тұрып жаттығу жасау, тәртіпті сақтау, өз уақытыңды тиімді пайдалану  жеңістің негізі. Бұл қағидалар тек спортта ғана емес, өмірдің барлық саласында маңызды. Заң мен тәртіпті құрметтеу – өзіңе құрмет көрсету. Тәртіп бар жерде жеңіс бар», – деді чемпион.

Оның бұл сөзі оқушыларды жігерлендіріп, оларға нақты өмірлік бағыт берді. Жақыповтың қарапайым, бірақ жүректен шыққан кеңестері жастарды мақсатқа жетудің шынайы жолы тәртіп пен адалдықта екенін ұғындырды. Ал іс-шараның ресми бөлігіне қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ердәуіт Ниязов қатысып, жасөспірімдерге маңызды үндеу жасады. «Қазіргі заманда қауіпсіздік ұғымы тек көшедегі тәртіппен шектелмейді. Ол интернет кеңістігіндегі мінез-құлықтан бастап, достық қарым-қатынас мәдениетіне дейінгі ұғымды қамтиды. Заңды білу өмірлік қажеттілік. Біз жас буынның заңды құрметтеп, өз құқықтарын қорғауды, сонымен бірге өз міндетін де ұмытпауды үйренгенін қалаймыз. Әрбір жас өз іс-әрекетіне жауап беруді үйренсе, қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету әлдеқайда жеңіл болар еді», – деді Ниязов. Оның айтуынша, бүгінде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Полиция қызметкерлері тек тәртіп бұзғандарды жазалаушы ғана емес, қоғамды тәрбиелеуші, бағыт беруші рөлін де атқарады. Осы орайда мектептерде өтетін профилактикалық кездесулердің маңызы ерекше. «Біз мектептерде осындай кездесулерді жиі өткізуге тырысамыз. Себебі құқықтық мәдениет отбасынан басталып, мектепте қалыптасады. Егер бала заңды құрметтеуді ерте жастан үйренсе, ол өмір бойы осы қағидамен жүреді. Бұл құқық бұзушылықтың ең тиімді алдын алу шарасы», – деді ол өз сөзінде.

Сабақ барысында полицейлер жасөспірімдерге жеке қауіпсіздік ережелері, қоғамдық орындардағы тәртіп, киберқауіпсіздік және бөтен ортада өзін ұстау мәдениеті туралы кеңінен түсіндірді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде кездесетін қауіптер, жалған ақпараттар мен онлайн алаяқтық туралы деректер оқушыларға ерекше әсер етті. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полицейлерден нақты мысалдар арқылы жауап алды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, соңғы жылдары жасөспірімдер арасында интернетке байланысты құқық бұзушылықтар көбейіп келеді. Сондықтан да оқушылардың кибермәдениетін дамыту, виртуалды кеңістіктегі жауапкершілігін арттыру басты бағыттардың бірі болып отыр. Бұл орайда құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің серіктестігі ерекше рөл атқарады.

Іс-шараның тағы бір ерекшелігі – оның интерактивті түрде өтуі. Оқушыларға түрлі өмірлік жағдайлар көрсетіліп, сол сәтте қандай шешім қабылдау керектігі талқыланды. Мұндай тәсіл балалардың ойлау қабілетін дамытып, олардың өз әрекеттерінің салдарын бағалай білуге үйретті. Полицейлер заңның адамды шектеу үшін емес, қорғау үшін бар екенін ерекше атап өтті. Шара соңында оқушылар мен мұғалімдер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің жиі өтуін сұрады. Мұғалімдердің айтуынша, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда полиция мен мектеп арасындағы байланыс үзілмеуі тиіс. Бұл тек тәрбие емес, ұлттық сана мен азаматтық жауапкершіліктің негізі.

Бүгінде қоғамда құқықтық сауаттылықтың артуы мемлекеттің өркениет деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш. Азамат өз құқығын білсе және заңды құрметтесе, қоғамдағы тұрақтылық пен әділдік те нығаяды. Ал бұл мәдениеттің бастауында мектеп пен отбасы тұрады. Осыны жақсы түсінген полиция қызметкерлері балалармен жұмыс істеуді стратегиялық бағыт ретінде қарастырып отыр.

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ердәуіт Ниязовтың айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған 50-ден астам профилактикалық бағдарлама іске асырылып келеді. Оның ішінде «Қауіпсіз мектеп», «Жас полицей», «Құқықтық мәдениет апталығы» сияқты жобалар жастардың құқықтық санасын көтеруге айтарлықтай үлес қосып отыр. «Біздің мақсатымыз заң аясында жазалау емес, тәрбиелеу. Біз әр баланың бойындағы жақсы қасиеттерді ашып, қоғамға пайдалы тұлға болып өсуіне жол көрсетуге тырысамыз. Әр оқушы заңды құрметтеуді, өз әрекетінің салдарын түсінуді үйренсе бұл ең үлкен жеңіс. Заң мен тәртіпті сақтау өзіңе, отбасыңа және еліңе деген құрметтің көрінісі. Сондықтан, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жалғаса береді. Біз құқықтық сауатты Қазақстанды бірге құрамыз», – деп түйіндеді ол.

Мұндай кездесулер оқушылардың полицияға деген көзқарасын да өзгертіп келеді. Егер бұрын құқық қорғау органдары көбінесе жазалаушы құрылым ретінде қабылданса, бүгінде олар қоғамның серіктесіне, сенім артар тұлғасына айналып отыр. Ашық диалог, түсіндіру және кеңес беру форматы оқушылардың сенімін арттырып, олардың бойында заңға деген құрмет сезімін қалыптастырады. Шымкенттегі №8 мектепте өткен сабақ осындай жаңа форматтағы тәрбие жұмыстарының жарқын үлгісі. Мұнда тек құқық туралы ғана емес, өмірлік құндылықтар еңбексүйгіштік, тәртіп, адамгершілік, жауапкершілік туралы да сөз болды. Бұл қасиеттердің барлығы құқықтық мәдениеттің өзегін құрайды. Біржан Жақыповтың сөзімен айтқанда, «тәртіп пен еңбек – жеңістің кілті». Ал Ердәуіт Ниязовтың пікірінше, «тәртіп – қоғамның тірегі». Екеуінің де айтқаны бір арнада тоғысады: заңға құрметсіз қоғамда қауіпсіздік те, даму да болмайды.

Қазіргі таңда мемлекетіміз құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударып отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін осындай іс-шаралардан анық көруге болады. Полиция мен мектептің бірлескен еңбегі болашаққа салынған сенімді инвестиция. Рас, тәртіп пен заңға құрмет ұлттың болашағының өлшемі. Қай елде заң үстем болса, сол елде әділдік пен бейбіт өмір орнайды. Шымкенттегі №8 мектептің оқушылары бұл сабақты жай бір күндік іс-шара ретінде емес, өмірлік сабақ ретінде қабылдады. Олар өз қауіпсіздігінің, өз ертеңінің заңға деген құрметтен басталатынын ұғынды.

Ендеше мұндай бастамалар жалғасын тауып, заң мен тәртіпке құрметті арттыратын кездесулер жиі өтсе, болашақта құқық бұзушылық азайып, қоғамда сенім мен қауіпсіздік күшейері сөзсіз. Себебі заң мен тәртіп – бейбіт өмірдің берік іргетасы. Қоғамның мүшесі ретін де сіз де, біз де отбасымызда бала тәрбиесінде оның құқықтық сауатын арттыруды да ұмытпай, заңға бағынатын азаматтарды тәрбиелеуге тиіспіз. Себебі, заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Полицияның сөзімен айтсақ, құқықтық сауатты Қазақстанды бірге құрайық! 

Аида ӨТЕП