Жасыратыны жоқ, жыл сайын қоғамда қатыгездік көбейіп барады. Әлбетте, озбырлық та, қатыгездік те қылмыс болып саналады. Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы осы елдің заңына бағынуы міндетті. Сол қылмысты азайту үшін түрлі жоба-жоспарлар да жолға қойылған. Соның бірі – «Қауіпсіз ел» жобасы. Бұл жоба тек қылмыскерлерді жазалау үшін емес, азаматтар үшін қауіпсіз жағдай жасау, қылмыс санын азайту үшін де тиімді. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатын да көздейді. Жол демекші, күн сайын шырайланып келе жатқан Шымкент қаласында жұрттың жұмысқа келер-кетер уағында кептелістің «көкесі» орын алатынын байқап жүрміз. Осы мәселеге қатысты Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Өмір Шыныбекұлы жоғарыдағыларға өзінің жобасын ұсынып отыр. Біз қоғам белсендісімен осы жоба төңірегінде әңгімелесіп көрген едік.

– Соңғы жылдары Шымкент қаласында жолдар кеңейіп, көпірлер салынғанымен, әлі де жол-көлік тәртібі мәселесі өзекті болып тұр. Сіздіңше, бұл мәселенің түпкі себебі неде?
– Иә, қаламыздың жолдары кеңейтіліп, қаншама көпірлер салынып жатса да, біздегі ең өзекті мәселелердің бірі – жол-көлік тәртібі болып отыр. Полиция департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, қала жол қозғалысына күн сайын 500 мыңнан астам автокөлік қатысады, олардың 507 113-і қала тұрғындарына, шамамен 120 мыңы – өзге өңірлерге тіркелген.
Бұдан бөлек, Түркістан және көршілес облыстардан тәулігіне шамамен 130 мыңнан астам автокөлік қалаға кіріп-шығады. Жыл басынан бері 1 119 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 304 адам зардап шегіпті, 42 адам қаза тауыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш деп өз-өзімізді жұбатсақ та, шешуі қиын осы түйткілді шешуіміз керек.
– Қаламыздағы жаяу жүргінші жолдарының жағдайын да жақсы білетін шығарсыз. Аяқжолдардың қазіргі ахуалы мен қауіпсіздікке қалай әсер етіп отыр?
– Жақында Нұрсәт мөлтекауданынан велосипедпен Арғынбеков, Сыпырған ата көшелері арқылы Темірлан тас жолына шығып, Тұрлан экспедициясына дейін барып қайттым. Автожолдар жаман емес. Ал, аяқжолдар (тротуар) туралы олай деу қиын. Жеке үйлер мен дүкен-офис иелері бүлдірген аяқжолдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ойқы-шойқы аяқжол үстіне қалдырылған автокөліктердің арасымен өту, әсіресе, бастауыш сынып оқушылары мен қарт кісілерге қиын. Аяқжолдарды бүлдірген жеке үйлер мен дүкен-офис иелеріне айыппұл салынып, соның үстіне қойылған автокөліктер айыптұраққа қойылуы тиіс.
– Бір әңгімеңізде жол-көлік мәдениетін жақсарту үшін Жапония тәжірибесін мысалға келтіргенсіз. Осы үлгіні біздің жағдайға бейімдеуге бола ма? Қандай нақты қадамдар ұсынар едіңіз?
– Әрине жоғарыда атап өткен шаралармен проблеманы толық шешу мүмкін емес. Жол-көлік тәртібін реттеудегі шетелдік тәжірибені зерттеп көрдік. Бұл салада ең тиімді жолды Жапония тауыпты. Көлік сатып алуға ниет білдірген азамат ең алдымен автотұрақ алуы тиіс. Онсыз автокөлік сатпайды. Автотұрақтың бағасы көліктен қымбат. Сондықтан да жапондар барынша шағын автокөлік алуға тырысады. Біздегі секілді нән джиптерді көшелерден өте сирек көресіз.
– Бүгінгі таңда жол қауіпсіздігін арттыруды, жол инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін «Қауіпсіз ел» жобасы бар. Осы жоба аясында ұзақ мерзімді шешім ретінде қарастыруға болатындай қандай қадамдар ұсынасыз?
– Иә, Шымкент қаласы бойынша автотұрақ пен кептеліс проблемасын шешудің жол картасын тізбектеп қойғанмын. Бұл нақты жоспар емес, әлемдік тәжірибені (Жапония) біздің қаламызға бейімдеген нұсқа. Сонымен: 1-кезең (0–1 жыл) – Құқықтық негіз және диагностика: Қала бойынша тұрақ орындарының толық картасын жасау; Нақты қай көшелерде, қай аудандарда ең үлкен кептелістер болатынын анықтау; «Көлік сатып алу/тіркеу үшін тұрақ орнын растау» қағидасын енгізетін ережені әзірлеу; Қала орталығында ақылы тұрақ тарифтерін бекіту (қысқа мерзімге – арзан, ұзаққа – қымбат).
2-кезең (1–2 жыл) – Пилоттық жобалар: Қала орталығында (мысалы, «Мега Шымкент», «Самал» базары, әкімдік маңы) 1–2 көп қабатты автоматтандырылған паркинг салу; Қоғамдық көліктің жеке жолақтарын (Bus Lane) сынақ ретінде енгізу («Bus Lane» — автобустарға арнайы бөлінген жол жолағы); Смарт-тұрақ жүйесін (QR, камера, онлайн төлем) бірнеше көшеде пилоттық жоба ретінде іске қосу.
3-кезең (2–3 жыл) – Инфрақұрылым мен цифрландыру: Қаланың негізгі магистральдарында кептеліс картасын көрсететін электронды таблолар орнату; Мобильді қосымша (iOS/Android) арқылы тұрақтағы бос орындар мен тарифтерді көрсету; Сауда орталықтары, тұрғын үй кешендері, жаңа бизнес орталықтарға міндетті паркинг нормаларын енгізу.
4-кезең (3–5 жыл) – Ауқымды кеңейту: Барлық орталық көшелерге ақылды тұрақ пен төлем жүйесін тарату; Жеке секторға «Park&Ride» (қаланың шетінде көлікті қойып, автобуспен/метробуспен орталыққа бару) жобаларын енгізу; Велосипед пен электр-самокат инфрақұрылымын дамыту (веложолақ, велопарковка, велошеринг).
5-кезең (5 жылдан кейін) – Толық интеграция: Қалалық көліктің бірыңғай картасы (қоғамдық көлік + тұрақ төлемі бір картада); Ақылы тұрақ пен жол жүру төлемін кептеліс деңгейіне қарай динамикалық ету, Шымкенттің барлық орталық аудандарында автоматтандырылған паркинг кешендері.
Енді осы 5 кезеңнен күтілетін нәтижеге тоқталсақ. 2–3 жылда көлік қоятын орындардың ретсіздігі азаяды; 5 жылда орталықтағы кептелістер мен заңсыз тұрақтар күрт қысқарады; Қала тұрғындарының уақыты үнемделіп, жүйкесі сақталады, қоғамдық көлік пен экологиялық баламалар дамиды.
– Мұрат Әйтенов қалада әкім болып тұрған тұста Қонаев–Рысқұлов, Арғынбеков–Бәйдібек би көшелерінің қиылысында жолайрық салынды. Осы жолайрықтар қаладағы көлік кептелісі мәселесін шешуге қаншалықты ықпал етті? Енді осындай үлкен жолайрықты Сайрам–Жібек жолы, Бәйдібек би–Төлеметов көшелерінің қиылысынан да саламыз деген жоспарларын айтып еді. Қалай ойлайсыз, бұл халыққа қаншалықты тиімді?
– Тәжірибе көрсеткеніндей Қонаев–Рысқұлов, Арғынбеков–Бәйдібек би көшелерінің қиылыстарында салынған жолайрықтар алғашқыда кептелістерді азайтқанымен, көп ұзамай аталған көшелердің өзге тұстарында үлкен кептелістер орын ала бастады. Таңертеңгі және кешкі қарбаластарда жаңа салынған жолайрықтардан еркін өткен көлік ағыны үлкен жолайрықтар салу мүмкін емес келесі көшелерге барып тіреліп қала бастады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, шығыны көп, жұмыс ауқымы да орасан мұндай жолайрықтарды қаламыздың кез келген тұсына сала беру мүмкін емес. Мәселен, дендросаябақ пен хайуанаттар бағы ортасында орналасқан Төлеметов–Бәйдібек би көшелерінің қиылысында үлкен жолайрық салатын бос жер мүлдем жоқ. Егер құрылыс басталса, аталған нысандардың аумағының біраз жеріне жол салынуы керек. Ал оған жол беруге мүлдем болмайды.
Екіншіден, қаламыздың халқының саны жылдам өсіп жатыр. 2018 жылы ғана 1 млн тұрғынға жеткен қала халқының саны 2025 жылы 1 млн 300 мыңға жақындап қалды. Үшіншіден, мемлекет екінші дәрежелі банктердің автокөлік алуға несие беруін жеңілдетуі мен халықаралық нарықта көлік бағасы арзандап, елімізге Қытай автокөліктерінің көптеп кіруі қаламыздағы көлік санын күрт көбейтіп жіберді.
Бұл үрдіс жақын арада өзгере қоймайды. Сондықтан біз осы бастан ұзақ мерзімді жоспарлар жасауымыз керек. Бес кезеңдік жоспарды толығырақ түсінікті болуы үшін кестемен бергенді жөн санадым.
1. Диагностика, тұрақ картасын жасау, құқықтық ережелерді әзірлеу (бұған Шымкент әкімдігі, қалалық полиция департаменті, көлік басқармасы жауапты, 0,5-1 млрд теңгенің шамасында қаражат жұмсалады, 2026-27 жылдар аралағында іске асуы тиіс;
2. 1–2 көп қабатты автоматтандырылған паркинг (әрқайсысы 400–500 орын), қоғамдық көлік жолақтары, пилоттық смарт-тұрақ, (Әкімдік+ жеке инвесторлар (МЖӘ), құрылыс компаниялары, 8-12 млрд, теңге, 2026-27 ж.ж);
3. Электронды табло, мобильді қосымша, жаңа нысандарға паркинг нормалары (Цифрлық даму басқармасы, жергілікті ІТ-компаниялар, 1-3 млрд. теңге, 2027-28 ж.ж.);
4. Ақылды тұрақты барлық орталық көшелерге тарату, Park&Ride жобалары, велоинфрақұрылым (Қала әкімдігі, көлік басқармасы, инвесторлар, 5-10 млрд, теңге, 2028-30 ж.ж);
5. Бірыңғай көлік картасы, динамикалық тариф, автоматтандырылған паркинг желісін толық аяқтау (Әкімдік, «Астана LRT» сияқты оператор құру, қаржы институттары, 10-15 млрд теңге, 2030-2035 ж.ж.).
Сандар – тек болжам, әр нысанның қуатына, жер теліміне және технологиясына қарай өзгереді. Негізгі идеясы – бюджеттік қаражатты тек бастапқы кезеңдерге жұмсап, ірі паркингтер мен смарт-жүйелерді МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) арқылы салдыру. Инвесторды қызықтыру үшін тарифтердің ашықтығы, пайдаланушылардың саны мен табыс үлесі алдын ала белгіленеді. Қоғамдық көлікті жақсарту параллель жүруі тиіс: жаңа автобустар, арнайы жолақ, ыңғайлы қосымша. Негізгі идея: бюджеттік қаражатты тек бастапқы кезеңдерге жұмсап, ірі паркингтер мен смарт-жүйелерді МЖӘ арқылы салдыру.
– Жасыратыны жоқ, басқа қаладан келгендер шымкенттік жүргізушілерді «мәдениеті төмен» деп сынап жатады. Осындай да жүргізушілердің мәдениетін дұрыс қалыптастыру үшін не істемек керек деген сұрақ туындайды. Бұған не дейсіз?
– Кеңес заманында туып-өстік, сол заманда білім алдық. Сол кезде қандай мамандық пен кәсіптің оқуын оқысаң да ең алдымен «Техника қауіпсіздігі» мен «Еңбек қауіпсіздігі» курстары міндетті пән ретінде оқытылатын. Ол пәндерде жұмыс барысында өзіңнің ғана емес, айналадағы адамдардың да денсаулығына зиян келтірмеу жолдары үйретіліп, өзіңнің ғана емес, өзгелердің де еңбегін құрметтей білуді санаға сіңіретін. Қазір жүргізушілер курсында аталған пәндер оқытыла ма, жоқ па хабарым жоқ. Бір білерім, өзге кәсіптер түгілі, педагог мамандар арасында диплом сатып алған «педагогтар» көптеп әшкереленіп жатыр. Яғни кейбіреулер жалған диплом сатуды бизнеске айналдырған. Мұндай «бизнес» жүргізуші куәлігі төңірегінде де жоқ деп айта алмаймыз. Бірер жыл бұрын ғана құқық қорғау органдары сондай «бизнесмендердің» біразын құрықтағаны есімізде. Куәлік сатқандар ұсталғанымен, куәлік сатып алғандардың бәрін әшкерелеу әзірге мүмкін болмай тұрса керек?!
Сөзіміздің соңында айтарымыз, өткен аптада Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің комиссия отырысында қалалық сәулет-құрылыс басқармасы мамандарының есебін тыңдадық. Мамандардың айтуынша, 2023 жылы күзде ғана бекітілген Шымкент қаласының Бас жоспары бүгінгі талаптарға сай келмей, өзгерістер мен қосымшалар енгізуді талап етіп отыр екен. Сондықтан барлық сала бойынша қаламызды дамытудың жоғарыда көрсетілгендей ұзақ мерзімді жоспарын жасау – өмір талабы болып отыр. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды.
Әңгімелескен Аида ӨТЕП




