Табиғатты қорғау – құқықты құрметтеу

Қысқаша

Табиғатты қорғау – құқықты құрметтеу

«Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін іргетас ғана емес, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді қарым-қатынастың да құқықтық және моральдық негізі. 

image.png

Заңның үстемдігі сақталған жерде тәртіп орнайды, ал тәртіп бар жерде ортақ игілік пен әділет салтанат құрады. Бұл қағидат тек қылмыстың алдын алуда ғана емес, қоршаған ортаны қорғауда да өзекті. Себебі табиғат құқықтық қорғауды қажет ететін ең нәзік әрі ең маңызды құндылықтардың бірі. 

Экологиялық тепе-теңдікті сақтау – бұл тек биологиялық қажеттілік емес, бұл – заң алдындағы азаматтық жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізіліп жатқан экологиялық бағыттағы жедел-профилактикалық шаралар, соның ішінде Шымкент қаласында өткен «Учаске» іс-шарасы заң мен тәртіп қағидатын табиғатты сақтау ісімен тікелей байланыстыратын нақты мысалдардың бірі.

Жуырда Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полиция басқармасының табиғатты қорғау тобы «Учаске» іс-шарасы аясында аудан аумағында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізді. Негізгі мақсат – халықтың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа зиян келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын кең көлемде түсіндіру. Полиция қызметкерлері қоғамдық орындар мен білім беру мекемелерін аралап, азаматтарға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған танымдық жұмыстарды ұйымдастырды. Бұл іс-шараны өзге акциялардан ерекшелейтін тұс оның мазмұнында. Қызметкерлер тұрғындармен тек бетпе-бет кездесу өткізіп қана қоймай, экологиялық нормалар мен заңнамалық талаптар туралы тереңірек ақпарат берді. Бұл тек формалды ескерту не ұран тастау емес, бұл әрбір азаматтың санасына табиғатты қорғау қажеттігін сіңіруге бағытталған саналы әрекет. Әсіресе жастармен жұмыс жүргізу барысында тәртіп сақшыларының айтқан әрбір сөзі болашақтың іргетасын қалаумен пара-пар.

Оқушылармен кездесулер барысында экологиялық тәрбие мен құқықтық сауаттылық мәселелері кеңінен қамтылды. Жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті міндеті. Себебі экологиялық дағдарыс тек ресурстардың таусылуынан емес, адамның табиғатпен үйлесім таба алмауынан басталады. Полиция инспекторлары табиғатты қорғауға арналған жадынамалар таратып, оқушыларға табиғатқа ұқыпты қарау, қоқысты арнайы орынға тастау, жасыл желектерді сақтау сынды қарапайым, бірақ маңызды әрекеттердің заңмен қорғалатынын түсіндірді.

Полиция басқармасының табиғатты қорғау тобының инспекторы, капитан Ерболат Сейітов аталған іс-шараның мән-маңызына тоқталып, пікір білдірді. Ол: «Бүгінгі қоғамда «Заң мен тәртіп» ұстанымы тек қылмыстық ахуалды бақылауда ұстаудың ғана емес, азаматтық мәдениетті қалыптастырудың, соның ішінде экологиялық жауапкершілікті арттырудың да негізгі тетігіне айналуы тиіс. Біз жүргізіп отырған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы осы ұстанымды кеңінен насихаттауға бағытталған. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау бұл моральдық борыш қана емес, заңмен реттелетін нақты міндет. Табиғатты бүлдіру – құқыққа, заңға қайшы әрекет. Сондықтан тұрғындарға экологиялық құқық бұзушылықтардың құқықтық салдарын ашық түсіндіру, алдын алу, құқықтық сауаттылығын арттыру – біздің басты мақсатымыз. Іс-шара барысында біз мектептер мен жоғары оқу орындарын, қоғамдық орындарды аралап, түрлі жастағы азаматтармен ашық диалог жүргіздік. Тек ескерту жасап қана қоймай, нақты заң баптарын, экологиялық нормаларды түсіндірдік. Бұл формалды шара емес, адамдардың экологияға деген көзқарасын жүйелі түрде өзгертуге бағытталған маңызды қадам. Мәселен, ормандағы ағаштарды заңсыз кесу, су көздерін ластау, жануарларға қатыгездік таныту сынды әрекеттер кейде азаматтар тарапынан “болмашы нәрсе” ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда, бұл әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша нақты жауапкершілікке әкеледі. Азаматтар осыны білуі, түсінуі және саналы түрде әрекет етуі керек. Біз тек жазалау мақсатында емес, алдын алу мақсатында жұмыс істейміз. Сондай-ақ, жастармен жұмыс істеуге ерекше назар аударамыз. Себебі бүгінгі жас буын – ертеңгі ел болашағы. Егер біз олардың бойында табиғатты аялау, заңды құрметтеу, ортақ жауапкершілік секілді ұстанымдарды қалыптастыра алсақ, онда бұл шара өзінің шынайы нәтижесін береді. Табиғат бізге ата-бабадан қалған аманат, оны қорғау баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді.

Жалпы, экология тек табиғат жайлы ғылым емес, ол тұтас қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші. Экологиялық құқық бұзушылықтар әдетте көзге көрінбейтін, бірақ ұзақ мерзімде орны толмас зиян келтіретін әрекеттер. Мысалы, рұқсатсыз ағаш кесу, су айдындарын ластау, жануарларға зиян келтіру – мұның бәрі Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте нақты көрсетілген заңбұзушылықтар. Тұрғындарға осы нормалар туралы кең көлемде ақпарат беру – құқық қорғау саласының ғана емес, қоғам болып жұмылатын ортақ міндеті.

«Учаске» акциясы құқықтық тәртіп пен қоғамдық жауапкершілік арасындағы көпір. Бұл бастама халықты ақпараттандыру, сананы ояту, азаматтық ұстанымды қалыптастыру үшін қолға алынған. Осы ұстаныммен жүзеге асырылған шара барысында инспекторлар тек экологиялық ережелермен шектелмей, қоршаған ортаға зиян келтірген жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғанын да нақты мысалдармен түсіндіріп өтті.

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №20 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Айнұр Әбдіқадырова табиғатты қорғау тақырыбын жас ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланыстырып, пікір білдірді. «Қазіргі таңда экологиялық тәрбие мектеп қабырғасынан бастап жүйелі түрде қалыптасуы тиіс басты құндылықтардың бірі. Табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі бір күнде пайда болмайды. Ол отбасынан басталып, білім беру жүйесі арқылы бекіп, қоғамда тұрақты мінез-құлыққа айналуы қажет. Сондықтан біз үшін полиция қызметкерлерінің «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында білім беру мекемелеріне келіп, оқушылармен ашық әңгіме жүргізуі өте құнды әрі тәрбиелік мәні зор тәжірибе болды. Бұл іс-шара арқылы оқушылар тек экологиялық нормалармен ғана танысқан жоқ, олар заңды құрметтеудің, құқықтық жауапкершілікті сезінудің маңызын да терең ұғынды. Қазірдің өзінде біз байқап отырмыз: балалар табиғатқа бұрынғыдан әлдеқайда ұқыпты қарай бастады. Олар далада қоқыс тастамауға, ағашты сындырмауға, жануарларға жанашырлық танытуға тырысады. Бұл қарапайым әдет сияқты көрінгенімен, үлкен мәдениеттің алғашқы қадамдары болса керек. Полиция қызметкерлері оқушыларға табиғатқа зиян келтірген әрбір әрекеттің құқықтық салдары бар екенін нақты түсіндіріп берді. Мәселен, аң-құстарды заңсыз ату немесе өзен-көлдерді ластау сынды әрекеттердің әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні туралы мысалдар балалардың есінде қалды. Осы арқылы құқықтық сананың негізі қаланып жатыр. Білім беру саласында біз балаларға «табиғат – біздің ортақ үйіміз» деген қарапайым қағиданы үнемі айтып отырамыз. Ал, бұл үйді қорғау тек тәрбиешінің, мұғалімнің немесе экологтың ғана емес, бүкіл қоғамның, оның ішінде әрбір азаматтың, әрбір баланың ортақ жауапкершілігі. Осы тұрғыдан алғанда, «Учаске» секілді шаралар тек полицияның немесе құқық қорғау органдарының жұмысы емес бұл тұтас қоғамның ынтымақтаса атқаратын тәрбиелік миссиясы деуге толық негіз бар. Менің ойымша, «Заң мен тәртіп» қағидатын біз балаларға тек жазалау жүйесі ретінде емес, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықтың, адами қарым-қатынастардың іргетасы ретінде түсіндіруіміз керек. Табиғатты қорғау да – осы қағидаттың бір тармағы. Сондықтан болашақ ұрпақ заңды құрметтей отырып, табиғатты сүйетін азамат болып қалыптасуы үшін осындай кешенді іс-шаралардың маңызы орасан», – деді Айнұр Әбдіқадырова.

Әлбетте, мұндай жүйелі жұмыстардың ар жағында терең идеологиялық мақсат жатыр. Ол табиғатқа тек ресурстық көзқараспен емес, тіршілік көзі, өмірдің бастауы, болашақ ұрпаққа аманат ретінде қарау мәдениетін орнықтыру. Бұл тек заң шеңберінде ғана емес, адамгершілік өлшемі тұрғысынан да маңызды. Табиғатқа жасалған әрбір қиянат өз болашағына балта шабумен тең. Ал оны қорғау тек экологиялық қызметтің емес, ішкі тәртіптің, заңға деген құрметтің айғағы. 

 «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған акция ғана емес, бұл құқықтық тәрбие, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық сана қалыптастыруға арналған маңызды әлеуметтік жоба. Қоршаған ортаны сақтау бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң мен тәртіп бұл тек жазалаушы күш емес, қоғамның үйлесімді дамуына, табиғатпен тепе-теңдікте өмір сүруіне бастайтын берік негіз. Ал сол негізді мызғымастай етіп орнықтыру әрбір азаматтың саналы әрекеті мен ұстанымына байланысты. 

Аида ӨТЕП