Бизнесті қорғаудың жаңа деңгейі: Бірыңғай есеп беру күні – ашық әріптестіктің нақты көрінісі

Қысқаша

Бизнесті қорғаудың жаңа деңгейі: Бірыңғай есеп беру күні – ашық әріптестіктің нақты көрінісі

Шымкент қаласында жылдағы дәстүрлі Бірыңғай есеп беру күні өтті. Алқалы жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы прокурорының міндетін атқарушы Марлен Сламбеков, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, сонымен қатар, прокуратура органдарының, аймақтық департаменттердің, қаладағы басқа да бақылау-қадағалау органдарының басшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

image.png

Аталған іс-шараны өткізудегі басты мақсат - қауіпсіз қызметті жүзеге асыру үшін кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттің бақылау-қадағалау қызметін реформалауды іске асыру шеңберінде мемлекеттік бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша заңнаманың міндетті талаптары бұзушылықтарының жүйелі профилактикасын дамыту болып табылады. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова айтып өтті.  

Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы мен Заң мен тәртіп қағидаты кәсіпкерлер құқын қорғау саласына да керек. Өйткені кәсіпкерлер кейде заңсыз әрекеттерге ұшырап жатады. Осының бәрі тәртіптің жоқтығынан болады. Заңбұзушылықтардың салдарынан орын алады. Мемлекеттік тескерісте де заңдылық пен ереже қажет. Ол бұзылған жағдайда салада тәртіп кетеді. Кәсіпкерлердің құқы шектелсе келешекте ол басқа салаларға да кері әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен, одан экономика саласы, шағын және орта бизнес зардап шегуі ықтимал. Ал шағын және орта бизнес экономика ұстыны екені белгілі.     

«Бірыңғай есеп беру күні 2021 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жыл сайын қыркүйектің соңғы бейсенбісіне бекітілген. Есеп беру күні республика бойынша өтуде. Мұндағы мақсат – бақылау-қадағалау қызметін реформалауды жүзеге асыру, заң талаптарын бұзудың жүйелі түрде алдын алу, тұрақты әрі қауіпсіз кәсіпкерлікті іске асыру. Сонымен қатар бақылау және қадағалауды жүзеге асыру нәтижелері кәсіпкерлік субъектілерімен бірге талқыланады және бизнес-қоғамдастықпен кері байланысты қалыптастырылады», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Қала әкімінің бірінші орынбасары да мұндай есептік жиындардың маңызына тоқталып өтті. «Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау мен қорғауды, бизнес жүргізу үшін ашық әрі әділ жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап отыр. Сондықтан әр мемлекеттік органның жұмысы кәсіпкерлердің сенімін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, бақылау мен қадағалауды жүйелі әрі заң аясында жүргізуге бағытталуы тиіс. Осы кездесуде сіздердің пікірлеріңізді тыңдау және ортақ мәселелерді шешу жолдарын бірлесе қарастыру – біздің басты міндетіміз. Әр ұсыныс назарға алынып, тиісті шаралар қабылданады. Бірыңғай есеп беру күні – бұл тек есеп беру алаңы емес, сонымен қатар, мемлекет пен бизнестің ашық әріптестігінің нақты көрінісі», – деді Айдын Кәрімов.

Шымкент қаласы прокурорының міндетін атқарушы Марлен Сламбеков кәсіпкерлердің құқығын қорғау құзырлы орган жұмысының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталды. «Бұл – тек есеп беру жиыны ғана емес, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді ашық диалог алаңы. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – Президент тапсырған біздің басты міндетіміздің бірі. Осы бағытта мобильді топ тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Биыл түскен 51 хабарламаны қарау нәтижесінде 16 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Сонымен бірге прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда, прокурорлық сүзгі де жалғасуда. Бұл ретте инвесторлардың тізіліміне енгізілген заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік органдардың барлық тексеруі, шектеуі және әкімшілік шаралары прокуратура тарапынан келісіледі. Осы жұмыс бағытында мемлекеттік органның 1 тексеруінен, 11 әкімшілік іс қозғалуынан бас тартылды. Бұған қоса 2025 жылдан бастап кәсіпкердің ісіне заңсыз араласқан мемлекеттік орган әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын ерекше атап өткім келеді. Бұл – бизнесті қорғаудың жаңа деңгейі. Сондықтан бүгін біз тек есеп тыңдап қана қоймай, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған ұсыныстарды бірге қарастырайық», – деді Марлен Сламбеков.

Жалпы прокуратура өкілі бизнес қауымдастық пен жеке сектор көлеңкелі экономиканы болдырмайтын ашық ережелер бойынша жұмыс істеуі керектігін де еске салды. Осы орайда қадағалаушы органның мәлімдеуінше, заңдылық пен тәртіп кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып табылады, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуі мемлекеттік органдардың да, азаматтық қоғамның да заң нормаларын қатаң сақтауымен ғана мүмкін болады. Бұл құқықтық мемлекетті нығайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ұмтылысты көрсетеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты заңнаманың орындалуына мемлекеттік бақылауды күшейтуге, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға және іс жүзінде әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. «Заң мен тәртіп» қағидасына басты назар аудару мемлекеттің қауіпсіздік саясатын, оның ішінде құқық қорғау органдарын, құқықтық тәртіпті және оның тетіктерін дамытуды жалғастыратынын білдіреді. Қоғамдық сананың белсенді трансформациясы жағдайында, оның ішінде реформалар мен цифрландырудың әсерінен азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқықтық сананы қалыптастыруға және халықтың билікке деген сенім деңгейін арттыруға кепілдік беретін тетіктерді құру маңызды. Осылайша, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын заң үстемдігі қағидаттарына, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтуге, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамды топтастыруға берілгендік декларациясы ретінде қарастыруға болады. Құқықтық мемлекетте заң қарапайым азамат үшін де, мемлекеттік қызметкерлер үшін де міндетті. Бұл әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, сонымен бірге оған міндеттер жүктейтін қоғамдық келісімнің негізі. Әрбір азамат салық төлеуден бастап жол қозғалысы ережелеріне дейінгі заңнаманы сақтауы қажет.

Заң мен тәртіп қағидаты туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауында атап өтті. «Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.  Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр. Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз. Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.  Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет»,– деген еді Мемлекет басшысы.

Жиында Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарған жұмыстар оң нәтиже беріп отырғанын атап өтті. «Жыл сайын «Атамекен» Ұлттық палатасы «Әкімшілік қысым индексін» есептейді. 2024 жылғы сауалнама деректері «Тексерулердің тиімділігі» индексі бойынша Шымкенттегі көрсеткіш 44 пайыз болып, республикалық орташа деңгейден (40%) жоғары, тексерулердің артық қысымсыз, нақты және негізделген түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті. Сонымен қатар «Іскерлік климат» рейтингі аясында жүргізілген тоқсан сайынғы сауалнама деректері Шымкент қаласының мегаполистер арасында инвестициялық тартымдылық бойынша айтарлықтай серпіліс жасағанын көрсетті. Былтыр республика бойынша бизнеске қатысты қаулылардың 25 пайызы айыппұл салумен аяқталған, ал Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 18 пайызды құрады. Яғни, қаламызда неғұрлым жұмсақ тәжірибе – бизнеске қаржылық санкция салмай тұрып, заң бұзушылықтарды түзетуге жиі мүмкіндік берілетіні анықталды. Бұл үрдіс Президенттің жазалаудан профилактикаға көшу тапсырмасын орындауға бағытталып отыр. Сонымен қатар Шымкентте тіркелген барлық әкімшілік құқық бұзушылықтың ішінде бизнеске тиесілісі – небәрі 3 пайыз. Ең маңыздысы – шағын бизнесте бұл көрсеткіш бар болғаны 0,3 пайызды құрап, республикадағы ең үздік нәтижеге қол жеткіздік. Бұл кәсіпкерлердің жоғары тәртіптілігін және бақылаушы органдар тарапынан қысымның төмендегенін дәлелдейді. Қорытындылай келсек – Шымкент бизнеске әкімшілік қысым төмен өңірлердің қатарында тұрақты түрде көш бастап келеді», – деді Майя Исаева.

Сондай-ақ жиында Мемлекеттік кірістер департаменті, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаменті, полиция департаменті, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен тағы да басқа мемлекеттік органдардың жетекшілері баяндама жасап, жыл бойы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Ал кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тіркеуге алды.

Ә.ҚОНЫСБАЙ