
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін кез келген заңсыз әрекет дер кезінде анықталып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.
Осы бағыттағы жұмыстар барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген тұрақты мониторинг кезінде қала көшелерінде қауіпті жарыс ұйымдастырған жүргізушілердің бейнежазбасын анықтады. Бейнекадрларда бірнеше жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қарсы бағыттағы жолаққа шығуы, қауіпті маневрлер жасауы және басқа көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргені көрініс тапқан.
Тексеру барысында құқық бұзушылардың өз әрекеттерін әдейі бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялағаны белгілі болды. Сонымен қатар олардың бірі көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны анықталды. Бұл – жол қозғалысы қауіпсіздігіне немқұрайлы қараудың және заң талаптарын өрескел елемеудің айқын көрінісі.
Полицейлердің мәліметінше, жастардың мұндай қауіпті әрекетке баруына 200 мың теңгелік бәстесу себеп болған. Ұтысқа ие болып, әлеуметтік желіге әсерлі бейнеролик жариялау мақсатында олар қала көшелерін заңсыз жарыс алаңына айналдырған. Алайда мұндай жауапсыз әрекеттер тек өздерінің ғана емес, жол қозғалысының өзге қатысушыларының өмірі мен қауіпсіздігіне де елеулі қатер төндіреді. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, олардың екеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот шешімімен жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілердегі танымалдылық немесе бәстесу ешқашан заң талаптарын бұзуға негіз бола алмайтынын ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзу – қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін әрекет және ол міндетті түрде заң аясында бағаланады.
Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейте береді. Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, өзара құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын ұстануға шақырады. Өйткені қауіпсіз қоғам – әрбір азаматтың заңға деген құрметінен басталады.
