
Шымкент қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде интернет алаяқтарының кезекті әрекетінің жолы кесілді. Жедел әрекет еткен Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала тұрғынының банк шотындағы 10 миллион теңгені заңсыз иемденудің алдын алды.
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз тұлғалар әйелге телефон арқылы хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматшаны сендіру үшін түрлі сылтаулар айтып, оның есепшотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын жеткізген. Кейін ақшаны сақтау үшін оны «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екенін айтып, өздерінің нұсқауларын орындауға көндірген.
Алаяқтар мұнымен шектелмей, байланысын WhatsApp мессенджері арқылы жалғастырған. Психологиялық қысым жасап, асықтыру тактикасын қолданған олар жәбірленушіні ешкімге хабар бермеуге және барлық әрекетті өздерінің бақылауымен орындауға көндіруге тырысқан. Осындай тәсілдер арқылы қылмыскерлер азаматтың сеніміне кіріп, оның қаражатын иемденуді көздеген.
Дәл сол сәтте Шымкент қаласы Полиция департаментінің мамандандырылған колл-орталығы күмәнді қоңырауды анықтап, ақпаратты жедел түрде киберполиция қызметкерлеріне жолдаған. Полицейлер уақыт жоғалтпай азаматшаның тұрғылықты мекенжайына барып, оған алаяқтардың арбауына түскенін түсіндіріп, олармен байланысын бірден тоқтатты. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде тұрғынның банк шотындағы 10 миллион теңге сақталып, қомақты қаржының қылмыскерлердің қолына түсуіне жол берілмеді.
Тәртіп сақшылары азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Егер өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырған адам телефон арқылы ақшаңызды басқа шотқа аударуды, құпия кодтарды айтуды немесе қандай да бір қосымшаны жүктеуді талап етсе, әңгімені бірден тоқтатып, ресми байланыс арналары арқылы ақпараттың рас-өтірігін тексерген жөн.
Полиция департаменті интернет алаяқтықпен күрес және тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігін қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді. Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағылық танытып, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырады.
