
Құқықтық мемлекет құрудың басты өлшемдерінің бірі – азаматтардың заңмен қорғалған құқықтары мен бостандықтарының нақты қамтамасыз етілуі. Бұл ретте әділет органдарының қызметі тек құқықтық рәсімдерді орындаумен ғана шектелмейді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысы туралы Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде жан-жақты баяндады.
Брифинг барысында әділет саласында жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыты – азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және атқарушылық іс жүргізу жүйесін халықаралық талаптарға сай жетілдіру екені атап өтілді. Бұл жұмыстар Президент бастамашы болған құқықтық реформалардың қисынды жалғасы ретінде жүзеге асырылып келеді.
Соңғы жылдары елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге және сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуына ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта Мемлекет басшысы қол қойған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша» заң күшіне енді. Құжат атқарушылық өндірістің тиімділігін арттырумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.
Жаңа заң аясында енгізілген өзгерістер атқарушылық іс жүргізудің барлық кезеңін қамтиды. Соның ішінде мерзімі өтіп кеткен атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын автоматты түрде тоқтату, оңайлатылған атқарушылық іс жүргізудің қолданылу аясын кеңейту, жеке сот орындаушыларын аттестаттаудың жаңа талаптарын енгізу және олардың қызметіне бақылау тетіктерін күшейту секілді маңызды жаңашылдықтар қарастырылған. Бұдан бөлек, сот орындаушыларының әрекеттеріне қатысты міндетті сотқа дейінгі шағымдану тәртібінің енгізілуі азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдігіне айналып отыр.
Қазіргі таңда құқықтық қызметтердің сапасын арттыруда цифрлық технологиялардың рөлі ерекше. Мемлекеттік басқарудың көптеген саласы сияқты әділет жүйесі де заманауи цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп келеді. Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жеңілдетуге бағытталған.
Брифингте Айнұр Исабекова сот орындаушыларға қатысты өзгерістерді айтып өтті. «Құқық қорғаудың маңызды сатысы – атқарушылық іс жүргізу. Яғни шығарылған сот актілері, қабылданған қаулыларын іске асыру, оларды орындау. Бұл орайда қаламызда 8 мемлекеттік және 155 жеке сот орындаушысы қызмет етуде. Бұл ретте бізде маңызды өзгеріс – атқарушы өндіріс саласына да жақын арада заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер биыл 25 тамыз күні күшіне енеді. Біраз жаңашылдықтар бар. Ең бастылардың бірі – жеке сот орындаушылардың қызметін бақылау мәселесі назарға алынды. Қазіргі заңнама жеке сот орындаушысының лизенциясынан айыру – сот тәртібімен іске асырылады. Ал жаңа тетік – сот арқылы емес, уәкілетті органның, яғни Әділет министрлігінің шешімімен қабылданатын болады. Жеке сот орындаушысын лицензиядан айыру үшін сотқа жүгінудің қажеті болмайды», – дейді спикер.
Осы орайда «Робот-сот орындаушы» жүйесінің енгізілуі атқарушылық іс жүргізу саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі болды. Аталған сервис қарапайым санаттағы атқарушылық өндірістерді автоматты режимде орындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде рәсімдердің орындалу мерзімі қысқарып, азаматтардың уақыт шығыны азаяды. Сонымен бірге адами фактордың ықпалы төмендеп, қызмет көрсету сапасы артады.
Баспасөз брифингінде әлеуметтік маңызы жоғары мәселелердің бірі – алимент өндіру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта борышкерлерді жұмыспен қамту, олардың тұрақты табыс табуына жағдай жасау және заңмен жүктелген міндеттемелерін орындауға ынталандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұндай тәсіл тек мәжбүрлеу шараларына сүйенбей, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту арқылы мәселені кешенді шешуге мүмкіндік береді.
– Халықты көп мазалайтын мәселелердің бірі – алимент өндіру. Қазір қалада осы санатта – 13845 іс бар. Оның ішінде 3287 іс бойынша алименттің қарыз берешегі қалыптасқан. Яғни алимент төлеушілер өз міндеттерін 3 айдан астам мерзім орындамаған. Осы істер бойынша сот орындаушылар мәжбүрлеп орындату шараларын жүргізеді. Мысалы, соттың үкімін орындамаған 31 алимент төлеуші қылмыстық, 215 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Және 132 борышкер әкімшілік қамаққа алынды. Және сот орындаушылары борышкерлерді жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Бұл мансап орталығының көмегімен жүзеге асырылады. Сот орындаушылардың көмегімен биыл 254 борышкер жұмысқа орналастырылды», – дейді Айнұр Исабекова.
Айта кету керек, алиментті уақытылы төлеу – баланың әлеуметтік қорғалуына ықпал етеді. Ол баланың дұрыс тамақтануына, сапалы білім алуына, денсаулығын күтуіне және қабілетін дамытуына мүмкіндік береді. Керісінше, алименттен жалтару немесе оны кешіктіру баланың өмір сапасына кері әсер етіп, екінші ата-анаға қосымша материалдық әрі психологиялық ауыртпалық түсіреді. Алимент төлеу – заң талабы ғана емес, ар-ожданның, ата-аналық парыздың және азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сондықтан әрбір ата-ана қандай жағдай болмасын өз перзентінің алдындағы міндетін адал орындап, оның толыққанды өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға ұмтылуы тиіс.
Шымкентте цифрлық сервистердің тағы бір тиімді құралы – «Тараптар кабинеті». Бұл сервис өндіріп алушылар мен борышкерлерге атқарушылық іс жүргізудің барлық кезеңін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар сот орындаушысына электрондық өтініш жолдап, қабылданған шешімдер туралы жедел ақпарат алып, өндірістің қозғалысын кез келген уақытта бақылай алады. Мұндай ашықтық мемлекеттік органдардың жұмысына деген сенімді арттырып қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін де күшейтеді.
Әділет департаменті қызметінің тағы бір маңызды бағыты – құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру. Конституциялық реформалар нәтижесінде адвокатура институтының Конституция деңгейінде бекітілуі азаматтардың кәсіби заң көмегіне қол жеткізу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтті. Бұл өз кезегінде әрбір азаматтың заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге және әділ сот төрелігінің қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді. Конституцияға зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға қатысты арнайы норманың енгізілуі ғылым, инновация және шығармашылық қызметті дамытуға жаңа серпін берді. Авторлардың, өнертапқыштардың және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың күшеюі елімізде инновациялық экономиканы дамытуға, креативті индустрияны қолдауға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға оң ықпал етеді.
Цифрландыру үдерісі құқықтық кеңес беру қызметтерін де жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде азаматтар «Е-заң көмегі» мобильді қосымшасы, eGov электрондық үкімет порталы және өзге де онлайн платформалар арқылы заңгерлік кеңес алып, қажетті ақпаратқа қашықтан қол жеткізе алады. Бұл, әсіресе, уақытты үнемдеуге, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін құқықтық кеңесші чат-ботты іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жүйе тәулік бойы азаматтардың құқықтық сауалдарына жауап беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Цифрлық технологиялардың осындай мүмкіндіктері мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жаңа стандарттарын қалыптастырады. Ол тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша алғашқы ақпарат пен түсіндіру жұмыстарын ұсына алады. Мысалы, азамат мемлекеттік қызмет алу тәртібі, алимент өндіру, мұраны рәсімдеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, еңбек қатынастары немесе әкімшілік рәсімдер туралы сұрақ қойса, чат-бот қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсінікті жауап береді.
Нотариат саласында да ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда «Е-нотари» платформасы арқылы көптеген нотариаттық әрекеттерді қашықтан рәсімдеуге болады. Сонымен қатар заңды тұлғаларды тіркеу, апостиль қою және басқа да құқықтық қызметтер электрондық форматқа көшірілген. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу рәсімін барынша жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Шымкент қаласында нотариустар, адвокаттар, заң консультанттары және әділет органдарының мамандары халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсетуде. Олардың қызметі азаматтардың құқықтық мәселелерін дер кезінде шешуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамда заң үстемдігін нығайтуға бағытталған.
Құқықтық мемлекет құру – үздіксіз жетілдіруді талап ететін ұзақ мерзімді үдеріс. Бұл жолда заңнаманы жаңарту ғана емес, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және азаматтардың құқықтық санасын көтеру айрықша маңызға ие. Шымкент қаласының Әділет департаменті жүзеге асырып отырған бастамалар осы стратегиялық мақсаттарға толық сәйкес келеді. Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, құқықтық көмекті қолжетімді ету, цифрлық сервистерді дамыту және азаматтардың құқықтарын сенімді қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар құқықтық мемлекеттің берік іргетасын нығайтып, қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыруға қызмет ететін маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.
А.ЕСІМБАЙ
