​Жауапқа тарту емес, алдын-алу маңызды

Қысқаша

​Жауапқа тарту емес, алдын-алу маңызды

728833576_18119335678831016_7623201366900798388_n.jpg

Бүгінде қоғамның құқықтық мәдениетін көтеру, одан кейін экономикалық қауіпсіздікті нығайту маңызды бағытқа айналып отыр. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының ұйымдастыруымен азаматтық қоғам өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен мазмұнды кездесу өтті.

Кездесудің өзегі  – «Заң және тәртіп» қағидатын экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан кеңінен түсіндіру және тұрғындардың құқықтық, экономикалық әрі салықтық сауаттылығын арттыру болды. Өйткені заң талаптарын сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азамат пен кәсіпкердің жауапкершілігінен басталады. Экономиканың тұрақтылығы да осы қағиданың мүлтіксіз орындалуына тікелей байланысты.

Жиын барысында азаматтық сектор өкілдері тұрғындарды алаңдатып отырған өзекті мәселелерді де ортаға салды. Соның бірі – мемлекет тарапынан қарастырылған біржолғы төлемдердің тоқтатылуына байланысты жағдай. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, осының салдарынан шамамен үш мыңға жуық азамат тиісті әлеуметтік қолдаудан қағылған. Көтерілген мәселе Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қарауына алынып, құқықтық тұрғыдан зерделенетін болды.

– Қазір Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысында басымдықтар біршама өзгерді. Бұрынғыдай тек құқықбұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуға ғана емес, олардың алдын алу мен профилактикаға ерекше мән берілуде. Сондықтан халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге басымдық беріліп отыр. Оның ішінде салық заңнамасына қатысты мәселелер де бар. Бүгінгі кездесуде әділетсіз бәсекелестік пен баға қалыптастыруға қатысты сұрақтар көтерілді. Кейбір тауарлар контрабандалық жолмен әкелініп, салықтан жалтару есебінен олардың бағасы заңды түрде өндірілген немесе импортталған өнімдерден әлдеқайда арзан болады. Соның салдарынан заң талаптарын сақтап жұмыс істейтін кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. Егер кәсіпкерлерде қылмыстық әрекеттерге негізделген демпинг фактілері болса, бізге жеке хабарласуға кеңес бердік. Ол үшін міндетті түрде арыз жазудың қажеті жоқ, біз түскен мәліметтердің өзін тексере аламыз, – деді Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Дәурен Тұрғынбай.

Кездесуде құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар заң талаптары мен азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты түсіндіру жұмыстарын әлеуметтік желілер арқылы кеңінен жүргізуді ұсынып, осындай кездесулерді тікелей эфирде көрсетудің тиімділігіне тоқталды. Бұл бастама құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етері сөзсіз. Алайда мамандар мұндай жұмыстарды ұйымдастыруда заң талаптары қатаң сақталуы қажет екенін еске салды. Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын жария етуге Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша тыйым салынған. Сондықтан ақпараттық ашықтық пен заң талаптарының ара-жігі сақталуы тиіс.

Кездесуде салық тәртібі де кеңінен сөз болды. Департамент мамандарының айтуынша, кейбір кәсіпкерлер түрлі заңсыз тәсілдер арқылы салықтық міндеттемелерін азайтуға әрекет жасайды. Дегенмен мемлекеттік бақылау жүйесі мұндай схемаларды дер кезінде анықтап, құқықтық баға беруге мүмкіндік береді. Бұл бағытта заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері де кеңінен қолданылып келеді. Мұндай құралдар кәсіпкерлік қызметті жан-жақты саралап, заңсыз табыс табу немесе салықтан жалтару белгілерін жедел анықтауға жол ашады.

Мемлекет бюджетінің негізгі бөлігі салық есебінен қалыптасады. Жиналған қаражат білім беру, денсаулық сақтау, қорғаныс, қоғамдық қауіпсіздік, мәдениет, ғылым және инфрақұрылым салаларын дамытуға жұмсалады. Жаңа мектептер мен ауруханалардың салынуы, жолдардың жөнделуі, тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағдарламаларының жүзеге асуы – мұның барлығы салық түсімдерінің арқасында мүмкін болады. Салықтың тағы бір маңызды қызметі – экономиканы реттеу. Мемлекет салық саясаты арқылы кәсіпкерлікті қолдап, инвестиция тартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар заңсыз экономикалық әрекеттердің алдын алып, адал бәсекелестіктің қалыптасуына ықпал етеді. Салықты уақытылы әрі толық төлеу – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Әрбір азамат төлеген салығының қоғам игілігіне жұмсалатынын түсінуі қажет. Өйткені бүгінгі төленген салық – ертеңгі сапалы білімнің, қолжетімді медицинаның, қауіпсіз көшелердің және дамыған инфрақұрылымның кепілі. Бұл – болашақ ұрпақтың әл-ауқатына салынған инвестиция.

Жиын соңында мамандар кәсіпкерлерді заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырып, қысқа мерзімдік пайда көздеген заңсыз әрекеттердің түптеп келгенде елеулі қаржылық шығын мен құқықтық жауапкершілікке алып келетінін атап өтті. Өйткені заң үстемдігі орныққан жерде ғана әділ бәсеке қалыптасып, экономикалық қауіпсіздік нығайып, қоғамның мемлекетке деген сенімі арта түседі.