
Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында қауіпсіз қоғам қалыптыстыру мақсатында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдалануға қарсы бақылау шаралары күшейтілді.
Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан түнгі мезгілде отшашу ату мен қатты шуға қатысты шағымдардың көбеюіне байланысты полиция қызметкерлері арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Екі күнге созылған профилактикалық шараның негізгі мақсаты – пиротехникалық өнімдердің заңсыз айналымын анықтау, қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Рейд барысында құқық қорғау органдары қала аумағындағы сауда орындарын, базарлар мен уақытша сауда нүктелерін тексерді. Нәтижесінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 19 фактісі анықталды. Тексеру кезінде арнайы лицензиясыз және қауіпсіздік талаптарын сақтамай саудаға шығарылған 441 дана пиротехникалық өнім тәркіленді. Құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасы тек заң талаптарын бұзу ғана емес, сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін факторлардың бірі. Себебі сапасы мен шығу тегі белгісіз өнімдер өрт шығуына, түрлі жарақаттарға және басқа да төтенше жағдайларға себеп болуы мүмкін.
Рейдтік іс-шара барысында қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері де анықталды. Атап айтқанда, қала тұрғындарының бірі түнгі уақытта арнайы белгіленбеген орында отшашу ұйымдастырған. Нәтижесінде азамат пиротехникалық бұйымдарды пайдалану талаптарын бұзғаны және тұрғындардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Шымкент қаласында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалану бойынша 44 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдары тарапынан профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейтуді қажет етеді.Полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде олардың заңды түрде сатылып жатқандығына, қауіпсіздік сертификаттарының болуына және пайдалану талаптарының сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға, айналасындағылардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарауға шақырады.
Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету – ортақ міндет. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, заң талаптарын сақтау әрбір тұрғынның жауапкершілігі болып қала береді.
Шымкент қаласы полиция департаментінде қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге арналған маңызды басқосу өтті. «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты мамандар мен сала қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің өзекті бағыттарын талқылады.
Жиынға Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Мырзатаев төрағалық етті. Басқосу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты еліміздегі құқықтық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл бастама қоғамда әділдік қағидатын орнықтыруға, азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан құқық қорғау органдарының алдында тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу, тұрғындармен тығыз байланыс орнату және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеті тұр.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Нұрбол Мырзатаев заң үстемдігі кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының басты алғышарты екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, әрбір азаматтың заңға деген жауапкершілігі мен құрметіне де тікелей байланысты.
Жиын барысында құқық бұзушылықтардың профилактикасын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызына тоқталып, білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты. Өйткені құқықтық сауаты жоғары ұрпақ қана заң талаптарын құрметтеп, қоғамның дамуына оң үлес қоса алады.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру, халықпен кері байланысты нығайту және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мәселелері де талқыланды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының ашықтығы мен қоғаммен тиімді байланысы қоғамдық сенімді арттырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Басқосу барысында қатысушылар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде профилактикалық жұмыстардың рөліне де тоқталды. Заң талаптарын түсіндіру, құқықтық ағарту шараларын ұйымдастыру және тұрғындардың құқықтық жауапкершілігін арттыру қылмыстың алдын алудың тиімді жолдарының бірі екені айтылды.
Жиын қорытындысында «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам өмірінде кеңінен орнықтыру, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Өйткені заң үстемдігі берік орныққан жерде ғана әділеттілік салтанат құрып, тұрақтылық пен қоғамдық келісім нығая түседі.
