Сәрсен Құранбек: Бала қауіпсіздігі - басты назарда

Қысқаша

Сәрсен Құранбек: Бала қауіпсіздігі - басты назарда

Screenshot_7.jpg

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз ортада білім алып, демалуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, сауықтыру орындарының дайындығы және аулаішілік аумақтардағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған арнайы жиын өтті. Жиын Шымкент қаласы прокуратурасының балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша енгізген ұсыну хаты негізінде өткізілді. Басқосуға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім беру саласының мамандары мен аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бірқатар сауықтыру лагерьлерінің дайындық деңгейі, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытында назар аударуды қажет ететін жайттар анықталған. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы спорт және балалар ойын алаңдарының техникалық жай-күйіне қатысты да бірқатар кемшілік белгілі болған.

Прокуратура өкілдері балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, анықталған олқылықтарды жою бойынша нақты ұсыныстар енгізді. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу үшін жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктелді.

Жиында сөз алған білім басқармасы басшысының орынбасары жазғы демалыс науқанының ұйымдастырылуы туралы баяндады. Оның мәліметінше, биыл Шымкент қаласындағы 262 мыңнан астам оқушының 246 мыңға жуығын немесе 93,5 пайызын жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамту жоспарланған. Оның ішінде 11 мыңнан астам бала қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде тынығатын болса, 224 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен түрлі танымдық, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысады.

Жазғы демалысты ұйымдастыруда қауіпсіздік мәселесіне ерекше басымдық беріліп отыр. Өйткені балалардың бос уақытын тиімді өткізу ғана емес, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау – маңызды міндет. Осыған байланысты лагерьлердің материалдық-техникалық базасы, медициналық қызмет көрсету деңгейі, өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың сақталуы тұрақты бақылауға алынған.

Айта кетейік, білім беру ұйымдарының да бұл бағыттағы жауапкершілігі зор. Мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған сабақтар мен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуі керек. Өйткені қауіпсіздік дағдылары бала бойында ерте жастан қалыптасқанда ғана оның өмірлік әдетіне айналады. Заманауи технологиялардың дамуы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін де күн тәртібіне шығарды. Бүгінде балалар түрлі әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарын белсенді пайдаланады. Сондықтан оларды кибербуллингтен, жалған ақпараттан және интернет алаяқтарынан қорғау үшін цифрлық сауаттылықты арттыру маңызды.

Жиын барысында аулаішілік спорт және балалар ойын алаңдарының техникалық жағдайы да жан-жақты қаралды. Анықталған кемшіліктер бойынша аудан әкімдерінің тиісті салаға жетекшілік ететін орынбасарларының есептері тыңдалып, балалар қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселелерді қысқа мерзімде шешу міндеті қойылды. Сондай-ақ тұрақты мониторинг жүргізіп, нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігі айтылды.

Жиын қорытындысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жазғы демалысын мазмұнды әрі сапалы ұйымдастыру барлық мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді. «Заң мен тәртіп» қағидатының басты талабы да – әрбір баланың құқығы қорғалған, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, жауапты мекемелер тарапынан жүйелі түрде жалғасады.