«Қауіпсіз ел» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – азаматтарды түрлі құқық бұзушылықтардан қорғап, олардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау. Бүгінде қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларының көбеюі. Әсіресе алаяқтардың арбауына жиі түсетіндердің қатарында егде жастағы азаматтар бар. Сондықтан аға буын өкілдерінің қаржылық сауаттылығын арттыру мен оларды заманауи қауіп-қатерлерден қорғау маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.
Осы мақсатта Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен қаладағы «Белсенді өмір орталығында» зейнеткерлерге арналған ашық форум өтті. «Қаржы пирамидасы. Интернет-алаяқтық. Өзіңізді қалай қорғауға болады?» тақырыбында өткен кездесуге 200-ден астам зейнеткер мен қала тұрғындары қатысты.
Форум барысында мамандар соңғы жылдары кең таралған интернет-алаяқтық түрлері, қаржы пирамидаларының белгілері және олардан қорғанудың тиімді жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Қатысушыларға нақты мысалдар келтіріліп, күмәнді қаржылық ұсыныстарға сенбеу, жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Департамент өкілдерінің айтуынша, алаяқтар көбіне өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе инвестициялық компания маманы ретінде таныстырып, азаматтарды алдап соғуға тырысады. Сондықтан кез келген қаржылық операция кезінде сақтық танытып, ақпараттың дұрыстығын бірнеше мәрте тексеру қажет.
Іс-шара аясында арнайы бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша практикалық кеңестер берілді. Форум еркін пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауап алды.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, алаяқтық қылмыстардың алдын алуға да ықпал ететінің мәлімдеді. Өйткені қауіпсіз қоғам құру әр адамның ақпаратты дұрыс саралай білуінен және қаржылық шешімдерді сауатты қабылдауынан басталады.
Форум барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аға буын өкілдерінің қатысуымен флешмоб өткізілді. Бұл шара қатысушылардың көтеріңкі көңіл күйде пайдалы ақпарат алуына мүмкіндік жасады.
Жиын соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Мамандар қаржылық қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырып, алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы – білім мен сақтық екенін атап өтті. Өйткені «Қауіпсіз ел» қағидаты әр азаматтың құқықтық және қаржылық қорғалуынан бастау алады.
