
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» тұжырымдамасының басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл ретте төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру және балалардың өмірін сақтауға бағытталған профилактикалық жұмыстардың маңызы ерекше. Осы бағыттағы кезекті іс-шара Шымкент қаласындағы Абай ауданында өтті.
Атап айтқанда, Дендропарк тұрғын үй кешенінде балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелеріне арналған кең көлемді түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Абай аудандық әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен өткен кездесуге тұрғындар, көпбалалы отбасылар және тұрғын үй кешенінің белсенділері қатысты.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау деректері жиілей түседі. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін күшейтіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы. Іс-шара барысында тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, көпқабатты үйлердің терезелеріне қорғаныс құрылғыларын орнатудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.
Абай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының офицері Дүйсен Нұргелді балаларды қараусыз қалдыру қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
– Баланың қауіпсіздігіне қатысты ұсақ-түйек мәселе болмайды. Терезе маңына орындық, үстел немесе басқа да жиһаздарды қоюдың өзі қауіп төндіреді. Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет, – деді маман.
Кездесуде өрт қауіпсіздігі мәселелері де кеңінен қозғалды. Тұрғындарға электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, ақауы бар тұрмыстық техниканы пайдаланбау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәртібі түсіндірілді.
Жиында сөз алған «Sapa House» компаниясының өкілі Дәріқожа Самат терезелерге орнатылатын қорғаныс құрылғыларының техникалық мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Әлеуметтік жағдайы төмен, бес және одан да көп баласы бар отбасыларға қорғаныс торларын тегін орнатамыз. Ай сайын шамамен 4-5 тұрғын үйге қызмет көрсетіледі. Зейнеткерлер үшін 20-30 пайыз көлемінде жеңілдік қарастырылған. Орнатылатын қорғаныс торлары 80 келіден 300 келіге дейінгі салмаққа төтеп береді және балалардың терезеден құлау қаупін барынша азайтуға арналған, – деді компания өкілі.
Оның айтуынша, заманауи қорғаныс жүйелері жоғары салмаққа төтеп беріп, балалардың жазатайым оқиғаларға ұшырау қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Тұрғындар да мұндай түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, қауіпсіздік ең алдымен отбасындағы тәрбие мен күнделікті бақылаудан басталады. Балаларға терезеге жақындамау, электр құралдарын дұрыс пайдалану секілді қарапайым қағидаларды ерте жастан үйрету қажет.
– Менің төрт немерем бар. Оларға үнемі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп отырамыз. Терезеге жақындамау, электр құралдарын дұрыс пайдалану сияқты қарапайым қағидаларды бала кезден үйрету қажет. Баланың қауіпсіздігі әр ата-ананың басты міндеті, – деді тұрғын.
Айта кетейік, Шымкент қаласында өрт қауіпті маусымның өту барысы тұрақты бақылауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, жазғы кезеңде табиғи және тұрмыстық өрттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Биылғы өрт қауіпті маусым басталғалы қала аумағында құрғақ шөп пен тұрмыстық қалдықтардың жануына қатысты 53 жағдай тіркелген. Алайда дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде ірі көлемдегі табиғи өрттердің таралуына жол берілмеген. Ең бастысы, осы уақытқа дейін Шымкент қаласының аумағында орман өрті тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, табиғи өрттердің алдын алуда түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруге бағытталған 300-ден астам ақпараттық іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар орманды-дала алқаптарында, саяжай аумақтарында және тұрғындардың демалыс орындарында тұрақты түрде рейдтік жұмыстар жүргізілуде.
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 86 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде заң талаптарын бұзған 19 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мамандардың айтуынша, табиғи өрттердің басым бөлігі азаматтардың салғырттығы салдарынан орын алады. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып қала береді.
Брифинг барысында орман қорын қорғауға бағытталған дайындық шаралары туралы да айтылды. Қала аумағында өрт сөндіру станциясы, бақылау мұнарасы мен арнайы бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді. Сонымен қатар өртке қарсы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар толық әзірлікке келтірілген. Табиғи өрттердің таралу қаупін төмендету мақсатында 586 шақырым минералды жолақтар жыртылып, жауапты мамандар арнайы оқытудан өткен.
Өрт қауіпті кезеңге дайындық аясында мамыр айында республикалық «Өрт-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығу барысында төтенше жағдай туындаған кездегі мемлекеттік органдар мен жедел қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталып, күштер мен құралдардың дайындығы тексерілді.
Сонымен қатар мамандар өрт ошақтарын ерте анықтау, қараусыз жатқан аумақтарды бақылауға алу және рұқсатсыз қоқыс орындарын азайту мәселелері әлі де өзекті болып отырғанын атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Өйткені өрттің алдын алу – тек құтқарушылардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Жалпы, «Қауіпсіз ел» жобасының басты мақсаты да – осындай алдын алу шаралары арқылы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Себебі қауіпсіз қоғам құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерінің ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі мен саналы әрекетінің нәтижесінде қалыптасады. Сондықтан Шымкентте қолға алынған мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.
