
Елімізде құқық бұзушылықтың кез келген түріне бейжай қарамауды көздейтін «нөлдік төзімділік» қағидатының маңызы ерекше. Әл-Фараби аудандық прокуратурасының үйлестіруімен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Тазалық сақшыларымен» бірлескен рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Шарада қала аумағындағы есірткі жарнамаларын анықтап, жою, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту басты назарда болды. Есірткі жарнамалары мен заңсыз жазбалар қоғам үшін үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Әсіресе жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына ықпал ететін мұндай әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қою – құқық қорғау органдары мен қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан да рейд барысында анықталған әрбір заңбұзушылыққа жедел әрекет ету, оған немқұрайлы қарамау «нөлдік төзімділік» қағидатының нақты көрінісі болып табылады.
Жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысып жүрген «Тазалық сақшылары» 113 құқық бұзушылық туралы хабарлама берген. Оның ішінде 69 хабарлама 109 iKomek жүйесіне тіркеліп, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 24 әкімшілік хаттама толтырылып, бір қылмыстық іс тіркелген. Бұл көрсеткіштер қоғамдық бақылаудың тиімділігін және азаматтардың құқықтық жауапкершілігінің артып келе жатқанын аңғартады. Себебі құқық бұзушылыққа көз жұма қарамау, заңсыз әрекеттер туралы уақтылы хабарлау және қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарттарының бірі.
Іс-шара аясында аталған бағыттағы жұмыстарға ерекше белсенділік танытқан үздік «Тазалық сақшыларымен» кездесу өткізіліп, олардың еңбегі алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – қоғам игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың жұмысына берілген лайықты баға.
Бүгінде «нөлдік төзімділік» қағидаты тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ұстанымына айналуы тиіс. Өйткені заң бұзушылықтың ұсақ-түйегі болмайды. Әрбір азамат қоғамдық тәртіп пен тазалыққа жауапкершілікпен қарағанда ғана қауіпсіз, таза әрі мәдениетті қоғам қалыптасады.
