
Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылы қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналып отыр.
Жуырда Шымкент қаласы Полиция департаментінің анықтау басқармасы «Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерін тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу» тақырыбында кеңейтілген жұмыс кездесуін өткізді. Басқосуға прокуратура, білім басқармасы, полиция қызметкерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, тасымалдаушы ұйымдардың өкілдері мен жүргізушілер қатысты.
Кездесуде балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Өйткені бала қауіпсіздігі – қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс аса маңызды мәселе. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде балалардың түрлі іс-шараларға, демалыс орындарына және экскурсияларға жиі қатысатынын ескерсек, оларды тасымалдау барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ерекше маңызға ие.
Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдатарлық деректерді жариялады. Биылғы жылдың алғашқы бес айында кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 43,2 пайызға өсіп, 81 жағдайдан 116 жағдайға жеткен. Мамандардың айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтардың басым бөлігі түнгі уақытта орын алған. Осыған байланысты ата-аналарға балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың қайда жүргенін және кімдермен араласатынын бақылауға, қауіпсіздік талаптарын үнемі түсіндіріп отыруға ерекше назар аудару қажеттігі ескертілді. Себебі бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ең алдымен отбасының жауапкершілігі.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Қаратау ауданында да жалғасын тапты. Аудан прокуратурасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық рейд ұйымдастырылып, қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық мекемелері және азаматтар көп шоғырланатын өзге де нысандар тексерілді.
Рейд барысында тұрғындарға заң талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз пайдаланылған кальян өнімдері тәркіленді. Бұдан бөлек, түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, олардың ата-аналарына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылды.
Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Өйткені заң үстемдік құрған, тәртіп салтанат құрған қоғамда ғана тұрақтылық пен даму орнығады. Ал қауіпсіз орта қалыптастыру – мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті.
