Шымкенттің құқықтық ахуалы қоғамдық кеңесте сараланды

Қысқаша

Шымкенттің құқықтық ахуалы қоғамдық кеңесте сараланды

Screenshot_8.jpg

Қоғамдық кеңес – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын маңызды институттардың бірі. Яғни билік пен халық арасындағы дәнекер. Соның арқасында талай мәселе өз шешімін тауып жатыр. Жақында Шымкент қаласында Бұқарбай Пармановтың жетекшілігімен өткен кезекті қоғамдық кеңес отырысында қоғамдық-саяси ахуал, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары кеңінен талқыланды. Жиында құқық қорғау органдары мен салалық басқармалардың атқарған жұмыстары сараланып, өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – қаладағы қылмыстық ахуал мен қоғамдық қауіпсіздік жағдайы болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов 2026 жылдың алғашқы бес айындағы көрсеткіштерге тоқталып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.

– Бүгінде қаладағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жүйелі профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде қылмыстың бірқатар түрлері бойынша төмендеу динамикасы қалыптасқан. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 20 пайызға азайған. Мас күйінде жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың көрсеткіші де айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың азаюы қоғамдағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін көрсетеді, - дейді Ұлықбек Мылтықов.

Сонымен қатар топтасып жасалған қылмыстар мен қайталама құқық бұзушылықтар саны да қысқарған. Бұрын сотты болған азаматтардың қатысуымен тіркелген қылмыстар көрсеткіші де едәуір төмендеген. Бұл құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмыстарының тиімділігін аңғартады.

Дегенмен қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың өсуі құқық қорғау органдарын алаңдатып отыр. Ұлықбек Мылтықов бұл жағдайды ең алдымен қала халқы санының қарқынды өсуімен байланыстырды. Соңғы жылдары Шымкент тұрғындарының саны миллионнан асып, жаңа шағынаудандардың бой көтеруі мен көші-қон үдерісінің күшеюі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосымша жүктеме түсіріп отырғанын атап өтті.

Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, Шымкентте кең көлемде жүзеге асырылып жатқан  «Заң мен тәртіп» жобасы азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға қызмет етеді. Қоғамда заңның үстемдігі орныққан кезде адамдар өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болады. Ал бұл тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің берік негізін қалыптастырады. Бұл жоба қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам. Заңға құрмет пен тәртіпке бағыну мәдениеті қалыптасқан жерде тұрақтылық та, даму да болады. Сондықтан бұл бастаманың қоғам өміріндегі маңызы зор және оның нәтижесі еліміздің болашағына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Бүгінде Шымкент ірі мегаполис ретінде тек өз тұрғындарына ғана емес, көршілес өңірлерден күн сайын келіп-кететін мыңдаған азаматтарға қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылатын күштер мен құралдарды ұлғайтуды талап етеді.

Осыған байланысты полиция департаменті қылмыс жиі тіркелетін аумақтарды тұрақты түрде талдап, патрульдік қызметтің бағыттарын қайта қарастыруда. Нәтижесінде жаяу патрульдердің саны едәуір арттырылған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге полиция қызметкерлерімен қатар Ұлттық ұлан сарбаздары да тартылып отыр. Бұның бәрі – қала қауіпсіздігі үшін. «Қауіпсіз қала» жобасы қоғамдық орындарда, көшелерде және тұрғын үй аумақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді назарда ұстайды. Жоба аясында бейнебақылау камералары орнатылып, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды жедел ашуға және төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, тұрғындардың өз жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан жоба халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және азаматтардың белсенділігін күшейтуге ықпал етеді. Заңды құрметтейтін және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтар көбейген сайын қаладағы қауіпсіздік деңгейі де жоғарылай түседі.

Баяндамашы қоғамдық орындарда тіркелетін құқық бұзушылықтардың басым бөлігі полиция нарядтары тұрақты қамтымайтын нысандар мен ойын-сауық орындарының маңында орын алатынын жеткізді. Сонымен бірге полиция жүйесіндегі кадр тапшылығы мәселесі де көтерілді. Қала аумағының кеңеюі мен халық санының өсуіне қарамастан, патрульдік қызметтің штаттық мүмкіндігі қазіргі қажеттілікті толық өтей алмай отырғаны айтылды.

Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде сондай-ақ қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мен Құрылыс басқармасының есептері тыңдалды. Басқарма басшылары ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар, ветеринариялық қауіпсіздік шаралары, құрылыс нысандарының сапасы және қаланың инфрақұрылымдық дамуы жөнінде баяндады.

Кеңес мүшелері тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелерге ерекше назар аударды. Әсіресе тұрғын алаптардағы инфрақұрылым сапасы, заңсыз құрылыс нысандары, ветеринариялық бақылау жүйесінің тиімділігі және санитарлық тазалық мәселелері жан-жақты талқыланды. Сала басшылары көтерілген сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде мәлімет ұсынды.

Жиын қорытындысында Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, инфрақұрылым сапасын арттыру және тұрғындардың өмір сүру қолайлылығын жақсарту бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді. Кеңесте көтерілген мәселелер мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдардың алдағы жұмысына негіз болмақ.