
Биыл оқу жылының аяқталуына орай және Халықаралық балаларды қорғау күні мен Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Шымкент қаласында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған профилактикалық кездесулер ұйымдастырылды. Шымкент қалалық полиция департаменті өкілдерінің бастамасымен өткен іс-шараларға білім беру ұйымдарының студенттері, сала мамандары мен мүдделі мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Аталған кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және оларды спортпен шұғылдануға ынталандыру. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру қоғамдағы көптеген келеңсіз құбылыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Кезекті кездесу қалалық Политехникалық колледжде өтті. Жиын барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері студенттерге есірткі құралдарының адам денсаулығына тигізетін зияны, оның әлеуметтік және құқықтық салдары туралы жан-жақты мағлұмат берді. Сондай-ақ есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін қарастырылған жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Кездесуде мамандар есірткіге тәуелділіктің жеке адамның өміріне ғана емес, тұтас қоғамға қауіп төндіретінін атап өтті. Олар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, білім алуға, спортпен айналысуға және өмірлік мақсаттарына адал болуға шақырды.
Сонымен қатар қатысушыларға заңды білу мен құқықтық сауаттылықтың маңызы түсіндірілді. Өз тәжірибелерімен бөліскен мамандар құқықтық білім адамның өзін ғана емес, жақындарын да түрлі қауіп-қатерден қорғауға көмектесетінін жеткізді.
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесудің соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Осындай тағылымды кездесулер жастардың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіріп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Политехникалық колледжде бұған дейін «Заң мен тәртіп» аясында бірнеше кездесу өтті. Өткен апталарда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеевтің жетекшілігімен І және ІІ курс студенттеріне арналған «Аддиктивті мінез-құлық: психобелсенді заттарды қолдану» тақырыбында танымдық сабақ өткізілген болатын. Сабақ барысында қатысушыларға тәуелділік ұғымының мәні мен оның пайда болу себептері түсіндіріліп, зиянды әдеттердің денсаулыққа, психологиялық ахуалға және әлеуметтік ортаға тигізетін зардаптары жан-жақты баяндалды. Интерактивті тапсырмалар мен рөлдік ойындар арқылы студенттер түрлі өмірлік жағдайларды талдап, саналы таңдау жасаудың маңызын саралады.
– Психобелсенді заттар адамның денсаулығына ғана емес, оның арманына, болашағына, отбасына және қоғамдағы орнына да үлкен зиян келтіреді. Олар адамның ойлау қабілетін әлсіретіп, ерік-жігерін жояды, дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігін төмендетеді. Соның салдарынан білім алу, мансап құру, өз мақсатына жету сияқты маңызды құндылықтар екінші орынға сырғып кетеді. Сіздер өмірлеріңіздегі ең жарқын кезеңді бастан кешіріп жатырсыздар. Бұл – білім алатын, кәсіби бағытты таңдайтын, үлкен мақсаттарға ұмтылатын уақыт. Сондықтан сіздердің әрбір шешімдеріңіз болашақ тағдырларыңызды айқындайды. Нағыз күш – зиянды ұсынысқа еріп кетуде емес, оған батыл түрде «жоқ» деп айта білуде, - деп Бауыржан Алтеев студенттерге ақыл-кеңесін берді.
Әсіресе «Досыңа не айтасың?» атты тәжірибелік жаттығу студенттердің қызығушылығын арттырды. Бұл тапсырма олардың пікір білдіру, кеңес беру, өз көзқарасын ашық жеткізу және қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Пікірталас барысында жастар тәуелділіктің адам өмірін тығырыққа тірейтін қауіпті құбылыс екенін тереңірек түсінді. Сонымен қатар олар психологиялық қысым мен түрлі манипуляциялардың белгілерін ажыратып, өз ұстанымын қорғау жолдарын меңгерді. Мамандар жастардың бойында зиянды ұсыныстардан батыл бас тарту, өзін-өзі бақылау және жауапкершілікпен әрекет ету дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кездесу соңында студенттермен болашаққа қатысты еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың өмірлік мақсаттары мен таңдаулары жайында әңгіме өрбіді. Жастарға әрбір шешімнің жеке тағдырға әсер ететіні, ал табысты болашақтың негізі бүгінгі дұрыс таңдаудан басталатыны түсіндірілді.
Мұндай тағылымды іс-шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстануына, қоғамдағы жауапкершілігін сезінуіне және берік азаматтық ұстаным қалыптастыруына ықпал етеді.
