
Қоғамның орнықты дамуы мен мемлекеттіліктің нығаюы құқықтық жүйенің сапасына тікелей байланысты. Ал құқықтық жүйенің маңызын халыққа тұрақты түрде түсіндірген аса маңызды. Осы орайда жақында үшінші мегаполисте «Мирас» университетінде жаңа Конституцияны насихаттауға арналған «Құқықтық реформа – ел дамуының берік негізі» тақырыбындағы тағылымды кездесу өтті.
Студент жастар мен профессор-оқытушылар құрамы қатысқан жиында ел өміріндегі маңызды саяси-құқықтық өзгерістер, жаңа Конституцияның мәні мен мазмұны, ондағы басты құндылықтар жан-жақты талқыланды. Басқосуда заң ғылымдарының кандидаты Нұржан Жақсылық Ата заңның жаңа редакциясында ұлттық мүдде мен ұлттық ерекшеліктерге айрықша назар аударылғанын атап өтті. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында қолданыста болған Конституция өз кезеңіндегі тарихи міндетін абыроймен атқарды. Алайда қазіргі жаһандық өзгерістер мен қоғамдық сұраныстар ел дамуының жаңа талаптарына жауап беретін, мемлекеттілікті одан әрі нығайтатын құқықтық негізді қажет етеді.
– Жаңа редакциядағы Конституция ғасырлар бойы ұлттың рухани тірегіне айналған отбасы мен неке институтын қорғауды, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтауды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қамтамасыз етуді нақтылай түседі. Ата заңның кіріспе бөлімінің толықтай жаңартылуы да оның мазмұндық тұрғыдан жаңаша сипат алғанын көрсетеді. Преамбулада Ұлы даланың мыңжылдық тарихына сүйенген мемлекет құру қағидаттары мен елдің стратегиялық мақсаттары айқын көрініс тапқан, – деді Нұржан Нұртазаұлы.
Яғни Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – әділеттілік, теңдік және халық мүддесін қорғау қағидаттарына негізделуі. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Мемлекеттің негізгі мақсаты – әрбір адамның заң алдында тең болуын қамтамасыз ету және оның құқықтарын қорғау. Бұл демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды талаптардың бірі. Жаңа конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге де бағытталған. Билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайту, азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту және қоғамдық бақылауды күшейту көзделген. Мұның барлығы мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Жаңа редакциядағы Конституция ұлттық құндылықтарға да ерекше мән береді. Онда отбасы институтын қорғау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау мәселелері нақты көрініс тапқан. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері мен рухани мұрасына деген құрметтің белгісі.
Сонымен қатар, құжатта еліміздің көпұлтты қоғам ретіндегі ерекшелігі ескеріліп, барлық азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктері қамтамасыз етілген. Ата заңның жаңартылуы Қазақстанның болашақ дамуына жаңа серпін береді. Ол елдегі саяси реформалардың құқықтық негізін қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Заң үстемдігі орныққан қоғамда тұрақтылық пен өркендеу де берік болады.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер мен оқытушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, Конституциялық реформалардың ел болашағына ықпалы жөнінде пікір алмасты. Жастар жаңа Ата заңның қоғамдағы оң өзгерістердің бастауына айналып, құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі орнықтыруға қызмет ететініне сенім білдірді.
Бүгінде жоғары оқу орындарында, мектептерде және жастар ұйымдарында Конституцияны насихаттауға бағытталған кездесулер, дәрістер мен пікірталастардың өткізілуі үлкен маңызға ие. Мұндай тағылымды кездесулердің басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, елдің негізгі заңының мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру. Өйткені Конституция – мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтау – құқықтық мемлекет азаматына тән қасиеттер. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақ елдің өркендеуіне өз үлесін қосуға дайын болады. Конституцияны терең түйсінген жастар қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласады. Олардың бойында отансүйгіштік сезімді күшейтіп, мемлекетке деген сенімі артады. Олар мемлекеттік реформалардың мәнін түсініп, ел тағдырына қатысты мәселелерге бейжай қарамайтын болады. Азаматтық ұстанымы берік, білімді және жауапты жастар – кез келген мемлекеттің ең үлкен байлығы.
