
Шымкент қаласын «Қауіпсіз қалаға» айналдыру, қала аумағында жол жүру мәдениетін арттыру және заңдылықты нығайту мақсатында «Автобус» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған шарада жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі жоғары деңгейде қамтамасыз етілді.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің білікті қызметкерлері шаһар көшелеріндегі қоғамдық көлік жүргізушілерінің қызметін жіті бақылауға алды. Тәртіп сақшылары жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауын, заңда көзделген тиісті құжаттарының болуын, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жай-күйін егжей-тегжейлі тексеруде. Сонымен қатар, жолаушыларды тасымалдау талаптарының орындалуы, атап айтқанда, автобустардың белгіленген бағыт бойынша нақты жүруі мен жылдамдық режимін қатаң сақтауы ерекше назарға алынды. Бүгінгі таңда бақылау шаралары барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті әкімшілік шаралар қабылданып жатыр.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің мәлімдеуінше, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау – жолдағы қауіпсіздіктің, демек, адам өмірінің басты кепілі. Шаһардағы көлік ағынының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек. Полиция департменті қызметкерлерінің айтуынша, жол ережесін сақтау – өзіңнің және өзгелердің өміріне деген жауапкершіліктің белгісі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде де, елімізде де жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім мен жарақат алу көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Осы қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі – жылдамдықты шамадан тыс асыру, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп кету, мас күйінде көлік басқару немесе рөлде отырып ұялы телефонға алаңдау сияқты қарапайым ережелерді елемеуден болады. Жолда жіберілген бір секундтық бейқамдық немесе тәкаппарлық бірнеше адамның тағдырын тас-талқан етуі мүмкін. Сол себепті, рульге отырған әрбір азамат өзін зарыға күтіп отырған отбасы бар екенін, сондай-ақ қарсы алдында келе жатқан өзге жүргізушінің де біреудің қымбаттысы екенін сезінуі тиіс.
Жол – қателікті кешірмейтін қауіпті аймақ. Жол ережесіндегі әрбір белгі, әрбір сызық мыңдаған адамның өмірімен, тәжірибесімен жазылған. Сондықтан жолдағы сақтық пен тәртіпті күнделікті әдетке айналдыруымыз қажет. Жол ережесін бұлжытпай сақтау арқылы әрбір жүргізуші өзінің болашағын қорғайды және қауіпсіз қоғамның іргетасын қалайды.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты Шымкент көшелерінде де берік салтанат құруы тиіс. Осы ретте, қадағалау және құқық қорғау органдары жолаушы тасымалымен айналысатын барлық кәсіпкерлік субъектілері мен жүргізушілерді заң талаптарына бағынуға, ал тұрғындарды жолда барынша сақ болуға шақырады. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Ал жол ережесі – өмір ережесі.
