
Өткен аптада Шымкент қаласында құқықтық тәртіпті нығайту және есірткі қылмысының алдын алу мақсатында «Есірткіге жол жоқ» атты ауқымды ақпараттық-профилактикалық акциясы ұйымдастырылды.
Бұл шарада қала аумағында есірткі заттарын насихаттайтын немесе оның жарнамалары бейнеленген түрлі заттарды, киім-кешектер мен бұйымдарды саудаламау бойынша кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған маңызды іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ердәулет Садықов және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің білікті мамандары мен еріктілері қатысты. Мұндай бірлескен жұмыс форматы құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам өкілдерінің ортақ дертке қарсы жұмыла қимылдауының айқын көрінісі іспетті.
Рейдтік және түсіндіру шаралары барысында сауда нүктелерінің иелеріне, кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына есірткі өнімдерінің заңсыз айналымы, оны кез келген үлгіде (граффити-жазулар, киімдегі таңбалар, интернет-дүкендердің сілтемелері) жарнамалаудың құқықтық салдары мен заңнамада көзделген қатаң жауапкершілік мәселелері жіті түсіндірілді. Акция барысында полиция майоры Ердәулет Пардахожаұлы есірткінің қоғамға, әсіресе жастар арасына тигізер зияны мен қасіреті орасан зор екенін атап өтті.
– Мектеп қабырғасында немесе көшеде достарының арасында электронды темекіні мақтаныш көретіндер кездеседі. Бүгін вейптің қызығына ерген жас ертең бұдан да күштірек, қауіптірек нәрсені іздей бастайды. Ал енді есірткі – ешкімді аямайтын, артына тек өкініш пен көз жасын қалдыратын тажал. Қазіргі заманның есірткісі бұрынғыдай емес, ол синтетикалық түрге ауысты. Бір-ақ рет қолдану – адамды өмір бойына мүгедек етуге немесе ақыл-есінен айыруға жеткілікті. Ал есірткіні курьер ретінде тасымалдау, сату – үлкен қылмыс. Есірткі қылмысы үшін жаза өте ауыр – 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жастар болашағына, армандарына, ата-ананың үмітіне балта шаппау керек
Егер біреу сіздерге «мынаны шегіп көр, демаласың, батыл боласың» десе, одан бірден бас тартыңыздар. Жоқ деп айта білу – әлсіздік емес, ол – нағыз күштің, ішкі мәдениет пен тұлғалық мінездің белгісі. Темекі мен есірткі сізді заманауи немесе беделді қылмайды. Біліміңіз, спорттағы жетістігіңіз, өнеріңіз және қоғамға тигізген пайдаңыз ғана биікке шығарады. Мемлекет басшысы айтқан «Заң мен Тәртіп» қағидасы ең алдымен өз өміріңізге, өз денсаулығыңызға деген тәртіптен басталады. Өздеріңізді, болашақтарыңызды сақтаңыздар. Еліміздің тірегі болар саналы, салауатты азамат болып өсіңіздер, – деді полиция майоры жастарға.
Сауда орындарында есірткі таңбалары бар өнімдердің сатылуына жол бермеу – заңсыздықтың тамырына ерте бастан балта шабумен тең. Сондай-ақ, шара ұйымдастырушылары жастардың бос уақытын тиімді өткізуі, спортпен шұғылдануы және салауатты өмір салтын қалыптастыруы мемлекеттің басты басымдығы екенін халыққа жеткізді.
Қорыта айтқанда, Шымкентте өткен «Есірткіге жол жоқ» акциясы – қала тұрғындарының құқықтық мәдениетін көтеруге және есірткі дертіне қарсы «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам. Заң мен тәртіп салтанат құрған мегаполисте есірткі жарнамасына ешқандай орын жоқ және бұл бағыттағы қатаң бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
