
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде заң үстемдігін нығайтып, қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастыру мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Өңірлер мен қалаларда Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» жобасы осы бағыттағы маңызды бастамалардың біріне айналды. Аталған жоба аясында еліміздің білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тағылымды кездесулер мен тәрбиелік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
«Заң мен тәртіп» - оқушының құқықтық сауатын арттырады
Осындай мазмұнды шаралардың бірі күні кеше Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның қабырғасында өтті. Мұнда «Заң мен тәртіп» жобасы аясында 7-сынып оқушыларымен «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында маңызды сабақ ұйымдастырылды. Кездесуді маман Алайдар Зейнабилов жүргізіп, жасөспірімдерге құқықтық тәрбие мен қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызы жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Сабақ барысында оқушыларға зорлық-зомбылықтың түрлері, оның қоғамға тигізетін кері әсері, психологиялық қысымның белгілері және мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары кеңінен баяндалды. Кәмелетке толмағандардың құқықтары, олардың заң алдындағы жауапкершілігі мен қауіпсіз ортада өмір сүру құқығы жөнінде нақты мәліметтер айтылды. Кездесу барысында оқушылар өз ойларын ашық айтып, түрлі өмірлік жағдаяттарды талқылауға белсенді қатысты. Еркін пікір алмасу алаңы жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың бойында әділдікке, жауапкершілікке және өзгеге құрметпен қарау секілді адами құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етті. Әсіресе мектеп қабырғасындағы буллинг пен психологиялық қысымның алдын алу мәселесі кеңінен қозғалып, білім алушыларға бір-біріне жанашырлық танытудың маңызы түсіндірілді.
Бүгінде қоғамда балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі аса өзекті. Себебі өскелең ұрпақтың саналы әрі тәрбиелі болып қалыптасуы – мемлекеттің болашағына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан білім беру ұйымдарында ұйымдастырылатын мұндай тағылымды кездесулердің маңызы зор. Бұл – тек құқықтық түсіндіру жұмысы ғана емес, жас буынның бойына адамгершілік пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге бағытталған тәрбиелік бастама. Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өз құқығы мен өзгенің құқығын сыйлау секілді ұстанымдар бала санасына ерте жастан орнығуы қажет. Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың қауіпсіз қоғамның белсенді мүшесі болып қалыптасуына жол ашып отыр.
Мұндай іс-шара тек Т.Тәжібаев мектебінде емес, басқа да мектептерде жалғасын тапты. №58 жалпы орта білім беретін мектебі қабырғасында 7–8 сынып оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында тәрбиелік мәні зор кездесу ұйымдастырылды. Бұл сабақты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық Ардагерлер кеңесінің Шымкент қаласы бойынша филиал төрағасы, қаржы полициясының полковнигі Серік Бейсалиев жүргізді. Кездесу барысында маман оқушыларға зорлық-зомбылықтың түрлері, оның қоғамға және жеке тұлғаға тигізетін зардаптары, сондай-ақ заң алдындағы жауапкершілік туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Сабақ барысында жасөспірімдер түрлі өмірлік жағдайлар төңірегінде пікір алмасып, құқықтық мәдениеттің маңызы жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Еркін форматта өткен кездесу оқушылардың құқықтық танымын кеңейтіп, олардың қоғамдағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етті. Мұндай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар жас ұрпақтың бойында заңға құрметпен қарау, тәртіпті сақтау және өзгенің құқығын сыйлау секілді маңызды қасиеттерді қалыптастыруда айрықша рөл атқарады.
Прокурор сабағы
Мұндай іс-шараларға барлық құзырлы органдардың өкілдері белсенді қатысуда. Мысалы прокурор – мемлекет атынан заңның орындалуын бақылайтын жауапты тұлға. Ол қандай да бір заңбұзушылық орын алған жағдайда әділ шешім қабылдануына ықпал етеді. Прокурордың жұмысы тек қылмыскерді жазалау ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырумен де тығыз байланысты. Өткен аптада Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектебінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында 9-сынып оқушыларына арналған «Балалардың құқықтары мен міндеттері» тақырыбында ұйымдастырылған кездесуге Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Самал Кенжебаева жүргізді. Кездесуде оқушыларға өз құқықтарын білуімен қатар, қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігін сезіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру түсіндірілді. Самал Абдулжанқызы дайындаған арнайы кейстер, ситуациялық тапсырмалар мен тест сұрақтары оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың құқықтық сауатын тереңдетуге мүмкіндік берді. Білім алушылар қойылған сұрақтарға белсенді қатысып, өз ойларын еркін жеткізуге тырысты. Әсіресе өмірлік мысалдар арқылы берілген тапсырмалар оқушылардың құқық пен міндет ұғымдарын жан-жақты түсінуіне ықпал етті. Кездесу барысында оқытушы мен оқушылар арасында ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнап, еркін пікір алмасу алаңы қалыптасты. Мұндай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық санасын нығайтып, олардың елжанды, жауапты әрі заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуына оң әсер етеді.
Ал Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 7-сынып оқушыларымен прокурор сабағы ұйымдастырылды. Бұл сабақты прокурор С.Хожаев жүргізіп, оқушылармен ашық әрі еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырды. Ол оқушыларға зорлық-зомбылықтың түрлері, оның психологиялық және әлеуметтік салдары, сондай-ақ мұндай келеңсіз әрекеттердің алдын алу жолдарын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар оқушыларға заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу және қоғамдағы жауапкершілікті сезіну мәселелері жан-жақты айтылды. Жоспарға сәйкес өткен іс-шарада жасөспірімдердің бойында өзара сыйластық, адамгершілік және тәртіпке бағыну құндылықтарын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Мұндай құқықтық-тәрбиелік кездесулер оқушылардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етіп, қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Бүгінде прокурорлар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Мектептер мен колледждерде өткізілетін кездесулер, дәрістер мен түсіндіру сабақтары – соның айқын дәлелі. Мұндай іс-шараларда жасөспірімдерге заңды құрметтеу, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері түсіндіріледі. Бұл – болашақта құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Өзекті мәселе төңірегінде пікір алмасты
Колледж студентерімен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Өйткені мектептен соң колледжге оқуға түскен жастар әрмен қарай не істерлерін білмей, өздерін жоғалтып алады. Дәл осы шақта олар түрлі қылмысқа бой алдырып жатады. Осындайды болдырмау мақсатында М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында буллинг тақырыбында құқықтық сабақ өтті. Жиынға колледждің 1–2 курс студенттері қатысып, өзекті мәселе төңірегінде кеңінен пікір алмасты. Сабақты тәлімгер Ұлан Тағаев жүргізді. Кездесу барысында жастар арасында жиі кездесетін буллингтің себептері мен салдары жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе психологиялық қысым көрсету, қорқыту, мазақ ету секілді әрекеттердің адам өміріне тигізетін кері әсері нақты мысалдар арқылы айтылды. Білім алушыларға қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастырудың маңызы түсіндіріліп, кез келген жағдайда заң талаптарын сақтау қажеттігі ерекше атап өтілді. Студенттерге жәбірленуші, куәгер және қорғаушы ретіндегі әрекет ету жолдары жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Тәлімгер жастарды қандай да бір құқық бұзушылыққа бейжай қарамауға, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуге шақырды. Бұдан бөлек, агрессиядан бас тарту, өзара құрмет таныту, эмпатия мен адамгершілік құндылықтарын дамыту мәселелері де кеңінен қозғалды. Мамандардың айтуынша, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда осындай профилактикалық кездесулердің маңызы зор. Себебі колледж қабырғасында жүрген жасөспірімдер өмірлік көзқарасы қалыптасып келе жатқан кезеңде болады. Дәл осы уақытта құқықтық тәрбие беру, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын ұғындыру – қылмыстың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі. Соңғы жылдары жастар арасында буллинг, кибербуллинг, топтық жанжалдар секілді келеңсіз құбылыстардың жиі көрініс табуы қоғамды алаңдатып отыр. Сондықтан білім беру ұйымдарында құқықтық бағыттағы сабақтарды тұрақты өткізу арқылы студенттердің құқықтық мәдениетін арттыру – уақыт талабы. Бұл өз кезегінде жастар арасындағы қылмыс деңгейін төмендетуге, олардың қоғамдағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай тәрбиелік маңызы зор кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарының орнығуына өз үлесін қоса бермек.
