
Жақында Шымкент қаласы, Тұран ауданының прокуратурасының ұйымдастыруымен «Айқын нәтиже» жобасы аясында кезекті кездесу өтті. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Отырар мөлтек ауданының тұрғындары қатысты. Ашық диалог алаңы ретінде өткен кездесуде тұрғындарға құқық қорғау органдарының жұмыс бағыттары түсіндіріліп, өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында прокуратура өкілдері соңғы уақытта қоғамда интернет-алаяқтық, ұрлық, есірткі айналымы және кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың жиілеп отырғанын атап өтті. Бұл бағыттағы қылмыстардың алдын алу үшін азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен сақтық мәдениеті ерекше рөл атқаратыны айтылды. Тұрғындарға алаяқтардың қолданатын жаңа тәсілдері туралы кеңінен ақпарат берілді. Атап айтқанда, бейтаныс нөмірлерден келетін күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу секілді қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Қазіргі цифрлық кеңістікте мұндай сақтық шаралары азаматтардың қаржылық және жеке қауіпсіздігін қорғаудың негізгі тетігі екені атап өтілді.
Құқықтық түсіндіру жұмыстары барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа 125-1 және 232-1-баптарының мазмұны жан-жақты талқыланды. Аталған нормаларда көзделген құқық бұзушылық түрлері мен олар үшін қарастырылған жауаптылық шаралары бойынша тұрғындарға нақты түсініктемелер берілді. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және жаңа сипаттағы қылмыстардың алдын алу екені айтылды.
Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын еркін қойып, прокуратура өкілдерінен заңнама талаптары бойынша толыққанды жауаптар алды. Мұндай диалог халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді. Аудан прокуратурасы алдағы уақытта да заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
