Түркістанда халықаралық журналистер форумы өтті

Қысқаша

Түркістанда халықаралық журналистер форумы өтті

19.jpg

Бүгін Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумы өтті. Оған Түркия, Қырғызстан,  Әзірбайжан және Татарстан елдерінің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері, Түркістан облысындағы БАҚ басшылары мен өкілдері ғалымдар және  студенттер  қатысты. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Форумның мақсаты – Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің БАҚ-да тарату және өзге мемлекеттерімен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру болды. 

Форумның ашылуында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту, Түркістанды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететінін айтты.  

– Мемлекет басшысы Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Туризмді дамытуда ақпараттық маңызы зор. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр, – деді Ж.Қансейітұлы.

Форумға түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ. 

Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанға белгілі журналистер мен шетелдік БАҚ өкілдері осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Басқосуда  қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері журналистиканы дамыту, Түркістанды гүлдендіру бағытындағы пікірлері мен ойларын айтты.

Форумға қатысушылар журналистика саласындағы соңғы жаңалықтарға тоқталып, жаңа ақпарат кеңістігінде Түркістанның журналистикасы заман көшінен қалмайтынына сенім білдірді.