Инвестордың құқығы қорғалды

Қысқаша

Инвестордың құқығы қорғалды

Шымкент қаласында кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, олардың қызметіне негізсіз кедергі келтіретін әрекеттердің жолын кесу бағытында прокурорлық қадағалау шаралары жүргізілуде. 

Screenshot_7.png

Қала прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің инвестордың қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтады.

Прокурорлық тексеру барысында «White Fellow-Deer» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы әкімшілік актінің заң талаптарына сәйкес уақтылы жойылмағаны белгілі болды. Іс материалдарына сәйкес, компания корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша салық есептілігін ұсынып, мемлекеттік кірістер органының хабарламасында көрсетілген талаптарды орындаған. Осыдан кейін шоттардағы шығыс операцияларын тоқтатуға негіз болған мән-жайлар жойылған.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 86-бабының 7-тармағында мұндай жағдайда әкімшілік актіні шығарған салық органы оның күшін себептер жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жоюға міндетті екені көзделген. Алайда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті инвестордың шоттарындағы операцияларды бір жұмыс күні ішінде қалпына келтірудің орнына, тиісті әкімшілік актінің күшін төрт айдан кейін ғана жойған. Мұндай кідіріс кәсіпкерлік қызметке елеулі кедергі келтіруі мүмкін. Банк шоттарындағы операциялар тоқтатылған кезде кәсіпорынның қаржылық міндеттемелерін орындауы, серіктестерімен есеп айырысуы және күнделікті жұмысын жүргізуі қиындайды. Сондықтан мемлекеттік органдардың шешімдері заң талаптарына сай әрі уақтылы орындалуы қажет.

Аталған дерек бойынша кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 216 250 теңге айыппұл салынған. Бұдан бөлек, инвесторлардың банк шоттарына қойылған шектеулерді уақытында алып тастамаған тағы үш салық органының қызметкері де әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Бұл жағдай мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етудің маңызын көрсетеді. Инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тек экономикалық саясаттың міндеті емес, сонымен қатар әділеттілік пен заң үстемдігін орнықтырудың маңызды шарты. Кәсіпкер өз қызметін заң аясында жүргізген жағдайда мемлекеттік органдар да өз өкілеттігін белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.

Шымкентте құқықтық сананы арттыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру жұмыстары аясында әрбір мемлекеттік қызметшінің заң алдындағы жауапкершілігін күшейту маңызды. Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясаты заң талаптарын бұзған кез келген тұлғаға, оның лауазымы мен мәртебесіне қарамастан, бірдей талап қойылуын білдіреді.

Сонымен бірге мұндай шаралар қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Заңсыз әкімшілік араласудың алдын алу, кәсіпкерлердің өтініштеріне уақытылы жауап беру және мемлекеттік шешімдердің негізділігін қамтамасыз ету – қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі.

Прокуратура инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, олардың қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтау және осындай кедергілердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.